Аймақтар • 25 Шілде, 2019

Түлкібас кәсіпкерлері жақсылық жасаудан жарысып жатыр

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан біраз бұрын Түркістан облысында «Туған жерді түлету» ұранымен басталған бастама өңірдің елді мекендерінде оң жалғасын табуда. Осылайша, ауыл – ұлттың ұйытқысы, ауылдың жағдайын көтеру елдің еңсесін тіктеу деп түсінген атымтай жомарт азаматтар туған жеріне үлес қосуды азаматтық борыш санап келеді.

Түлкібас кәсіпкерлері жақсылық жасаудан жарысып жатыр

Бүгінде Түлкібастағы кәсіпкерлер жақсылық жасаудан жарысқа түсіп жатқандай. Міне, сондай ізгілікті істі темір жол бойында орналасқан Түлкібас кенті мен табиғаты көз тартар Иірсу ауылының тұрғындары бастап отыр.

Үнемі айналасына жақсылық жасауды әдетке айналдырған көп балалы кәсіпкер ана Айымкүл Маткаримова өз отбасы атынан кент орталығына 2 млн теңге қаржыға заманауи үлгідегі аялдама салып берді. Осылайша, ол жаздың аптап ыстығы мен қыстың қақаған суығында қоғамдық көлік күткен тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасап отыр.

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Басқа аймақтарға көшіп кетсе де, туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек», деген еді.

Анығында, кез келген ауылдың келбетіне қарап, сол аймақтан шыққан азаматтардың қандай екенін аңғаруға болады. Ауылы жайнап тұрса, демек кіндік кескен жеріне бүйрегі бұрар игі жақсылар көп деген сөз.

Түлкібас ауданы, Иірсу ауылының тумалары да сондай елге қамқор жандар. Ертеректе ауылдан аудан орталығына көшіп кеткен жеке кәсіпкер Әбілхан Дауылбаев та ауылдастарына жақсылық жасауды жөн санапты. Ауыл көшелеріне 9 млн теңгеге соңғы үлгідегі 64 дана шамдар мен 64 дана жаңа темір-бетонды электр бағаналарын орнатқызып, СИП сымын тартып беріпті.

Бүгінде түні күндізгідей ауылдың жасынан жасамысына дейін Әбілханның игілікті ісін сүйінішпен айтып жүр.

 

Түркістан облысы