Қаланың бас құжаты
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:05
Ел аумағының даму перспективаларын өңірлік үдерістерге сәйкестендіруге мүмкіндіктер берері анық
Қызылжар өңірінде Өңірлік даму министрлігі, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Астанадағы филиалы, жергілікті құрылымдық бөлімшелер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, мәслихат депутаттарының қатысуымен Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы талқыланды.
Бейсенбі, 30 мамыр 2013 2:05
Ел аумағының даму перспективаларын өңірлік үдерістерге сәйкестендіруге мүмкіндіктер берері анық
Қызылжар өңірінде Өңірлік даму министрлігі, «Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ Астанадағы филиалы, жергілікті құрылымдық бөлімшелер, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, мәслихат депутаттарының қатысуымен Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы талқыланды.
Келелі жиынды аймақ басшысының орынбасары Владимир Балахонцев ашып, талқылаудың Солтүстік Қазақстан облысынан мәре алуының мәнін атап өтті. Ұзақ жылдарға арналған сызба жобасымен арнайы мамандар айналысып, өңір ерекшеліктері жете ескерілген. Бірінші кезекте астықты өлкенің минералды-шикізаттық база ретіндегі даму әлеуетінің жіті қарастырылғаны құптарлық. Жерасты қазба байлықтарынан қорғасынның 65, цирконийдің 36, уранның 19 пайызы осында шоғырланған. Агроөнеркәсіп кешені шеңберінде ірі фермерлік шаруашылықтар ұйымдастыру, астық экспортының көлемін ұлғайту жолдары қарастырылған. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Асар ауылындағыдай агроқалашықтар бой көтеретін болады. Тамақ өнеркәсібін және ауыр өнеркәсіпті жолға қою шаралары алға тартылды.
Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты Астана филиалының директоры Тұрлыбек Мұсабаев, Өңірлік даму министрлігі сәулет, қала құрылысы және құрылыс департаментінің бастығы Салауат Дембай еліміздің аумағын ұтымды ұйымдастырудың кешенді жобасы жайлы жан-жақты әңгімеледі. 2010 жылы бекітілген бас жоба халықтың өмір сапасын жақсарту, әлемдік экономикалық үдерістерді кіріктіру, жаһандану жағдайларында Қазақстан аумағын тұрақты кеңістікке айналдыру мақсаттарын көздейді. Мемлекеттік қала құрылысы саясатының барлық аспектілерін қосатын кешенді қала құрылысының құжаты ұзақ мерзімді даму болжамын ұйымдастыруға, аумақтық бәсекелі артықшылықтарды, ішкі ресурстарды тиімді пайдалана отырып өркендетуге, қоршаған ортаны, сәулеттік, тарихи-мәдени мұраларды сақтауға, халықты қоныстандыру және елді мекендер арасындағы ілкімділік жүйесін жетілдіруге зор мүмкіндіктер береді. Кеңес кезінде қалыптасқан қала құрылысы жүйесінің түбегейлі қоғамдық-саяси, экономикалық құрылымдық өзгерістерге ұшырағаны байқалады. Ол уақытта қала құрылысы интеграциялық мәніне орай халықты қоныстандыру, қонысаралық инфрақұрылым жүйесін құру мен дамыту міндеттерін біршама атқарғанымен, бірқатар мәселелер ескерілмей қалды. Атап айтар болсақ, экологиялық тепе-теңдіккке үлкен нұқсан келтірілді. Адамдарды қоныстандыру, елді мекендерді салу табиғи-климаттық жағдайы қолайсыз, ауыз су жоқ өңірлерде жүргізілді. Соның салдарынан жетекші салаға толық тәуелді монофункционалды аумақтар қалыптасты. Егемендік алғаннан кейін Президент жаңа мақсаттар мен басымдықтарды белгілеп, ұзақ мерзімді даму стратегияларын жариялады. Астананы жаңа қонысқа көшіру жүзеге асырылды. Әкімшілік-аумақтық бірліктер ірілендірілді. Республикалық маңызы бар автожолдар қалпына келтірілді. Ұлттық ауқымдағы инфрақұрылымдық және индустриялық-инновациялық жобалар енгізілді. Алайда, республиканың аумағын игеруде және оның ресурстарын пайдалануда айтарлықтай теңсіздіктер әлі де байқалады. Еліміздің бірқатар өңірлері экологиялық жоғары ластануымен, санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйінің төмендігімен, су ресурстарының сарқылуымен, экологиялық инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуымен, сейсмологиялық қауіптілігімен ерекшеленеді. Осыған орай елдің тұрақты дамуына бағытталған қала құрылысын жаңғырту, құрылыс саясатын қалыптастыру жолдары қарастырылып, Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, оны іске асырудың тұжырымдамалық әдіс-тәсілдері әзірленді. Ғылыми негізделген сызбаның ұтымды тұстары көп. Аумақ кеңістігінде өндірістік күштерді орналастыру бас схемада қабылданған шешімдерге сәйкес жүзеге асатыны қадап айтылған. Халықтың өмір сүру ортасы мен тіршілік қызметі стратегиялық кеңістіктің жоспарлау үдерістеріне ыңғайластырылған.
Басқосуда ел аумағын дамытудың алдағы міндеттері атап көрсетілді. Әсіресе, халықтың толқымалы миграция аймағынан тыс көбеюдің тиімді нүктелерін қалыптастыру арқылы үлкен қалалардағы өсу үдерісін реттеу, өңірлік сәйкессіздіктерді, экологиялық проблемаларды шешу, аграрлық өндірісті ұйымдастырудың жаңа технологияларын енгізу, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шекаралас жерлерде қоныстандыру жүйесін жолға қою жайы кеңінен сөз болды. Басқа облыстардың бас схемасын талқылау барысында Қызылжар өңірінің тәжірибесі ескерілетіні де айтылды.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».