Аймақтар • 25 Шілде, 2019

Қызылорда облысында жаңа нысандар пайдалануға берілді

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов Арал ауданына жұмыс сапарымен барып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты. Аудан тұрғындарымен кездесті.

Қызылорда облысында жаңа нысандар пайдалануға берілді

Аймақ басшысы аудан орталығы Арал қаласындағы Арал балық өңдеу зауытына барды. Жергілікті табиғат пайдаланушылармен пікірлесті. Кәсіпорын балық өнімдерін өндірумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысады. Өнімдері Ресей, Польша, Голландия, Германия және Австрияға экспортталады. Аталмыш кәсіпорында 40 жұмыс орны құрылған, маусымдық кезеңде  100 адамға дейін жұмыспен қамтиды. Зауыт Оңтүстік Кореялық технология бойынша салынған, жылына 6 мың тонна өнім өндіреді.

Сондай-ақ, облыс әкімі 6 баланы тәрбиелеп отырған көп балалы ана Диана Шүйіншалиеваның үйіне барды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Диана ай сайын 154 739 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алуда. Ол көп балалы отбасыларға қолдау көрсеткені үшін мемлекет және облыс басшылығына алғысын білдірді.

Бұдан әрі облыс әкімі невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша қызмет көрсететін «Қуаныш» жеке медициналық орталығының ашылу салтанатына қатысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды қайырымдылық негізде тегін емдеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, сапар барысында Шижаға елдімекенінде 100 орындық клуб ашылуына қатысты. Оның құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталған еді. Аймақ басшысы  тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасты.