Аймақтар • 25 Шілде, 2019

Tасада тұрып тас атқандар

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлеуметтік желіде сапасыз тағам түрлері туралы бейнетас­палар жиі көрсетіледі. Оған қарасаңыз, елдің шырын деп ішіп жүргені шырын емес, күріш деп жүргені күріш емес, ал консервіленген өнімдер туралы айтпай-ақ қойыңыз. Жұрт сенеді. Сол өнімдерден алты шақырым алыс жүруге тырысады.

Tасада тұрып тас атқандар

Бірақ жұрттың сенімін пайдаланып бәсекеге қабілетті кәсіпорын өнімдерін де сапасыз деп күстәналаушылар, тасада тұрып тас атушылар көбейіп бара жатқанын айту керек. Соның бірі – өзімізде ғана емес, халықаралық нарықтағы өз орнын тапқан, күріш өсіріп, ақтаушы «Байдала» серіктестігі.

Жақында әлеуметтік желі­лерде «қызылордалық «Байдала» серіктестігінің күріші сапасыз» деген сарында бейнеролик тарады. Осы хабардан кейін «Бай­даланың» басшысы көмек сұрап, Кәсіпкерлер палатасына өтініш түсірген еді. Мәселені зерттеген палата қызметкерлері сала мамандарының басын қосып, баспасөз мәслихатын өткізді.

Жиында Кәсіпкерлер палатасы директорының агроөнер­кә­сіптік кешен мәселелері бойынша орынбасары Пірмұ­хаммед Сыздықов: «Нақты зерделеу жұмыстары жүргізілмей тара­тылған ақпараттың салдарынан кәсіпкер шығынға ұшырап отыр. Кәсіпкер палатадан көмек сұра­ды. Қазір заңгерлеріміз құ­қық­тық қолдау көрсетуде», деді.

«Байдала» ЖШС директо­рының орынбасары Азамат Бай­далиев компанияның бүгінде облысқа қарасты Шиелі, Сырда­рия, Жалағаш аудандарында күріш егіп, оны өз зауыттарында ақтайтындықтарын айтты. Бүгінде «Байдаланың» зауытында тұрақты 80 адам жұмыс істесе, егіндіктерде маусымдық жұмыстарға 2 мыңға жуық адам тартылған. Өнімдерін Тәжікстан, Украина, Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан және өзге де елдерге экспортқа шығаруда.

Қызылорда облысында өн­дірілетін күріштің сапасына қатысты «Қазақстан аграрлық са­раптамасы» АҚ Қызылорда фи­лиа­лының басшысы Мейрам­бек Серікбай да пікірін білдірді.

«Біздің облыста зауытта өн­дірілетін және экспортқа шыға­рылатын күріштер үш тексеруден өтеді. Олар сәйкестік сертификаты, карантиндік сертификаты және сапа сертификаты. Сапа сертификатынан өту үшін зауыттан шыққан күріш өнімдерінің сынамасы алынып, тексеруден өткізіледі. Қаптың мойнындағы түпнұсқасында шыққан мерзімі жазылып тұрады. Бейнероликті түсірген азаматтар күріштің сапасыз екенін шын мәнінде дәлелдегісі келсе, күріш қабын көрсетуі қажет еді. Тұ­тынушыларға айтарымыз, қал­­тадан келген, тарелкадағы шы­ғу тегі белгісіз күріштерге сенбеңіздер. Облыс диқандары рес­пуб­ликадағы күріштің 80 па­йызын өндіреді. Біздің өңірде өн­дірілетін күріштердің бұрын 20-30 пайызы ғана шетелге шығатын болса, қазір 70 пайызы экспортқа шығарылады. Сондықтан да өңір күріші туралы жалған ақпарат тарату қисынсыз тірлік. «Байдаланың» күріші сапалы, тұтынушылардан жоғары бағасын алып жүрген, экспортта сұранысқа ие өнім», деді.

П.Сыздықов осындай келең­сіздіктермен ұдайы күрес жүргі­зілетіндігін айтты.

Ал сапалы өнімді сапасыз деп кәсіпорынның беделін түсірмек болғандар заң аясында жазасын алады.

 

Қызылорда облысы