22 Мамыр, 2013

Жауапкершілікке адалдық

476 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Жауапкершілікке адалдық

Сәрсенбі, 22 мамыр 2013 1:39

«Қазгермұнай» БК» ЖШС директоры Медет КӘРІММЕН әңгіме

– Сырткөзге мұнай­шы­лар­дың өмірі мамыражай болып көрінеді. Шынымен де солай ма? Салада қандай проблема бар?

– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Дегенмен, мұнайшылар өмірінің мамыра-жай болып көрінетін себептерін білемін. Біріншіден, вахталық жұмыс болғаннан кейін. Сондықтан айдың жартысында жұмыс істеп, қалған жартысында демалатын болған соң, жұрт жайлы жұмыс деп ойлайтын болса керек.

Сәрсенбі, 22 мамыр 2013 1:39

«Қазгермұнай» БК» ЖШС директоры Медет КӘРІММЕН әңгіме

– Сырткөзге мұнай­шы­лар­дың өмірі мамыражай болып көрінеді. Шынымен де солай ма? Салада қандай проблема бар?

– Мен бұл пікірмен келіспеймін. Дегенмен, мұнайшылар өмірінің мамыра-жай болып көрінетін себептерін білемін. Біріншіден, вахталық жұмыс болғаннан кейін. Сондықтан айдың жартысында жұмыс істеп, қалған жартысында демалатын болған соң, жұрт жайлы жұмыс деп ойлайтын болса керек. Алайда, адам өндіріс жағдайындағы жұмыс орнына кіріскен сәтте мамыражайлық пен бейғамдық далада қалады. Мұнайшылардың жұмысы жеңіл деп айта алмаймын. Өйткені, кеніш қаладан қашықта орналасқан, ұзақ уақыт бойы отбасынан да алыста болады. Сосын мұнайшылар еңбегі ауа райының кез келген жағдайында жүзеге асырылады. Қатты аязда, аптап ыстықта, күшті дауылда да жұмыс істеуге мәжбүр. Оның сыртында көптеген тұрмыстық ыңғайсыздыққа шыдауға тура келеді. Мұндай жұмысты жайлы деп айтпас едім. Екінші бір себебі, ел ішінде мұнайшылардың айлығы көп деген ұғым бар. Дей тұрғанмен, олар жалақысын еңбегіне қарай алады. Біздің компания жұмыс барысында болатын кемшіліктерді түзету, жұмысшыларына жайлы жағдай қалыптастыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасауда. Біз вахталық кенттегі адамдарға ауысым аяқталған соң демалу, дәмді тамақтану және спортпен шұғылдану мүмкіндіктерін жасау арқылы қуантамыз. Ең бас­тысы, мұнайшы жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді, өйткені, жұмысшының жаңылыс әрекеті өте ауыр жағдайға әкеп соқтыруы мүмкін.

– Халық түсінбейтін бір мәселе бар: өзіміз мұнай өнді­реміз, бірақ бензин қымбат. Осы жанар-жағармайдың баға­сын бірқалыпты ұстап тұру соншалықты қиын ба?

– Біздің компанияның бензинге баға белгілеу саясатына қатысы жоқ. Серіктестікте аталған өнімді өндіру үшін өндірілетін шикізатты жеткізуге бірде бір шарт жасалмаған. Сонымен қатар, «Қазгермұнай» БК» ЖШС өзінің өндірістік қызметін жүзеге асыру кезінде жанар-жағармайдың үлкен көлемін тұтынушы болып табылады. Сондықтан, біз де басқа тұтынушылар секілді бензиннің бағасы арзандаса тек қуанышты болар едік.

– Сіз басқарып отырған ком­панияның аты «Қазгер­мұ­най». Яғни қазақ пен неміс­тің бірлескен компаниясы. Де­ген­мен, мекеменің акциясы қы­тайларда. Бұл қалай?

– 90-жылдардың басында, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвестициялары мен қазіргі заманғы технологияларды тарту арқылы экономиканы көтеру қажеттігі туралы бастама көтергенде сол кездегі облыс басшысы Сейілбек Шаухаманов Министрлер Кабинетінің Оң­түстік-Торғай иініндегі 12 мұнай-газ құрылымын тендерге шығару туралы ниетін білдірді. Соның ішінде мұнайдың 52 миллион тонна барланған қоры бар «Ақшабұлақ», «Нұралы», «Ақсай» кен орындары тұтас лотпен қо­йылды.

Өткізілген тендер нәтижесінде қазақстандық тараптың өлшеміне сәйкес келетін және ең тиімді ұсы­­ныс «Феба Ойл ЛТ» және «Эрдойл-Эрдгим Гоммерн ГМБХ» неміс компаниясынан келіп түсті. 1993 жылдың 19 қазанында Министрлер Ка­бинеті «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ пен жоғарыда аталған неміс ком­панияларының арасында №1032 «Қазгермұнай бірлескен кәсіпорнының негізін қалау және коммерциялық қызметі туралы шартына» қол қойды.

Компания дамуының келесі кезеңі 1996 жылы болды. Бұл жылы «ПетроҚазақстан» Инк» бұдан бұрын Қазақстан Республикасы басшылығымен қол қойылған жекешелендіру туралы келісіміне сәйкес, «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ-тың 50 пайыз үлесін екі бірлескен кәсіпорын: «Қазгермұнай» және «Торғай Петролеум» компаниялары алды. 2006 жылы «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің 50 пайыз үлесін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ сатып алған болатын. Биыл біздің компанияның құрылғанына 20 жыл толады. Қазіргі таңда БК үлесінің 50 пайыздай қа­ты­сушылары «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ және «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ болып табылады.

– Бүгінде шетелдік, бірлескен компанияларда өзге елдерден келетін жұмысшылар мен жер­­­гілікті мамандардың жа­лақысының арасында айыр­машылық бар. Аталған мәселе бойынша сіздердегі жағдай қандай?

– Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша шетелдік және қазақстандық қызметкерлер арасындағы еңбек­ақы төлеудегі сәйкессіздік мәсе­лесі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, Астана және Алматы қаласы және облыс әкімдерімен бақылауға алын­­­­­ды. Қатысушылардың бі­рі «ПетроҚазақстан Құмкөл Ре­сор­сиз» АҚ екенін ескерсек, компанияда, сонымен қатар шетелдік мамандар жұмыс істейді. Қазіргі таңда «Қазгермұнай» компаниясында қызметкерлер құрамы бойынша қазақстандық үлес 98,4%, яғни 685 адам және шетелдік үлес 1,6%, яки 11 адамды құрайды. Қатысушылардың қалауынша компания қызметін басқару паритетті негізде жүзеге асырылады. Біркелкі функциялық міндеттер атқаратын қазақстандық мамандардың еңбегі шетелдік әріптестермен бірдей төленеді. Еңбекақы төлеуде сәйкессіздік жоқ.

– Жылына қанша мың тонна мұнай өндіресіздер? Және мұнаймен қоса шығатын ілеспе газды қалай пайдаланып жатсыздар?

– 1998 жылдың 19 қазанында «Қазгермұнай» БК» ЖШС-да коммерциялық мұнайдың алғашқы баррельдері өндірілсе, 1999 жылдың наурыз айында 100 мың тонна мұнай өндірілді. 2001 жылы бұл көрсеткіш 1 000 000 тоннаға жетті. 2008 жылы «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің өндірісі 3 миллион тоннаны қамтыды. Бұл кәсіпорынға Қызылорда облысындағы ірі мұнай өндіру компанияларының қатарында болуға және Қазақстан Республикасының он ірі мұнай өндіру компанияларына кіруге мүмкіндік берді.

Өткен 2012 жылы нақты мұнай өндіру көлемі 3 124,3 мың тоннаны құрады. Серіктестіктің 20 жылдығына керемет сыйлық ретінде компания ұжымының тынымсыз еңбегі және акционерлер тарапынан қолдаудың нәтижесі болып табылатын мұнайдың жинақталған өндіру көлемі 30 миллион тоннаға жеткізілді.

2003 жылдың қазан айын­да компания Қазақстан Респуб­ликасының Энергетика және минералды ресурстар министрлігіне 50 миллион доллар тұратын газ өңдеу қондырғысын сатып алу, жеткізу және монтаждау жоспарын ұсынды. 2005 жылдың қазан айында «Қазгермұнай» БК» ЖШС ГДҚ (газ дайындау қондырғысы) арқылы Қызылорда қаласына газ берді.

2010 жылы компания Қа­зақ­станның үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасының бесжылдығына қатысты. Шілде айында атал­ған бағдарлама шеңберінде Қызылорда өңіріндегі ең маңызды жобалардың бірі 2010 жылдың Индустрияландыру картасының тұсаукесері болды. Онда Ақ­шабұлақ кен орнында газ дайындау қондырғысының екінші кезеңі басталды. 2011 жылдың қазан айында аталмыш нысан пайдалануға берілді. Бұл жобаны пайдалануға беру Қызылорда өңірінің экологиясына оң әсер етумен қатар бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

Біздің кен орнының ілеспе газын кәдеге жаратудың негізгі бағыттарын былай саралауға болады. Бірінші, «Қазгермұнай» БК» ЖШС жеке қажеттіліктеріне пайдалану; екінші Қызылорда облысы тұтынушыларына құрғақ газды дайындау және тасымалдау; үшінші сұйытылған газ дайындау және өндіру (СКСГ); төртінші «Ақшабұлақта» электр қуатын өндіру үшін құрғақ газды жеткізуді қамтиды.

Бүгінгі таңда «Қазгермұнай» БК» ЖШС Қызылорда қаласы тұрғындарының қажеттілігі үшін жылу және энергия көздерінде отын ретінде құрғақ газды жеткізуші өңірдегі жалғыз компания болып табылады. Өткен жылдың 12 айында өндірілген ілеспе газ көрсеткіші 515,1 млн.м3 құрады.

– Компанияда еңбек қа­уіпсіздігі қаншалықты қор­ғалған? Бетін аулақ қылсын, дегенмен, әлдебір қызметкер жұмыс барысында ауыр жағ­дайға ұшырап, жұмыс істеу қабілетінен айырылып қалып жатса, сіздер оны өмірлік ба­ғып-қағуға дайынсыздар ма? Жалпы, осындай форс-мажорлық жағдай болды ма?

– «Қазгермұнай» БК» ЖШС техника қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды қолдап, оны тек серіктестік жұмысшылары арасында ғана емес, сондай-ақ, бізбен бірге жұмыс істейтін тәуелсіз компаниялар арасында да таратады. Біздің мекемеде сапа менеджментінің ISO 9001: 2000 жүйесі, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және денсаулықты қорғау менеджментінің ОНSАS 18001: 2007 жүйесі енгізілген.

Кәсіпорынның өндірістік қауіп­­сіздік көрсеткіші үнемі жақсарып келеді. Соның нәти­жесінде, 2010 жылы компанияда бірде-бір өндірістік жарақат алған жағдай болмағанын ай­туға болады. Бұл жүргізіліп отырған шаралардың тиімділігі екенін айғақтайды. 2011 жылы бірлескен кәсіпорын үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті тарапынан жоғары бағаланып, «Қазгермұнай» БК» ЖШС» «Жыл­дың үздік қауіпсіз кәсіпорны» атанды. Оған серіктестіктің рес­­­­пуб­­­ликалық еңбекті қорғау жө­ніндегі «Сенім» конкурсының қо­рытындысы бойынша алған Құрмет дипломы дәлел бола алады.

Компанияның қоршаған ор­таны қорғау мен өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау барлық жұ­мысшылар мен мердігерлер үшін басты талап. Және оның орындалуы да қатаң бақылауда болады.

Компания қызметкерлерінің бірі өндірісте жарақат алған жағдайда, әрине, серіктестік қарап қалмайды. Үстіміздегі жылдың наурыз айында қабылданған 2013-2015 жылдарға арналған ұжымдық шартта «қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз бол­ған жағдайда, жұмыс беруші еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап еңбек қабілеті қалпына келген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орташа жалақысының есебімен әлеуметтік жәрдемақыларды мұнай-газ саласындағы жұмысшының жұ­мыс өтіліне сәйкес төлейді» делін­ген. Мысалы, 3 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жұмысшыға – айлық жалақысының 30%-ы; 3 жылдан 7 жылға дейінгі жұмыс өтілі бар жұмысшыға – айлық жалақысының 40%-ы; 7 жылдан жоғары жұмыс өті­лі бар жұмысшыға – айлық жала­қысының 60%-ы төленеді.

– Мұнай өндірген жерде экологияға зиян келетіні жасырын емес. Экологиялық талаптарды қаншалықты сақтап отырсыздар?

– «Қазгермұнай» БК» ЖШС-де экологиялық менеджменттің ISO-14001: 2004 жүйесі енгізіл­ген. Компания өндірістік қалдық­тардың өте аз болуын қадағалайды. Жұмыс өз мөлшерімен жүреді.

2012 жылы компания өз қыз­метінің осы бағытында жоғары бағаға ие болды. «Қазгермұнай» БК» ЖШС қоршаған ортаны қорғауда республикалық «Парыз» әлеуметтік жауапкершілік кон­курсының «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациясы бойынша алтын жүлдені жеңіп алды. Компания жұмысы тиімділігінің негізгі көрсеткіші өндірген өнім көлеміне қарағанда қоршаған ортаға ластағыш заттар көлемін аз шығаруының арқасында жоғары нәтижеге қол жеткізді. 2012 жылы бұл көрсеткіш 2011 жылмен салыстырғанда 30 пайызға төмендеді.

– Әрбір компанияның әлеу­меттік жауапкершілігі болады. Сіздерде бұл жағы қалай?

– «Қазгермұнай» БК» ЖШС – Қызылорда облысындағы биз­нестің әлеуметтік жауап­кершілігі қызметін сезіне білетін мұнай-газ саласындағы үздік компанияның бірі. Серіктестік басшылығы өз жұмысшыларының әлеуметтік қорғалу мәселелеріне әрдайым ерекше мән береді және жұмыста жаңа жетістіктерге жету үшін еңбек ұжымының мүшелеріне әлеуметтік қолдау мен лайықты еңбек жағдайын жасауды қам­тамасыз етеді.

Сонымен қатар, компания аймақтың әлеуметтік дамуы жо­лында облыстық медицина меке­мелерін қазіргі заманғы құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге қаржы бөледі. Орта, арнайы орта және жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға, сондай-ақ, қоғамның рухани және қуатты дамуы үшін экономикалық қажетті жағдай жасауға, мәдениет пен спортты дамытуға материалдық көмек көрсетуді жүзеге асырып келеді.

«Қазгермұнай» БК» ЖШС азаматтарды қолдау мен әлеуметтік қорғау шараларына орай дер кезін­де әрі мақсатты түрде қа­зақ­стандық қоғамда болып жат­қан өзгерістерге әлеуметтік-эко­номикалық тұр­ғыдан тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді. Серіктестік тұрмысы төмен от­басыларға, батыр аналарға, екін­ші дүниежүзілік соғысқа қатысушыларға, олардың жесір­леріне, мүгедектерге, сон­дай-ақ, қоғамдық қорлар мен мекемелерге, қолдауға зәру тұрғындарға көмек көрсетеді. Кәсіпорын облыс тұрғындарын рес­публика бойынша алғанда ең арзан көгілдір отынмен қамтамасыз ету бағдарламасын жүзеге асыруда.

Кәсіпорынның әлеуметтік сая­­сатының негізі – Қызылорда об­лысының әлеуметтік эконо­ми­калық дамуы туралы серіктестік пен облыс әкімдігі арасындағы меморандумға қол қою дәстүрі болып табылады. Осы жылда аталған мақсатқа компаниядан 400 миллион тенге жұмсалды.

Серіктестік қызметінің ерекше бағалануы, ол 2010 жылы компания «Парыз» сыйлығының «Үздік әлеуметтік жауапкершілік кәсіпорны» номинациясында үшінші орынды, 2011 жылы компания республикалық «Парыз» конкурсында «Үздік ұжымдық келісім шарт» номинациясының лауреаты атағын жеңіп алды.

–  Биыл сіз басқарып отырған компанияның құрылғанына 20 жыл толыпты. Қандай жетістіктермен келіп отырсыздар?

– Бүгінгі таңда өткен жол мен қол жеткізген нәтижелерге қарасақ, 20 жылда елеулі табыстарға қол жеткізіппіз. Бұл – елеулі уақыт. Осы аралықта Қазақстан Республикасы жеке тәуелсіз мемлекет ретінде аяғынан тік тұрып кету жылдарын, мемлекеттің түрлі қиындықтарды бастан кешкенін көреміз. Соған қарамастан «Қазгермұнай» БК» ЖШС кәсіби және тұрақты әрі жемісті қызметте жарқын жетіс­тіктерге жеткенін көрсетеді.

Мен компанияның екі бас­ты жетістігін атап өтер едім. «Қазгермұнай» БК» ЖШС-нің бірінші жетістігі біздің серік­тестіктің 20 жыл бұрын егемен Қазақстанның және мемлекетте нарық экономикасының қалыптасу жағдайында Қызылорда өңірінде, оның сыртында жалпы республикадағы жоғары технологиялық кәсіпорындардың бірі ретінде тұрақтанды және ұйымдастырылды. Бұл екі он­жыл­дық ішінде біздің кәсіп­орын бірнеше басшылық ауы­суын бастан өткізді, соны­мен қатар, серіктестіктің жа­ңа құ­рылтайшыларының ке­луі, әлемдік экономикалық дағ­да­рыс­тар, мұнай өндіру көлемін жы­лына 3 100 000 тоннаға дейін арт­тыру, компания штатының өсімін 720 адамға жеткізу сияқ­ты жұмыстарды атқарды. Де­­генмен, біз Қазақстанның мұ­най секторындағы жоғары техно­логиялық кәсіпорындардың бірі ретінде қала алдық.

Екінші жетістігін әлеуметтік деп айтар едім. «Қазгермұнай» БК» ЖШС осы 20 жыл бойы компания қызметкерлерін іріктеу, қайта даярлау және кәсіптік оқытуда жоғары дәрежеде болды. Біз үнемі қызметкерлердің еңбекақысы, әлеуметтік пакеті деңгейі бойынша көшбасшы болуға тырыстық, қандай жағдай болмасын қызметкерлер санын қысқартуға жол берілген жоқ. Мемлекеттік талаптарға сәйкес ұқыпты салық төлеуші, ел экономикасын белсенді жақтаушы және бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі саласында көшбасшы болғанымызбен мақтанамыз.

– Көркем әдебиет оқисыз ба? Оқысаңыз, кімдерді оқисыз?

– Орта жасқа жақын болған сайын классикалық әдебиетке тартады екен. Ілияс, Мұхтар, Сә­бит ағаларымыздың шығар­маларын көп қараймын. Абай атамыздың қара сөздерін де қайталап қоямын. Тарихи кітап­тарды ұнатамын. Арасында аме­рикалық сарапшылардың өмір заңдылықтары туралы жаз­ғандарын да оқып қойғанды дұрыс көремін.

– Азаматтық принциптеріңіз қандай?

– Абыройлы болу.

– Осы принциптеріңізге қай­шы әрекет жасаған кезіңіз болды ма?

– Өмір болған соң әртүрлі жағдай болады ғой. Бірақ прин­ципіме кереғар келетін тірлікке бардым дей алмаймын.

– Дінге көзқарасыңыз қан­дай?

– Мұсылманбыз. Ата-баба­ларымыз ұстанып келген Әбу Ханфия мазһабы.

– Қанша тіл білесіз?

– Екі тіл ғой, үшінші ағылшын тілін меңгеру үстіндемін.

– Үйіңізде балаларыңызбен қай тілде сөйлейсіз?

– Әрине, ана тілімізде. Кейде балалар араластырып та сөйлеп қояды. Дегенмен, ата-ананың міндеті балаларын бақылап отыру емес пе?!

Әңгімелескен

Ержан БАЙТІЛЕС,

«Егемен Қазақстан».

Қызылорда облысы.