Қоғам • 26 Шілде, 2019

Тұрмыстық әлімжеттік туралы ашық айтылуы тиіс

660 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Әр сағат сайын әлемде бір әйел тұрмыстық әлімжеттік салдарынан көз жұмады. Былтыр елді елең еткізген алматылық Сайрангүл Лайысқызының қазасы мемлекетімізде тұрмыстық әлімжеттікке қатысты жаңа заңның қабылдануы керегін, мұндай мәселеге көз жұмуға болмайтынын көрсеткендей болды. Отбасындағы әлімжеттікті жою, ең құрығанда азайту үшін түрлі ел өзінше заң қабылдап, науқандар да ұйымдастыруда. Соған қарамастан, отбасы мүшелерінен психологиялық зәбір көргендер, тіпті қаза тапқандардың саны жыл сайын ұлғайып жатыр. Былтыр әлемдегі қарулы қақтығыстар нәтижесінде көз жұмғандардың саны 89 мың болса, отбасындағы зорлық салдарынан 87 мың әйел қайтыс болған.

Тұрмыстық әлімжеттік туралы ашық айтылуы тиіс

БҰҰ-ның 63-сессиясында Қа­зақстан гендерлік теңдік рей­­тингінде 144 елдің арасында 52-орында, ал әйелдердің жұ­мыс істеу көрсеткіші бойын­ша 30 озық мемлекеттің қатарында екені белгілі болып, бір қуан­ға­нымыз рас. Дегенмен Бас про­ку­ратурамыздың мәліметіне сүйенсек, елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық көрсеткіші қайта жыл сайын өсіп келеді екен. Мысалы, 2016 жылы от­­ба­сындағы құқық бұзу 2,8 пайызға өссе, 2017 жылы 4,7 пайызға ұл­ғайған. Оған қоса, жақында БҰҰ-ның Әйелдер комитеті Қазақстанда отбасындағы зор­лық-зомбылық салдарынан жыл сайын 400 әйелдің көз жұ­матынын хабарлады. 

Азаматтардың жақын­дары­нан психологиялық қысым көруін, тұрмыстық әлім­жет­тіктің алдын алу, одан жапа шек­кен­дерге көмектесу мақсатында 2006 жылы 1 ақпанда Президент жанынан Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөнiндегi ұлттық комиссия құ­рылды. Комиссия ұсынған соң­ғы екі жылдағы статистикаға көз жүгіртсек, аталған құқық бұзу­шылық бойынша 40 мыңға жуық адамға ескерту жаса­лып, 50 мыңы әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылған.

Комиссияның Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты бө­лім­шесінің мүшесі, «Ке­ле­шек» психологиялық орталы­ғының директоры Наталья Се­мен­коның айтуынша, отбасын­дағы зорлық-зомбылықтың объек­тивті және субъективті себептері болады екен. Субъективті себептер қызғаныш, жеке комплекс, көшбасшылыққа талас сынды тұлғалық психологиямен байланысты. Психологтың айтуынша, кей жағдайда көшу, тұрмыстық қиындыққа төзе алмау, әлеуметтік мәселелер сын­ды объективті себептер де ұрып-соғу, әлімжеттікке алып келеді.

Наталья Семенко еліміздегі тұрмыстық әлімжеттікке негі­зінен үш фактор ықпал ететінін жет­кізді. Олардың алғашқы және ең негізгісі – маскүнемдік. Кө­мекке жүгінгендердің көбісі – ішкілікке салынған күйеуінен жапа шеккендер. Олардың арасында «сау кезінде жақсы адам» деп ақтап алатындар да аз емес көрінеді. Психологтар отбасындағы зорлықтың екінші себебін әйелдерден көреді. Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмайтындай әйелдердің де «арандатушы құрбан» деген типі болатынын айтады.

Осы жағдайда әйелдер күйеулерін күш көрсетуге өздері итермелейтін көрінеді. Тұрмыстық әлімжеттіктің тағы бір себебі мәселені жұдырықпен шешуге үйренген ер азаматтар кейде бұл стратегияны өз үйінде де қолданып, отбасы саясатын жүргізуге тырысады екен.

«Келешек» психологиялық орталығының директоры күн сайын әлімжеттіктің құрбаны болған 2-3 әйелмен кездесетінін айтты. «Қазір әйелдер бұрынғыға қарағанда проблемасын жасыруға тырыспайды. Әрине, барлығы шағым түсіріп, мәселені қолдарына алып жатыр демейміз. Дегенмен жағдайды мамандар арқылы түзеуге тырысатын әйелдер қатары артып келеді», дейді Наталья Семенко.

Қазақстан тұрмыстық әлімжеттікке қарсы бірнеше халықаралық-құқықтық құжаттарды қабылдаған. Дискриминацияның барлық формасын жою туралы Конвенцияны ратификациялап, 2000 жылы БҰҰ-ның мыңжылдық декларациясына қол қойды. Алайда халық санасында тұрмыстық әлімжеттіктің қылмыс екені әлі де қалыптасып үлгермеген сыңайлы. Бұл тек мораль мен этика тұрғысынан емес, заң жүзінде де бұрыс екенін халық арасында дәріптемеу салдарынан қаншама отандасымыз жыл сайын көз жұмады. Статистикалық мәліметтерге көз салсақ, зорлық-зомбылық пен тұрмыстық әлімжеттік еліміздегі әрбір төртінші отбасыда кездеседі екен. Сонымен бірге, кісі өлімінің 30 пайызы отбасыдағы жанжал нәтижесінде екені анықталған.

Елімізде де отбасы құқықтарына қатысты заңдар жоқ емес.  1998 жылы 17 желтоқсанда «Неке мен отбасы» туралы заң қабылданды. Ал 2011 жылы 26 желтоқсанда «Неке мен отбасы жөніндегі» Кодекске қол қойылған болатын. Онымен қоса,  2009 жылы 4 желтоқсанда «Тұрмыстық әлімжеттіктің алдын алу» туралы заң қабылданған еді. Аталған заңның 75-бабына сәйкес, балағаттау, әлімжеттік көрсету, тұрмыс заттарын бүлдіру мен жеке тұлғаға әдепсіздігі үшін заң бойынша ескерту немесе 3 күнге әкімшілік қамауға алу  жазасы беріледі. Егер жоғарыда айтылған әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, зәбір көрсетуші 10 күнге қамауға алынады немесе 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады.  73-1-бап бойынша, денсаулыққа қауіп төнген жағдайда жарақаттың ауырлығына байланысты 15-40 АЕК көлемінде айыппұл салынып, 15-20 күнге қамауға алынады. 

Дей тұрғанмен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері отбасыдағы проблемаларды жасыруға себеп көп дейді. Өйткені әйелі күйеуіне шағым түсірген жағдайда, жұмыс орнына ескерту жіберіліп, күйеуінің жұмыссыз қалуы әбден мүмкін. Бір айлыққа байланған әйел, әлбетте, ертеңін ойлап, көз жұма салуға мәжбүр.

Әйелдердің деструктивті отбасынан кетпеуіне қанына сіңген «отбасын бұзу – ұят» түсінігі, адам құқықтарын білмеуі, тұрғын үй және басқа да материалдық мәселелер себеп. Екінші қайталанбайды деген үмітін былай қойғанда,  «тұрмыстық әлімжеттік барлық отбасыда бар, тек оны барлығы жасырады» деген қате көзқарас та бар. Отбасыдағы зорлық-зомбылық мемлекет экономикасына, азаматтардың әлеуметтік жағдайына, тіпті адамның сауатты болуына да қатысты емес. Алдыңғы қатарлы дамыған елдер де бұл проблемадан арылудың оңтайлы шешімін іздеп әлек. 1994 жылы АҚШ-та отбасыдағы зорлық-зомбылыққа қатысты заң қабылданды. Бұл АҚШ үкіметінің әйелдердің зәбір көруіне тоқтау салуына қадамы еді. Алайда заңның қабылдануы оң нәтижелер көрсетпеді. 2013 жылы ол қайта қаралып, жаңартылған заңға қол қойылды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, одан кейін тұрмыстық әлімжеттік 67 пайызға азайған. Сонымен бірге полицияға шағым түсірушілер саны да артқан. Заңға сәйкес, мемлекетте 1500 көмек үйлері ашылып, шағым түсірген әйелдерге 1 күннен 35 күнге дейін төсек-орын беріп, қолдау көрсетеді екен. Осы уақытта құқық қорғау органдары жәбірлеушімен тиісті жұмыстар жүргізеді. Еуропа елдері болса жәбірлеушіге қатысты айыппұл көлемін ұлғайтып, қатаң жазалауды қолға алып жатыр. Бұл елдерде де өз отбасында әлімжеттік көретіндер саны азаймай тұр.

Отбасыдағы зорлық-зомбылықтың өсіп жатқан баланың психикасына әсер етпей қоймасы да анық. Көз ашқалы әкесі анасын ұрғанын көріп өскен баланың өмірге көзқарасы, психикасы дұрыс болмайтынын Д.Левинсон, Э.Миллер сынды психологтар дәлелдегелі қашан. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне қарасты әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөнiндегi комиссияның хатшысы Римма Имангазинова деструктивті отбасыда өсіп жатқан балаларға арналған үйірмелер мен көмек орталықтары барын айтады. «Елордамыздағы әрбір ауданда «аула үйірмелері» жұмыс істейді. Тегін курстар мен спорт үйірмелерінің есігі балаларға қашан да ашық», дейді маман.

Біраз жылға дейін қызды алып қашу көненің көзі, қалыпты саналатын. «Ата салтты дәріптеген» отбасылар талай қызды мәжбүрлеп қалдырып, келін түсірген еді. Соңғы кезде бұған көз жұмбай, арыз жазып бастағандар да баршылық. Кей қыздар бас бостандығымнан айырды деген шағым түсірген соң, бүгінгі таңда дәстүрді жалау етіп, қыз алып қашып жатқандар қатары сиреді. Яғни, дәстүр мен заңның шекарасы нақты белгілене бастады.

Адамды ұрып-соғу, психологиялық қысым көрсету – қылмыс. Бұл «отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайдымен» жауып қоятын қалыпты жағдай емес. Бірнеше жылда елімізде де отбасыдағы әлімжеттікті жасыру бұрыс екенін түсініп, тиісті мекемелерге көмекке жүгіну қалыпты жағдайға айналар. Өйткені жақынынан зәбір көргендерге мемлекет қолдауға әзір. Сенім телефондарына хабарласқандарға психологиялық, моральдық көмек көрсетіп, аналар үйінен де орын тауып береді. Оған қоса, тегін психологиялық консультация беретін ұйымдар мен татуласу орталықтарының есіктері азаматтарымызға қашан да ашық. Мемлекет Конституциясында жазылғандай, ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға ешкімнің құқығы жоқ.