Аймақтар • 26 Шілде, 2019

Мәдениетпен меймандос шаһар

1077 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Шымкент – Ұлы Жібек жолы бойындағы жақұт қалаға айналып келеді. Бұрын-соңды бұл қалада болмаған жолаушы дәм татып Шымшаһарға атбасын тірей қалса, оның көз ілеспес жылдамдықпен өсіп келе жатқанына куә болар еді. Халқы еңбекқор, туристер үшін тамаша жағдай жасалған Шым­кент «ұйықтамай-тын» қала­лар қатарына кіреді. Қашан көр­сеңіз қайнаған тіршілік, қызу еңбек.

Мәдениетпен меймандос шаһар

Бүгінде жұмыс бабымен, күнкөріс қамы­мен өзге өңірлерге кеткен жерлес­тер туған қалаларына қайтып оралып жатыр. Себебі, Шымкент миллионер қала, еліміздегі үшінші мегаполис атанды. Бұрынғыдай емес, шаһар кел­беті өзгерді. Кешегі мен бүгінгі Шым­кент­тің кескін-келбетіне бір сәт көз жүгірт­сеңіз, сәулет-құрылысы қарқынды да­мы­ған, көздің жауын алар зәулім ғи­ма­­рат­тары менмұндалаған, әдемілігі әсем табиғатпен үйлескен. Халқы тым қарапайым, еті тірі еңбекқор, қолы ашық қонақжай болып келеді.

Тіпті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Адамға өмір бір-ақ рет беріледі және оны Шымкентте сүру керек» деген аталы сөзінің өзі Шымқаланың беде­лін биіктетіп, дамудың даңғыл жолына түсуіне зор серпін берді. Тұңғыш Пре­зи­дентіміздің елге келген сайын қол­таң­басындай қалдырып кететін бір төбе сөздері жылы, шуақты, шырайлы шаһар­дың жарнамасы секілді жалпақ жұртқа таралуда.

Қалаға келген туристердің бірінші сұрағы Шымкент қаласының атауы қайдан шыққан?

Анығында, Шымкент атауының шығу тарихы мен оның мағынасы әлі күн­ге дейін белгісіз. Бұл жұмбақтың жауа­бын белгілі зерттеуші-ғалымдар таба алмаған. Біреулер қала атауы «қала-бақ», «жасыл қала» десе, біреулер «жер­дің бет қабатымен қапталған қала», дейді. «Шым» сөзі жердің беткі қаба­ты, шымды қыртысы, ал «кент» қала, шаһар деген мағына береді. Кейбір зерт­теу­ші-ғалымдардың пайым­дауынша, «Шымкент» сөзі көне шығыс тілі­нен шыққан. Шығыс тіліндергі «чиминь» («чемень») деген сөзі «жасыл ал­қап», «көк жайлау» деген мағына береді. 1914 жылы Түркістан генерал-губернаторлығы құра­мына енуі­нің 50 жылдығына орай, Шым­кент қаласының атауы Черняев болып өз­гертілген. Бірақ та, көп ұзамай 1921 жылы қалаға өз атауы қайта берілді.

 

Күн көзіндегі Шымкент

Дәл қазір Шымкент күн көзіндегі шаһарға айналып тұр. Сынап бағаналары күндіз +45, кешке +36 градус ыстықты көр­сетіп жатады. Осыған орай, әлеу­мет­тік желілерде «Отан оттан да ыстық, Шым­­кент одан да ыстық» деген әзіл-шы­ны аралас қағытпа әңгімелер де көптеп таралуда. Бұған қапаланар, қорқар жұрт жоқ. Себебі қалада саябақтар мен субұр­қақ­тар жетерлік. Бұрынғы Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімдері Шымкент об­­лыс орталығы болып тұрған шақта сая­­бақ пен субұрқақ салудан жарысқа тү­с­­кен­дей. Екі аттам жерде сарқырап ақ­қан су мен саялы орманға кездесіп қала бересіз.

Қазірдің өзінде қалада 30-ға жуық субұрқақ бар. Қала аумағының ұлғаюына орай бұл «кондиционерлердің» саны есе­лене түсетіні анық. Аптап ыстықтан қашқан жұрт үнемі осы маңға жиналып, демін басып жатады.

Осы субұрқақтардың ішінде бө­генайы бөлегі – қаланың қақ ортасында орна­ласқан «Қызғалдақ» субұрқағы.

Өне бойы шыныдан өрілген «Қызғал­дақтың» салмағы – 7 тонна. Биіктігі – 10 метр. Қауыз жарған күлтелер бөлігінің диаметрі 7 метрді құрайды. «Қызғалдақ» су көмкерген бассейннің ортасында орналасқан.

Диаметрі 30 метрді құрайтын бұл бас­сейн­ шіліңгір шілдеде балақайлар­дың шомылу орны атанса, қала қонақ­тары­ның тегін фотосессия студиясына айналған.

Басқа қалалардағыдай емес, мұндағы фонтандар жылдың 8-9 айына дейін жұмы­сын тоқтаптайды.

Ал Тәуелсіздік саябағындағы әсем әуенге елітіп «билейтін» субұрқақ туралы қалаға келмеген қонақтар да газет-журналдан оқып қанықты десек қате­леспейміз. Адам аяғы үзілмейтін дема­лыс орнында күмбірлеген күй үніне сай субұрқақтар мың құбылып «биге» басса, су түбіндегі шырақтар да түрлі-түсті жарық шашады.

Жаз айларында кешкісін құлақ құры­шы­ңызды қандыратын музыка үні, түр­лі шырақтармен шағылыса көкке ұмтыл­ған су бұрқақтары бір күндік шар­шауыңызды басатыны тағы бар. Шым­кентте жаңадан бой көтерген «Нұрсәт» мөлтек ауданында орналасқан субұрқақ, тарихи нысан «Шымкент» сау­да үйі, «Имран» ғимараты алдындағы су­бұрқақтар да шаһар ортасындағы тұр­ғындардың тамаша демалыс аймағы.

Бүгінде осы субұрқақтарды күтіп-ұстау жұмыстары «Жасыл қала» комму­нал­дық мекемесіне жүктелген. Мамандар әрбір фонтанның қосылуынан бастап әр­бір ұңғымасының таза болуын қада­ғалап отырады.

 

Саябағы көп қала

Асанбай Асқаров Шымкентті бас­қарып тұрған шақта шаң-тозаңы шық­қан аумақтың экологиясын реттеу мақ­са­тында Дендросаябағын құрып, оған әлем­нің небір ағаш тұқымдарын еккізген екен.

Содан бері қала атауының анықтауы­шына айналған «Шым» сөзі нағыз өз мә­ніне ие бола бастаған, дейді көпті көр­ген көнекөз қариялар. Бүгінде сол аға­лар сал­ған саябақ Шымкенттің «өкпе тазарт­қы­шына», тұрғындарының саялы бағына айналып отыр. Тек қаланың климатын тазартып қана қоймай, жаңа өмірге қадам басқан ғашықтардың сүйікті демалыс орындарына, пәк махаббаттарының жасыл бесігіне айналып отыр.

 Жаздың аптап ыстығында жанға сая болып, тыныштықты жаны сүйетіндер үшін бой сергітіп, таза ауамен тыныстауға таптырмас орын атанды. Жап-жасыл. Құс­тардың сайраған үні жаныңды сергітеді. Шымкент дендрологиялық саябағы 1979 жылы белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен құрылған. Оған дейін қаланың бү­кіл қоқысы мен қалдығы осы аумаққа әке­ліп төгілетін. Бастамашы топ оларды тазалап, сырып, орнына жас шыбық қадап, көктеп-көгеруіне, жайқалып өсуі­не бар күш-жігерін жұмсайды. Нәти­же­сін­де, бірер жылда дендросаябақ бой көтерді.

Бұл дендросаябақ Шымкентте отан­дық және дүниежүзілік дендрофлора түрлерін интродукциялау, оларды сақ­тау, кешенді түрде зерттеу және тиім­ді пайдалану жолдарын анықтау мақ­сатында құрылған. Ағаш-бұта өсімдік­терін өңірімізде интродукциялауды жос­­парлы түрде жүргізген алғашқы ғы­лы­­ми мекеме болып есептеледі. Денд­ро­сая­бақтың аумағы Қазақстан және Орталық Азия, Еуропа, Қырым, Кавказ, Қиыр шығыс, Сібір, Шығыс Азия және Сол­түс­тік Америка және көшеттерді өсіруге ар­нал­ған көшеттік және көл деп 5 фло­ристикалық аймаққа бөлінген.

Шымкент – саябағы көп қалалардың бірі. Мұнда Дендросаябақ, «Тәуелсіздік», «Жай­лаукөл», «Қиял әлемі», «Абай», «Орта­лық», «Кең баба», «Жеңіс», тағы басқа саябақтар мен «Шәмші гүл­зары», Зообақ қала тұрғындары мен қонақтары­ның сүйікті демалыс орнына айналған. Соңғы деректер бойынша қала аумағында 20-ға тарта саябақ болып, алда бұлардың саны тағы да толыға түспек.

Айта кетерлігі, осыдан бірнеше жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының тізгінін ұстаған Жансейіт Түймебаевтың тұсында Шымқалада жақсы бір бастама жүзеге асқан еді. Өңір басшысы қала ішіндегі қаңырап бос жатқан, ма­с­кү­немдердің ұясына айналған сай-сала­ны «Шатқал» бағдарламасы арқылы ағаш отырғызып, саябаққа айналдыру­ды бастаған болатын. Игілікті істің нәти­же­сінде сол шатқалдардағы ағаштар өсіп келеді. Бағып-баптау жұмыстары жүйелі жолға қойылса, ол маңнан да құстардың сайраған үні мен ағаш жапырақтарының сыбдырын естіп қалар күн алыс емес.

Күні кеше Лондон қаласына іскер­лік келіссөздермен барған қала әкімі Ға­­би­­долла Әбдірахымов ондағы саябақ­тар­­дың тазалығы туралы инстаграм желі­­сінде жазба жариялады. Шаһар бас­­шы­­сының айтуынша, салыстырмалы түрде Шымқаланың саябақтарында таза­лық жақсы сақталған. Бұл «ЛТД-Тұр­мыс» мекемесі қызметкерлерінің күн-түн демей еңбек етуінің, сондай-ақ тұрғындардың туған қаласын өз үйіндей таза ұстауының нәтижесі десек артық болмас.

Жыл басында ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен «Металлург­шілер» саябағын қала әкімдігі өз менші­гіне қайтарып, оны адам танымастай етіп өзгертті. «Жеңіс» саябағына қазақтан шыққан тұңғыш генералдың бірі Сабыр Омарқұлұлы Рақымовтың ескерткішін орнатты. Абай саябағында ұлы ақынның маңғаз бейнесі мәңгілік тұғырында отыр.

Бұл әуелі саябаққа келген жұртшы­лыққа өткен тарихымызды есіне түсіру, өске­лең ұрпақтың ұлы тұлғаларымызға деген құрметін арттыру болмақ.

 

Тәтті тағамдар «отаны»

Шымкентке сапарлап келген қонақтың аузында иісі мұрынды жарар кәуап, шашылып піскен палау дәмі қалары анық. Се­бебі ала тақиялы ағайынға жақын ай­мақта тағам өндірісі мықтап қолға алынған.

Осыдан бірнеше жыл бұрын солтүс­тік облыстарға сапарлап барып, қайт­ар жолда бірнеше жолсеріктің солтүстік­тегі асханалардың қызмет көрсетуі мен тағам мәзіріне көңілі тоймай, «Қай­ран, Шым­кентім-ай», дегенін өз құлағы­мыз­бен естігеніміз бар.

Мұны бағасы қалтаға салмақ салмайтын, сапалы, күні бұрын емес жылдам дайын­далатын ас мәзіріндегі тағамдарын сағын­ғаннан айтқаны шығар деп түсіндік.

Нұр-Сұлтан қаласындағы бір мемле­кет­тік мекемедегі мына бір қызық жағ­дайды естіп бір күліп алдық. Мекеменің өңірлерге әр ай сайынғы іссапар кестесі бойынша мамандар сапарға шығып тұрады екен. Алайда арнайы кестедегі Шымкентке қып-қызыл талас болады да жататын көрінеді. Мамандардың сөзінше, Шымкентте қонақжайлылықтың көкесін көрсетеді-мыс.

Бұл арқылы басқаларды төмендетуден аулақ­пыз. Есесіне, өлкеміздің өзге өңір­леріне де осындай жақсы дәстүрді үлгі ету ғана.

Анығында, ел ішіндегі әзіл-шыны аралас әсіре сөздерді есепке алмағанда, Шымқалаға келмеген ағайынның сырт­тай тон пішіп жататыны жасырын емес. «Шымкентский» деп сөзбен мұқа­тып жатуының арғы жағында қазағы қай­мақ­тай қалың аймақтың беделін пәсейтіп, атағын аласарту жатқандай. Есесіне, неге Шымкент дегенде шырайы­ның үстіне шырайы арта түскен ғаламат қаланы еске түсірмеске?!.

Бүгінде Шымқаладағы «Mey­ramGroup» тамақ өндірісінің «Ақ сарай», «Көк сарай», «Бақша сарай» дәм­­ха­налары, «Жеті тандыр», «Түркі­стан», «Кәусар», «Мизам» кафелері­ алыс-жақын шетелдерден келген қо­нақ­­тардың жоғары бағасына ие болып үлгерді.

Бірақ осы аты аталған, аталмай қалған тамақтану орындарының ешқайсысында қазақтың ұлттық ас мәзірлерін кездестіре алмаймыз. Тіпті ішкі безендірілуі де көршілеріміздің сәулеттік айшықтарына ауып кеткен. Бұл ойланарлық жағ­дай. Қаракөздердің бестен бірі осында ор­на­ласқан деп бөркімізді аспанға атқан­мен, аты айғайлап тұрған ұлттық тағам­хана­мыз жоқтың қасы. Туризм, кәсіп­керлік басқармасы тарапынан айтылған ескертпелерге жауап болады деген ойдамыз.

 

Қызыл  автобуспен – «Жайлаукөлге»...

Бұл Лондондағы қызыл автобус емес. Қалаға саяхаттап келген туристерді қыдыр­татын көлік. Бірнеше жыл бұрын шым­кенттік кәсіпкерлердің бастамасымен еуропалық үлгідегі көлікпен қала­ішілік туристік маршрут әзірленіп, ең көрік­ті деген орындарға тур ұйымдас­тыр­ылып отырған.

Қызыл автобустың қозғалу орны – Шымкенттегі «Қиял әлемі» паркі. Соңғы нүкте – Бәйдібек би ескерткіші, Наурыз алаңы, «Жайлаукөл» демалыс аймағы.

Жайлаукөл демекші, осы аймақта Орталық Азияда биіктігі жағынан екінші орында тұрған аттракцион бар. Ондағы ойын-сауық орталығы маңында аттракциондар, жайқалған жасыл желек, көзтартар көркем көл, бәрі-бәрі жаныңызға ерекше әсер сыйлайды.

Демалыс аймағында барлық жастағы қыдырушыларға арналған 20-ға жуық аттракцион бар. Ал ең бастысы – биіктігі 50 метрлік алып әткеншек. Болашақ «Шым­кент-Сити» қалашығының жанына орналасқан демалыс аймағы алда­ғы уақытта Шымкенттің ең көрікті жері­не айналады. Мұнда уақытты көңіл­ді өткізу мен түрлі спорттық іс-шаралар­ды ұйым­дастыруға қолайлы жағдай жасалған.

Дегенмен, миллион тұрғыны бар қала үшін туризм саласындағы бұл жетіс­тіктер жеткіліксіз. Себебі іргемізде ту­ризмін әлдеқашан түгендеп алған ала та­қиялы ағайын отыр. Ұлы Жібек жолы бо­йындағы туристік маршрутқа кір­гені­мізбен шетелдіктер әлі де тарихқа үңіл­генді жөн санап солай қарай ағыла береді.

Шымкентте туризм туралы күнде жиын өтіп жатады. Алайда көршілес өз­бек ағайыннан осы саладағы ұпайымыз аз түсіп қала береді. Бұған себеп көп. Қыз­мет көрсету сапасы мен баға алшақ­тығы, тағысын-тағылар...

Жаздың ми қайнатар ыстығында шымкенттіктердің көбісі Ташкеннің аква­паркіне кетіп жатады. Қаладағы «Фонтан» аквапаркінің қалалықтардың қажетсінуін толық қамтамасыз ете ал­ма­ғандығын түсінген қала билігі непал­дық инвесторлардың көмегімен Дубай аквапаркінің жобасы негізінде жаңа демалыс аймағын салмақ. Қала әкімі 100 гектар жерді бөліп, ол жерде тиісті коммуникациялар тартылатынын, жобаның құны 100 млн долларды құрайтындығын жеткізді.

Екі жыл ішінде осы бірегей жоба жү­зеге асса, Ташкенге салқындау үшін кет­кен жұртшылықтың бетін бері қай­тарып аларымыз сөзсіз.              

Қазақстан ҰҒА академигі, белгілі ғалым Бауыржан Байтанаев «Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала» деді. ЮНЕСКО шеңберінде өзінің 2000 жыл­ды­ғын атап өткен Самарқан қаласы­ның кірпіштері мен керамикаларымен ұқсас археологиялық айғақ заттарға сүйеніп, Шымкенттің жасының жиырма ғасырдан асатынын айтқан археологтар, т.ғ.д., профессорлары К.Байпақов пен Б.Байтанаевтың зерттеулері әлемдік ғалымдардың қолдауына ие болды.

Ендігі мақсат, Шымкенттің іргесіндегі ескі шаһардың орнын уақыт өткізбей аршып, тарихи нысанның ежелгі қаспетін туристер назарына ұсыну болмақ.

Сонда ғана, турист толған қызыл авто­бустың бір бағыты жанға жайлы Жай­лаукөлден Шымкенттің 2200 жылдық тарихынан сыр шерткен ежелгі қалаға қарай жол тартпақ.

 

Шымкенттің өз «Есілі» бар

Су – тіршілік көзі. Атамыз қазақта «Өзен жағалағанның өзегі талмайды», деген сөзі осыдан шықса керек. Әлемде ірі қалалар да өздерінің дамуын өзен-көлдермен байланыстырып жатады.

Өткенде ғаламтор желісінде Қытай­дың ірі ақпарат агенттігінің Шымкент қаласындағы емдік қасиеті бар Қошқарата өзені туралы жариялаған мақаласын көзім шалды.

Мақала авторы Орталық Азия сапары барысында осы өзенге соғып, оның су құрамы мен температурасын зерттеген. Сол негізде зерттеуін жазып шығыпты. Тіпті қытайлықтарды осы шипалы ара­санға шомылуға үгіттепті.

Автордың айтуынша, бұлақтың төрт мезгілде бірдей суы сүйек, буын, омыртқа ауруларына ем болса, суын күнделікті ішкен жанның ас қорыту қызметін жақ­сартпақ. Мұнан тыс, құрамында күкірт қышқылы бар өзен суы түрлі тері ауруларын бір сәтте жұлып алмақ.

Біз баян етіп отырған өзен Шымкент қаласының қақ ортасынан сыңғырлай ағып жатқан Қошқарата еді.

Анығында, қаланы қақ жарып өтетін өзендер елімізде ғана емес, әлемде де сирек кездеседі. Өзен қаланың микро климатын реттейді. Осыны ескерген қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов кезінде жын ойнақтардың ұясына айналған осы өзеннің арнасын тазартуға кірісті. Бастапқыда бір шақырымдай су арнасына тас қоршау орнатып, түрлі спорттық құрылғылар, суға шомылуға арналған қалытқылар салынды.

Кейіннен, сол кездегі облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың, қала басшысы Нұрлан Сауранбаевтың басшылығымен өзеннің екі жағалауындағы тұрғын үй­лер­мен келісілген түрде өзен жаға­лауына аяқжолдар мен веложолдар салынды.

Қошқарата деген атау қайдан шыққан? Ол кім?

Деректерге сүйенсек, Қошқарата XI ғасырда өмір сүрген, Қаратау өңірінде дүниеге келген деседі. Жастайынан зеректігімен көзге түскен оны ата-анасы Бұқараға жеті жасында оқуға жіберіп, сонда оншақты жыл оқиды. Көзі ашық, ілімді Қошқарата осы өңірге қайтып келіп, шәкірт тәрбиелеп, мешіт, медресе ашады. Қошқаратаның шын аты Қылыш болған екен. Төртінші атасы Арқар есімді ержүрек, батыр. Сол атасы «Сен Арқардай бола алмассың, қошқардай бол» деп батасын берген. Содан бері Қошқарата атаныпты дейді аңыз. Жерленген жері осында.

Қазіргі таңда өзен жағалауында Қош­қара­таның кесенесі тұр. Жалпы, жер-жер­де Қошқарата деп аталатын ауыл, өзен, су аттары көп. Елімізде мұндай атау­­ды ие­лен­ген 10-нан астам мекен бар дейді.

Осы кесенеде кезінде шырақшы бол­ған Құрмансейіт Зияев ақсақал: «Өзен­нің суы шипалы. Ауаны ылғалдан­дырып тұрады. Ғалымдар судың қаланың ми­кроклиматтық жағдайын реттеуде де мол әсері бар дейді. Бұрын бұл жерде бұлақ көп болған. Сондықтан да Мыңбұлақ аталған. Қошқарата кезінде соның біразының көзін ашып, халықтың алғысын алыпты. Өзен бастауын Қазығұрт тауының төмен тұсынан алады. Ғайып Ерен Қырық Шілтенге жақын маңайда су сіңіп кетеді де, осы Шымкенттегі қазіргі Қошқарата өзенінің бастауынан шығады. Су мамандары тау басынан тарыдай ұсақ заттарды жіберіп, талай мәрте тексеріп, бақылаған. Сол заттар осы қазіргі Қошқаратаның бас­тауынан шыққан», деп арыдан әңгіме қозғайды.

Шілде, тамыз айларында бұлақ басында ине шаншар орын болмайды. Қаланың жартысы сонда көшіп кеткендей әсерге бөленесің. Мұздай таза суына шомылып, қапырық ыстықта көңіл сергітіп, қала шуылынан бір сәт арылған жұрттың өзен арнасына жағдай жасап берген атқамінерлерге айтар алғысы шексіз.

Бүгінде жағалауға 1711 ағаш отырғы­зылған. Таза ауа, шипалы су, енді балапан ағаштар жапырақ жайып, діңі ұлғайса Қошқарата Иран бақтан бір кем болмайтыны анық.

Жақсылыққа жаны құштар жас­тар да ашық аспан астындағы спорт алаң­шасында жаттығу жасап жүр.

Тіпті, түнгі уақыттарда да осында келіп өзен суына түсетіндердің қатары қалың. ТМД елдерінен келген туристер мен ем алушылар өзенге үш мезгіл түсіп, демалысын мәнді де сәнді өткізуде.

P.S. Шымкент 2020 жылы өтетін ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына дайындық жұмыстарын пысықтай түсуде. Оған жергілікті жердегі табиғи жағдайлардың барлығы мүмкіндік туғызуда. Ендігіде қала тұрғындарының санасына қала мәдениеті жүйелі түрде сіңірілсе, Шым шаһар көршілес Өзбекстанның астанасымен мәдени, экономикалық тұрғыда шын бәсекелеске айналар еді.

 

 

Шымкент