Биыл 10 мамырда Женевада бас қосқан 187 елдің 1400 өкілі пластик қалдықтардың экспортын жүйелейтін Бүкіләлемдік пактіге қол қойды. Бұл – 1989 жылы қабылданған қауіпті қалдықтарды тасу мен жоюды бақылауға қатысты Базель конвенциясының жалғасы. Аталған құжат дамушы елдерге басқа мемлекеттерден қоқыс қабылдамауға мүмкіндік бермек. БҰҰ-ның қоршаған орта бойынша атқарушы хатшысы Рольф Пайет келісімнің маңызды құжаттар қатарында екенін атап өтті.
Бұл құжатты қабылдауға жоғарыда айтылған себептер түрткі болды. Өйткені АҚШ, Канада сияқты дамыған елдер бірнеше жылдан бері қоқыстарын Азия елдеріне экспорттап келеді.
Шынтуайтына келгенде, қоқысты қабылдап алатын елдер өз қоқыстарымен күресіп әлек. Сондықтан мұндай «көмектің» үшінші әлем елдеріне аса бір пайдасы жоқ. Қайта керісінше, басқа елден келген қоқыстар экологияға кері әсерін тигізіп, халықтың денсаулығына, өмір сапасына зиян келтіреді екен. АҚШ-тың пластик қалдықтарын тасымалдайтын елдерінің қатарында Малайзия, Индонезия мен Вьетнам бар. Бұл мемлекеттерде қоқыс, қоқысты сұрыптау жағдайы онсыз да жаман. Өйткені олар өз қоқыстарының 81-86 пайызын қайда жіберерін білмейді.
Жақында Шри-Ланка үкіметі Ұлыбританиядан келген 111 контейнер қоқысты қайтаратынын мәлімдеді. Британия үкіметі өз кезегінде ол қоқысты нақты қай мемлекеттің жібергенін анықтау керегін және Шри-Ланкадан ондай ресми мәлімдеме келмегенін айтады. Ал қоқысты қабылдап алушылар қоқыста медициналық қалдықтардың болғанын, олардың жаман иісі барын, мемлекет ондай қауіпті қоқысты қабылдамайтынын айтты. Тіпті эко-белсенділер «Шри-Ланка сіздерге қоқыс жәшігі емес» деген плакаттар ұстап, Коломбодағы Британия елшілігінің алдына жиналды. Оларға Британия үкіметіне қоқысты кері алуын сұраған хатын беруге рұқсат етілді.
Дәл осындай оқиға Камбоджа, Индонезия, Филлипин мен Малайзияда да болды. Филиппин үкіметі Канадаға «пластикті қайта өңдеу деген жалған сылтаумен жіберді» деп 69 контейнерді, ал Камбоджа 83 контейнерді, яғни 100 тоннаға жуық қоқысты қайтарып жіберді. «Жыл сайын пластик қалдықтарының салдарынан миллионға жуық адам көз жұмады. Өйткені кей елдер қалдықтарды өртеп, қалғанын мұхиттарға ағызып жібереді», дейді IPEN экология ұйымының сарапшысы Сара Броше.
Шетелден қоқыс қабылдамауды алғаш бастаған – Қытай. Олар тосын шешімін 2018 жылдың қаңтарында мәлімдеді. Бұл Ұлыбритания сияқты дамыған мемлекеттерге қиындық әкеліп, нәтижесінде дамушы елдерге жіберілетін қоқыстың көлемі артты. Еуропа, Америка, Аустралияның қоқыс экспортының салдарынан Ганада әлемдегі ең үлкен электронды қалдықтар шоғыры пайда болды. Мұнда жыл сайын 200 тонна қоқыс әкелінеді. Қалдықтарды қайта өндеу Гана мемлекетіне 150-250 млн АҚШ доллары көлемінде табыс әкеледі. Қауіпті орындағы жұмысшылар саны – 20 мың. Олар тәулігіне 12 сағат жұмыс істеп, күніне 2 АҚШ долларын табады екен. Яғни, денсаулығына қауіп төнсе де, нан тауып жүргендердің еңбегіне сай ақы төленбейді.
Қоқыс сұрыптау арқылы күнін көріп жатқан мемлекеттер аз емес. Адам шығыны, экологияға кесірін біле тұра үшінші әлем елдері ұзақ уақыт осындай қауіпті жұмыспен айналысып келді. Алайда жақында қабылданған жаңа құжат олардың құқығын қорғай түскендей болды. Қоқысты қайтарып жатқан мемлекеттер бұл күндері арта түсті. Мұндай шешімдер дамыған елдерге, жалпы адамзат баласына қоршаған орта мен оны қорғауға жаңа көзқарастың керегін көрсетіп, әр қалдықтың экологияға қауіпті екенін ойлауға шақырып тұрғандай.