Апалы-сіңлілі екеу «Жасыл жүрек» атты эко-қозғалыс аясында әшекей бұйымдарды пластик қалдықтардан жасап, сатылымға шығарады. Қыз-келіншектердің ең бір ұнатып тағатын бұйымдарының бірі – сырға болғандықтан, ай сырға, тас көзді сырға, күмбез сырға, салпыншақ сырға, сабақты сырға, шашақты сырға сияқты әшекейдің түр-түрін жасайды. Сырғалар көрер көзге қарапайым келгенімен, оның астарынан ұқыпты талғам мен тағылымды ойды көре аласыз.
– Бұрын қоқысты қайта өңдеу туралы ештеңе білмеген едім. Бірде әлеуметтік желіден жағаға шығып, аштан өлген киттің видеосын кездейсоқ көріп қалдым. Оны сойғанда, асқазанынан бірнеше келі пластик қоқыс шықты. Осы оқиға маған қатты әсер етіп, табиғатты сақтау керектігі туралы ойға қалдым. Содан бастап, жүрген-тұрған жерімде айналамдағыларды пластик бұйымдарды аз қолдануға шақыра бастадым, – дейді Саида Ыбышева. Бұл ойын сіңлісі Динаға айтып, екеуара қозғалысқа «Жасыл жүрек» деген атау беріп, жан бітірді.
Олар жұмысқа қажет заттарды көшеден теріп алады. Керек болса туған-туысы, достары қолданылған, жарамсыз пакеттерді жинастырып беретін көрінеді.
– Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде жапон мәдениетін оқып жатырмын. Кішкентай кезімнен зергерлік дүниелерге қатты қызығатынмын. Әпкем маған өзінің ойын айтқанда, мен бірден келістім. Сырғалар ең тез жасалатын бұйым, көп дегенде екі сағаттай уақыт кетеді. Біздің әшекей бұйымдарымызды көбіне экологияға жанашыр адамдар сатып алады. Ай сайын жаңа топтама шығарған уақытта күтіп жүріп, қолма-қол алып кететіндер бар. Ешқандай жарнама жасамасам да, әлеуметтік желідегі аккаунтымнан көріп, әшекейлерді осы күнге дейін 70-тен аса кісі сатып алды, – дейді Дина Ыбышева. Ал сырғалардың жасалу техникасының аса қиындығы жоқ, бірнеше полиэтилен пакеттерді қабаттастырып, пергаментті қағаздың үстінен үтікпен басып шығасыз. Тіпті әшекейлерді бояудың да қажеті жоқ, температураның әсерінен пакеттердің өзінің бояулары бір-бірімен араласып, ерекше өрнектер шығады. Қалғаны қолының ебі бар шебердің шаруасы, қажетті пішінге лайықтап қиып береді. Мұндай аксессуар дресс-код қатаң сақталмайтын жұмыс орнында, көрмелерге, қонаққа барғанда немесе шетелдіктермен кездесуде киюге таптырмайды. Жылдың әр маусымына, соңғы сәнмен лайықталып жасалған бұл әшекейлерді жарастықпен үйлестіріп тағуға әбден болады. Қос шебердің қолтаңбасы сіздің ешкімге ұқсамайтын жеке тұлға екеніңізді даралап көрсетеді.
Айтпақшы, олар әшекей бұйымдардан бөлек, қайта өңделген қоқыс қалдығынан картина рамкаларын, кітапша мұқабаларын да жасайды. Олардың ендігі арманы кез келген пластикті өңдей алатын шағын көлемді машинаны іске қосу.
«Бұл қиын емес. Біреуі ұсақтайтын, екіншісі қажетті формаға салатын құрылғылар керек. Шелек, сабын салғыш сияқты тұрмысқа керек заттарды қолдан істеуге болады. Біз оның жобасын да дайындап қойғанбыз», деген Дина іске асыруға жеткілікті қаржы болмай тұрғанын айтады. Мұндай Precious plastic деп аталатын қозғалыс әлемде кең таралған. Оның мәні – адамдар кез келген жерде пластикті қайта өңдеу бойынша шағын бизнесті бастауға және осы арқылы қоршаған ортаны сақтауға үндейді.
Қараңғыны күнге, қоқысты гүлге айналдырып жүрген қыздардың тәуекелшіл бастамасы кімді болсын қайран қалдырары анық. Жуырда олардың ұйымына экологиялық ағарту және насихат бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымынан шақырту түскен. Бұйырса, табиғатты қорғау мәселелеріне жұртшылықтың назарын тарту үшін бірлескен жаңа бағдарламаларды іске асырмақ.