Жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күлайша Ақтаева, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҚХА мүшелері, басқа да этно-мәдени бірлестік, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Кітап қазақ еліндегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік идеясының негізін қалаушы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа арналады. Жинаққа Қазақстан халқы Ассамблеясының құрушысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 1995-2019 жылдардағы сессияларда сөйлеген сөздері, Елбасының жеке архивінен алынған және кітапхана қорында сақталған құнды суреттер мен құжаттар енген. Сондай-ақ жинақта саяси тұрақтылық пен ұлтаралық келісімнің қазақстандық үлгісінің авторы Н.Назарбаев туралы жарық көрген мақалалар мен этно-мәдени бірлестік өкілдерінің Елбасына жолдаған жүрекжарды лебіздері, ҚХА-ның басқа құрылымдары басшыларының Елбасына алғыстары берілген.
Жиын шымылдығын ашқан Жансейіт Түймебаев «Қазақстан халқы Ассамблеясы осы тарихи сәтке ерекше мән берді. Бұл шараны тек әдеттегі жиналыс ретінде емес, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті айқындайтын, жасампаз идеяларға ие қайталанбас шығарманың көпшілік назарына ұсынылған күні деп қабыл етіңіздер. Ел тарихында Ассамблеяның құрылуы маңызды тұрақтандырушы фактор болып қалыптасты. Естеріңізде болар, 1995 жылы Қазақстанның саяси жүйесі өзара үйлесімсіздіктің әсерінен қиын дағдарысқа тап болды. Осы кезде Елбасы көрегендігінің саяси айғағы ретінде Ассамблея құрылды. Осылайша, билік пен қоғам арасындағы ізгіліктің көпірі орнады. Бұл саяси қадамдағы Нұрсұлтан Әбішұлының сара жолы ешқашан да ұмытылмақ емес», деді.
Сонымен бірге Ж.Түймебаев кеңес беруші орган ретінде құрылған Ассамблея жалпыұлттық диалогтың алаңына айналғанын, Қазақстанды реформалау мен дамытудың өзекті мәселелерінің барлығында үн қосқанын жеткізді. «Бүгінгі таңда Ассамблеяның бастамасы арқасында біздің өмірімізде Саяси қуғын-сүргін мен аштық құрбандарын еске алу, Алғыс айту күні, Қазақстан халқының бірлігі күні секілді ұғымдар пайда болды. Осы аталған рухани істердің барлығы өзінің бастауын Ассамблея сессияларынан алады», деді ҚХА Төрағасының орынбасары.
Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ассамблея мүшелері мен жиынға қатысушыларды құттықтап, Елбасына, Қазақстан халқы Ассамблеясына қатысты естеліктерімен бөлісті. «Елбасымен 1958 жылы орта мектептің 10 сынып оқушысы кезінде таныстым. Содан бері хабар үзілген емес, араласып тұратынбыз. Бұл Ассамблеяның құрылған кезінде де басы-қасында болдым. Ассамблеяның еліміздегі орны ерекше. Бүгінгі жинақтан да осынау маңызды ұйымға қатысты саралы ойлар мен құнды деректер енгенін көре аласыздар», деді.