12 патентi бар азамат инновациялық жаңалықтарға құмар
Жұма, 31 мамыр 2013 2:08
Асаумидин Әбдiхалықов ауылда тұрады. Түлкiбас ауданындағы агробизнес және туризм колледжiнде оқытушы болып жұмыс iстейтiн азамат жаңалық атаулыға жаны құмар. «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес бiлiм саласындағы мемлекеттiк саясат жоғары және орта арнаулы оқу орындарында отандық ғылымның жаңа үлгiсiн құрып, интеллектуалды ұлт қалыптастыру мiндетiн жүктеп отыр.
Жұма, 31 мамыр 2013 2:08
Асаумидин Әбдiхалықов ауылда тұрады. Түлкiбас ауданындағы агробизнес және туризм колледжiнде оқытушы болып жұмыс iстейтiн азамат жаңалық атаулыға жаны құмар. «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес бiлiм саласындағы мемлекеттiк саясат жоғары және орта арнаулы оқу орындарында отандық ғылымның жаңа үлгiсiн құрып, интеллектуалды ұлт қалыптастыру мiндетiн жүктеп отыр.
Оқу жүйесiндегi мұндай жаңғыртулар жоғары кәсiби және жан-жақты деңгейдегi мамандар даярлау арқылы еңбек рыногындағы қажеттiлiктi толық қанағаттандыруға жол ашатыны даусыз. Ендiгi ғасыр ғылымдар ғасыры болмақ. Сондықтан жаңа техника мен озық технологияға арналған жобаларды жүзеге асыру, ол үшiн халықты ғылыми жаңалықтарды ашуға қызықтыру, ынталандыру, интеллектуалды серпiлiс жасау бәсекеге түсе алатын эррудициялық адамдарды қажет ететiнi белгiлi. 40 жылдан астам уақыт өскелең ұрпаққа сапалы бiлiм, саналы тәрбие берумен айналысып келе жатқан ұстаздың өмiрлiк ұстанымы осындай. Шәкiрттердi осы қасиеттерге баулып қана қоймай, өзi де ұдайы iзденiс үстiнде жүредi. Жергiлiктi баспасөз беттерiнен озық технологиялар мен өнертапқыштық жөнiндегi мақалаларды қадағалап оқиды. Ғаламторды жиi шарлайды. Негiзгi оқулықтармен қатар, қосымша әдебиеттердi көп пайдаланады. Техника саласындағы соңғы жаңалықтармен танысқанша тағат таппайды. Керегiн қойын дәптерiне түртiп алып, газеттердiң қиындысын сақтап жүредi. Ойды ой қозғап, өзi де инновациялық жобалар бойынша жұмыс жүргiзуден жалықпайды. Орта арнаулы бiлiм беру мекемесiнiң директоры Ғабит Нысанов шығармашылықпен жұмыс iстейтiн оқытушыға үнемi қолдау көрсетiп, жағдай туғызып келедi. Асаумидиннің жаңалықтарымен алғаш танысатын да сол кiсi.
Асекең өзi жасаған 12 жобаға патент алған. Солардың бiрi әрi маңыздысы «Сығылған ауаны алудың күн қондырғысы» деп аталады. Жоба дәстүрлi емес балама қуат көздерiн пайдалану саласына жатады. Оның аналогы бар, инновациялық патент алынған, iс-әрекет жасайтын макеттерде тәжiрибеден өткен. Бұл жоба былтыр 17-27 қыркүйекте Астанада өткен республикалық «NIFS50K» конкурста ақтық сынға шығу дипломымен марапатталған.
– Қазiргi кезде барлық елдерде үй шатырының үстiнде күн сәулесiмен жұмыс iстейтiн «Күн коллекторы» қондырғылары пайдаланылады, – дейдi Асаумидин Әбдiхалықов. – Ал мен ұсынып отырған қондырғы жаңа конструкция, отандық озық технология болғандықтан оның жұмысы өзгеше. Басқа елдерде кездеспейдi. Жобаның артықшылығы сонда, қондырғымен күн сәулесi немесе сыртқы ауаның температурасы арқылы экологиялық таза сығылған ауа алынады және сығылған ауа қолданысқа түседi. Техникалық нәтижесi төмендегiдей. Жаңа жобаны, бiрiншiден, электр қуатын өндiру үшiн қолдануға болады. Екiншiден, бөлмелерде микроклимат жасауға өте қолайлы. Атап айтқанда, үйдi жылыту, керiсiнше, бөлменi салқындатуға және ылғалдандыруға да мүмкiндiк мол. Қоймаларда ауылшаруашылық өнiмдердi кептiруге, сақтауға қолдана аламыз. Мәселен, жылыжай мен көшетжайды жылыту үшiн таптырмас қондырғы. Бөлмелердi желдетудi осы жоба жүзеге асырады. Сонымен қатар, суды белгiлi бiр биiктiкке көтередi және тасымалдай алады. Мұның өзi энергетикалық дағдарыстан шығуға, баламалы қуат көзi арқылы оны үнемдеуге мүмкiндiк бередi. Осы жобалық идеяны ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне ұсынып, өз үлесiмдi қосуға ниет етiп отырмын. Әрине, жоба қағаз күйiнде қалып қоймау үшiн оны қаржыландыру қажет. Iс-әрекет ететiн үлгiсiн зауытта дайындап, оны тәжiрибеден өткiзу, сөйтiп, өндiрiске енгiзу қиын да қызықты үдерiс. Ашқан жаңалықты толық дәлелдеп шығу үшiн бар күш-жiгерiмдi сарқа жұмсауға әзiрмiн, – дейдi автор.
Қондырғыға қажеттi элементтерi де қарапайым. Күн коллекторынан, буландырғыш және конденсаторлардан, камералар мен сильфондардан, мұздатқыштардан, ресиверлерден, ауа турбинасынан тұрады. Сондай-ақ, жылыту, салқындату және ылғалдандыру жүйелерiнен құрастырылады. Суды белгiлi бiр биiктiкке көтеру жүйесi де орналастырылады. Тез әрi төменгi температурада қайнайтын сұйық фреон қолданылады. Ол техникада көп кездеседi әрi арзан. Ал салқындату үшiн мұз, тұз, хлорлы кальций, аммоний сульфаты, су, селитра, дәрi-дәрмектердi салқындататын басқа да сұйықтықтар пайдаланылады. Бұл жоба барлық салада қолдануымен құнды.
А.Әбдiхалықовтың топырақ құнарын арттыратын құрылғысы ауыл шаруашылығында өзiнiң тиiмдiлiгiн байқатуда. Қазiр егiншiлiкте полиэтилендi пленка қолданысқа кеңiнен енгiзiлгенi белгiлi. Қытайлықтардың бұл әдiсiн Асаумидин ағамыз одан әрi жетiлдiрiп, толықтыра түседi. Пленканың астынан топырақ «жамылғысын» жасап, оны құрылғының көмегiмен жерге төсейдi. Ал топырақ «пленкасын» жасау үшiн шнек-пресс және прокаттау бiлiктерi қолданылады. Шнек престен өткен табиғи құнарлы топырақ деформацияланады: ол тығыздалады, сығымдалады. Арнаулы «потрубкадан» өткенде топырақ жамылғысы пайда болады.
Оны пайдаланудың тиiмдiлiгi қандай деген сауалға жауап iздесек, бiрiншiден, жердiң құнарлылығын арттырады. Екiншiден, топырақ бетiнiң тозуынан сақтайды. Үшiншiден, алынатын өнiм молаяды. Мәселен, полиэтилен пленканы пайдалану арқылы дақылдың түсiмдiлiгi екi есеге дейiн артса, топырақ жамылғысын төсегендер әдеттегiден анағұрлым өнiмдi көп жинайды. Төртiншiден, арамшөптердiң өсуiн тежейдi. Одан басқа, агротехникалық жұмыстарды жүргiзу шығынын қысқартады. Жердегi ылғалды сақтау арқылы суды үнемдейдi. Өсiмдiктердi суықтан, түрлi зиянкестерден қорғайды. Экологиялық таза өнiм жинауға мүмкiндiк бередi. Облыс және аудандар мен қалалар орталықтарындағы тұрғындар тынығатын саябақтарды, гүлзарларды, көшелердiң жиектерiн осындай топырақ «жамылғысымен» көмкеруге қолайлы.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында бiлiм мен ғылымды және инновацияны ұтымды ұштастыру арқылы бәсекеге қабiлеттi, экспортқа бағытталған, әлемдiк стандартқа сәйкес отандық тауарлар шығару, озық технологияларды өндiрiске енгiзу арқылы елiмiздiң өркендеуiне, дамуына әрбiр қазақстандықтың белсене атсалысуы жайында айтылған-ды. Мұны алдымызға қойылған мiндет деп түсiнгенiмiз ләзiм. Осы талаптар тұрғысынан алғанда, Асаумидин сияқты жаңашылдар ауылда әлi танылмай жүр. Оларды қолдап, қолтығынан демеп жiберу азаматтық әрi абыройлы борышымыз.
Әрине, бiр мақалада түлкiбастық Асаумидин Әбдiхалықов ашқан жаңалық-жобалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, сипаттама берiп шығу мүмкiн емес. Бiз оның екеуiн ғана сөз еттiк. Жаңашыл ұстаздың «Құрылыс керамикалық материалдарды өте жоғары жиiлiктi пештерде кептiру және күйдiру», «Ауаны мембраналық сығуға арналған көпфункциялы қондырғы», «Өте жоғары жиiлiктi сәулемен топырақты өңдеу», «Күнмен жылыту жүйесi», «Екi жақты әрекет ететiн ауаны мембранды сығатын қондырғы», «Күнмен жұмыс iстейтiн су көтергiш», «Екi жақты әрекет жасайтын шнек», «Күнмен кондициялау жүйесi» сияқты өзге де патент алған жобалары өндiрiсте өзiнiң қолдауын күтiп жатыр…
Серiкқали ЖЕКСЕНБАЕВ.
Оңтүстік Қазақстан облысы.