Болжамды тәуекелді ескертті
Үнемділік – өмір сапасының кепілі
Алайда, негізгі мәселе жер бетіндегі адамның санында емес, тіршілік иесіне қажетті барлық қорларды тұтыну деңгейі мен оның ауқымында жатса керек. Мұндай тезисті Лондон халықаралық институтының бір топ ғалымдары жасады. Осыдан он мың жыл бұрын дүние жүзі халқының саны миллионның айналасында болса, қазір бұл көрсеткіш – 7, 7 млрд адамды құрап отыр. Тұрғындардың тығыз қоныстануы соңғы он жылда қарқын ала бастады. Жыл сайын жұмыр планетадағы тұрғындар 80-90 млн адамға көбейіп жатыр. Қызығы сол, өсу динамикасы кедей мемлекеттерде байқалуда. Ал дамыған Еуропа елдерінде керісінше қарттардың қатары қалың. Мәселен, Африка құрлығында жасы 25-ке жетпегендердің үлесі – 60%. Кәрі құрлықта бұл көрсеткіш – 27%. Британдық ғалымдар келесі екі онжылдықта демографиялық серпін, күнкөрісі орташа және төмен мемлекеттердің мегаполистерінде орын алатынын мәлім етті.
Мамандар, көміртегі диоксиді мен парник газдарының шығарындылары қалалардағы тұтыну көлемін анықтауға мүмкіндік беретінін айтады. Экологтардың мәліметінше, бақуатты елдер кедей мемлекеттерге қарағанда қоршаған ортаға әжептәуір залал келтіріп жүр. Тек кейбір ірі мегаполистерде ғана жағдай көңіл көншітерліктей. Оның ішінде Данияның астанасы Копенгагенді ерекше атауға болады. Бұл шаһарда өмір сүру сапасы және табыс көлемі жоғары болғанымен зиянды шығарындылардың индикаторы қалыпты деңгейде. Сарапшылар, бай-бағландар мен кедей-кепшіктердің тұрмыс салтындағы алшақтықты бағалай келе соңғылардың парник газдарының көбеюіне әсері жоқ деген түйінге келген. Өйткені кіріс төмендігінен тиісінше тұтыну мөлшері де соған пара-пар келеді дейді экономистер.
Адамдардың саны 11 млрд-қа жетісімен Жердегі ресурстарға айтарлықтай салмақ түспеуі де мүмкін. Алайда әлем бір орында тұрмайтынын ескерсек, уақыт өте келе табысы төмен шаһарларда көмірқышқыл газының шығарындылары өсуінің қаупі бар.
Ірі шаһарлардың саны артады
БҰҰ-ның болжамына сенсек, алдағы уақытта урбанизация үрдісі бұдан бетер қарқынды өрбитін көрінеді. 2050 жылы әлем халқының үштен екісі үлкен қалаларда өмір сүруі ықтимал. Бұл үрдіс әсіресе Қытай мен Үндістанда анық байқалмақ. Халықаралық ұйымның ақпараты бойынша, былтыр 300 млн-ға жуық адам күнкөрістің қамымен атамекенді тастауға мәжбүр болған. Тіпті сыртқы миграция арқылы демографиялық ахуалын жақсартқан елдер де жоқ емес. Атап айтқанда, Таяу Шығыс пен Африкадан ағылған халықтың есебінен Еуропа мемлекеттері ұпайларын түгендеп алды. Себебі жоғарыда көрсеткеніміздей Кәрі құрлықта жастардың үлесі 30 пайызға да жетпейді. Демек, жұмыс күшінің тапшылығы сезілуде. Демографтар келешекте дамыған мемлекеттерде қарттардың саны еселенетінін айтып отыр. Сәйкесінше денсаулық сақтау саласына жұмсалатын шығыстар да арта түседі. Ал дамушы өңірлерде жастар көбейгенімен жұмыссыздық белең алуы ғажап емес. Қазірдің өзінде бұл тенденция Таяу Шығыс және Солтүстік Африкада айтарлықтай көрініс тапқан.
Адам әлеуеті лайықты бағаланып жүр ме?
Қазақ сахарасының жайын қозғасақ, Ұлттық экономика министрлігі 1 маусымдағы жағдайға сәйкес ел тұрғындарының саны 18,49 млн адамға жеткенін хабарлады. Оның ішінде қалалықтар 10 млн 767,6 мыңға, ауылдықтар 7 млн 722,1 мыңға жеткен. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда халық саны 236,4 мың адамға, яғни 1,3%-ға көбейген. Әйтсе де елді тастап, тұрақты мекенжайын ауыстыруға бел буғандардың қатары 20%-ға жуықтаған-ды. Келушілердің саны 10%-ға қысқарыпты. Бұдан аңғарғанымыз, қажетті кадрлардың сыртқа ағылу үрдісі әлі де болса сақталуда. Жоғарыдағы болжамды тәуекелдерді ескере келе, сарапшының пікіріне құлақ астық.
– Жақын жылдары Қазақстан қандай да бір мәселелерге тап болады деп айта алмаймын. Себебі біздегі азық-түлік қауіпсіздігіне ұдайы көңіл бөлінеді. Ауыл шаруашылығын алып қарасақ, астықпен ішкі нарықты қамтып қана қоймай, 11,7 млн тонна астық сыртқа экспортталады. Сол секілді жер қойнауындағы қордың әлі ұзақ уақытқа жетері күмәнсіз. Бірақ мемлекет табиғи шикізат тәуелділігінен арылудың амалдарын қолға алып, экономиканы әртараптандырудың қам-қарекетіне көшкені жөн. Жаңғырмалы энергия көздерін дамытуға байланысты бастамалар да жаман емес. Мемлекет басшысы 2020 жылға қарай пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін қайтаруға пәрмен берді. Яғни, отандық агроөнеркәсіп жаңа тыныс алуы тиіс. Миграция мәселесіне келсек, ерте ме, кеш пе онымен бетпе-бет келуге тура келеді. Десе де бұл Қазақстанға ғана қатысты мәселе емес. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ немесе басқа да халықаралық ұйымдардың шеңберінде бірлесіп шешілетін мәселенің бірі, – дейді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Талдау және әлемдік экономика орталығының директоры Айбол Арғынғазинов.
Қазіргі іскерлік салада «HR» ұғымы жиі айтылып келеді. Оның толықтай ұғымы human resources – былайша айтқанда, адами ресурс. Жасыратыны жоқ, бүгінде «Адам капиталын дамыту» деген ұраннан басқа осы бағытта нақты атқарылған істі көру қиын. Расымен де бұл істі қолға алып, мықтап кіріссе тұтастай әлеуметтік-экономикалық конъюнктураны тың деңгейге көтеруге болады, дейді мамандар. Осы мазмұндағы пікірді шетелдік инвесторлардың құрылтайында ел Президенті де білдірген еді.
– 2030 жылы 75-тен 375 миллион адамға дейін кәсібін ауыстыруға мәжбүр болады. 2018 жылы мектепке барған бала алдағы уақытта бүгінде жоқ мамандықтар бойынша жұмыс істеуі мүмкін. Алайда бұл болжамнан қорқудың қажеті жоқ. Технологиялардың енгізілуі адамзатты жұмыс орындарынан айырмайды, бірақ табиғатын өзгертеді. Адам капиталының рөлі күрт артады. Сондықтан адам капиталына инвестиция салу елдің экономикалық дамуы мен жалпы қоғам әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді, – деп айтқан еді жиында Қасым-Жомарт Тоқаев.