Жемшөпке жауапкершілік қажет
Жұма, 24 мамыр 2013 1:51
Негізі мал азығының ішіндегі ең құнарлысы табиғи шөп. Табиғи шөпті піскен кезінде шауып, кептіріп, жинап алу үлкен олжа. Себебі, өз құнарлылығын сақтаған шөп қыс кезінде төрт түлікке өте жұғымды болады. Жетісудың өрі де, төрі де болып саналатын қасиетті Хантәңірінің етегінде жазғытұрым 2000 түрлі дәрілік шөп өсетінін кезінде қазақтың тұңғыш этногроф-ғалымы Шоқан Уәлиханов зерттеп, жазғаны мәлім. Бұл жерде айтайын деп отырған ойым, тілге тиек болған таулы өлкеде малдың қысқы азығын шауып, жинау жаздың екінші айында басталып, күздің алғашқы айында аяқталады. Тасымалдау жұмысы өз алдына.
Жұма, 24 мамыр 2013 1:51
Негізі мал азығының ішіндегі ең құнарлысы табиғи шөп. Табиғи шөпті піскен кезінде шауып, кептіріп, жинап алу үлкен олжа. Себебі, өз құнарлылығын сақтаған шөп қыс кезінде төрт түлікке өте жұғымды болады. Жетісудың өрі де, төрі де болып саналатын қасиетті Хантәңірінің етегінде жазғытұрым 2000 түрлі дәрілік шөп өсетінін кезінде қазақтың тұңғыш этногроф-ғалымы Шоқан Уәлиханов зерттеп, жазғаны мәлім. Бұл жерде айтайын деп отырған ойым, тілге тиек болған таулы өлкеде малдың қысқы азығын шауып, жинау жаздың екінші айында басталып, күздің алғашқы айында аяқталады. Тасымалдау жұмысы өз алдына. Нақтылай түссем, елді мекендер іргелеріндегі алабота, ермен секілді кісі бойындай биіктікте өсетін шөптер бірінші кезекте, сосын саздауыт жерлердегі майда шөп шабылған соң, шөп шабушылар тау бөктерімен мүмкіндіктерінше жоғарылайды. Әр өңір шөбі пісіп, буыны қатқанша шауып, кептіріп, шөмелелеп, маялап та үлгереді. Басты мақсаттары буыны қатпаған шөптің құнарлылығын кетірмей жинап алу. Рас, кеңестік дәуірде ұжымшарлар мен кеңшарлардағы қыруар техника жұмылдырылып, тек таудың шөбі ғана шабылатын, ал жоғарыда айтқанымыздай, ойдың, саздың шөбіне бұрылуға мұрсат та болмайтын. Ал қазір әркім өз меншігіндегі жер телімін пайдалануға ғана құқылы. Өйткені, ол уақыт талабы. Сондықтан, Жер жәннаты Жетісу өлкесінде өзіндік жұғымдылығы жетіп артылатын шөп ұйыса өсетіндіктен, мал азығын дайындаудың өзі бір кәсіп. Ғылым тілімен айтсақ, бүгінде мал азығын дайындау жеке және заңды тұлғалар әрекетін үйлестіру, яғни біреудің меншігіндегі шабындық жерлерді пайдалана білу аймақтардағы кәсіпкерліктің даму дәрежесі әлеуметтік-саяси жағдайларға және аймақтық басқару органдарының қызметтеріне тәуелділігі ақиқат. Жергілікті басқару органдары кәсіпкерліктің дамуына жете көңіл бөлуі қажет. Мұндай мүмкіндік Алматы облысында бар. Бір ғана мысал ретінде Сорбұлақ су қоймасын алсақ та жеткілікті. Өйткені, бұл су қоймасы еліміздегі ең ірі мегаполис Алматы қаласына жақын жерде жатыр. Демек, халық тығыз орналасқан жерде мал мен құс еті үлкен сұранысқа ие болғандықтан, мал азығын дер кезінде дайындау үшін аталған су қоймасы өте керек. Олай дейтінім, Сорбұлақ су қоймасы түрлі сүзгілерден өткізіліп, тазартылып, санитарлық-эпидемиологиялық талапқа сай, яғни техникалық дақылдарды суаруға жарайды. Осы мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Техникалық дақылдарды айтпағанның өзінде, мал азығына жарайтын шөптерді суарып өсіруге әбден болады. Бүгінде Сорбұлақ су қоймасында 900 млрд. текше метр су бар екен. Заманауи техникаларды дұрыс пайдаланып, аталған су қоймасына жақын орналасқан аудандардағы жер телімдерін қажетінше жалға алып, пайдалана білу де кәсіпкерліктің бір саласы емес пе. Ал сол жер телімдері иелерінің өздері бұл мүмкіндікті пайдаланып жатса құба-құп. Нәтижесінде, мал азығы молынан жиналады. Ал мал азығы көп болса, оның ешкімге зияны тимесі анық. Қайта жерсінуіне байланысты төрт түлік түрін табын-табынымен, отар-отарымен бағудың бір жолы ашылады.
Елбасы әлемдік азық-түлік рыногының көшбасшысы болу және ауылшаруашылық өндірісін арттыру үшін егістік түсімін ең алдымен жаңа технологиялар есебінен елеулі көтеру, егістік алаңын ұлғайту, мал шаруашылығына қажетті жемшөп базасын құру міндеттерін алдымызға қойғаны мәлім. Сол міндеттің бірі бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған мал азығын дайындау болып саналады. Сондықтан, қолда бар мүмкіндікті неге ұтымды пайдаланбасқа? Бүгінде Алматы облысында игерілмей жатқан жер көлемін анықтау, оны айналымға енгізу мүмкіндігін зерделеу жұмысы жүйелі түрде жүргізілуде. Қорыта айтқанда, біздің түйіндеген ойымызбен қатар, өзге де мүмкіндіктерді ашу алдағы күннің еншісі болып қана қоймай, өзіндік нәтижесін беретініне кәміл сенеміз.
Құдайберген БЕКБОСЫНОВ,
Алматы облыстық ауыл шаруашылығы
басқармасы бастығының орынбасары,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты.