Үкімет • 29 Шілде, 2019

Әлеуметтік жобалардың әлеуетімен танысты

304 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен жобаларды аралады.

Әлеуметтік жобалардың әлеуетімен танысты

«Жас кәсіпкер» және «Бастау бизнес» жобалары

Үкімет жетекшісі әлеуметтік жобаларды іске асыру аясында «Атамекен» қолдау орталығы» мобильді жұмыспен қамту орталығына, жұмысшы мамандықтарына оқыту жөніндегі оқу орталығына және «Жас кәсіпкер» ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған оқу орталығына барды.

«Атамекен» мобильді жұмыспен қамту орталығының қызметі жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға және одан кейін жұмыспен қамтуға бағытталған. Мобильді орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында ашылған, бүгінде 9 орталық жұмыс істейді, Қазақстанның барлық өңірінде тағы 30 орталық ашу көзделген. Премьер-Министр «Атамекен» қолдау орталығы» жұмыспен қамту орталығында жеке ісін ашуға ниет етіп жүрген жас мамандармен кездесіп, әңгімелесті.

Үкімет басшысы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың әлеуметтік саясаты аясында және Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шұғыл шаралар пакетін әзірлегенін атап өтті. Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам жас азамат жұмыспен қамтуға көмектесу шараларымен қамтылады. Соның ішінде «Бастау Бизнес», «Жас кәсіпкер» бағдарламалары аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, стартап жобаларға гранттар мен шағын несиелер беру арқылы қолдау көрсетіледі.

Сондай-ақ Премьер-Министр тігін ісіне оқытатын «DANMARD» оқу орталығына барды. Аталған оқу орта­лы­ғында оқу кезеңі – 3 ай. Ай сайынғы шәкіртақы 21 мың теңгені құрайды.

Премьер-Министр кә­сіп­керлік негіздеріне оқытатын «Жас кәсіпкер» оқу орталығында жобаға қатысушылар үшін бизнес-тренинг өткізді.

Оқу аяқталғаннан кейін жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар 500 мың теңгеден астам өтеусіз грантқа үміткер бола алады, сондай-ақ айына 19 мың теңге көлемінде шәкіртақы ала алады.

Бүгінде Қазақстан кәсіпорындарының негізінде 563 оқу орталығы жұмыс істейді (елордада 50 оқу орталығы), болашақта олардың санын 1000-ға дейін ұлғайту көзделген.

 

2021 жылы пайдалануға беріледі

Сондай-ақ А.Мамин Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша салынып жатқан Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталыққа барды.

Үкімет басшысына жаңа ғылыми онкологиялық орталықты салу бойынша жол картасын іске асыру барысы туралы баяндалып, ғимаратты жобалау сызбасы таныстырылды. Ғылыми онкологиялық орталық астыңғы қабатын қоса алғанда 6 қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы ауданы 49 мың шаршы метрден, ал құрылыс аумағы 16 мың шаршы метрден астам. Құрылысты 2021 жылғы наурызда аяқтау жоспарланған.

Жаңа орталықта қатерлі ісік ауруларын анықтау мен емдеудің алдыңғы қатарлы технологиялары пайдаланылады. Сонымен қатар осыған дейін құрылған кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесін пайдалана отырып, лазерлік, сәулелік және жасушалық-иммундық терапия қолданылады.

Бүгінде уақытша ғимараттар мен құрылыстарды салу, осыған дейін болған әкімшілік-тұрмыстық нысандарды бұзу, шұңқыр қазу, су деңгейін төмендету, бағананы қағу жұмыстары орындалды, сондай-ақ іргетасты қалау жұмыстары басталды.

2018 жылы Үкімет медициналық қызметтерді ұсыну сапасын жақсартуды және онкологиялық диспансерлердегі жабдықтарды жаңартуды көздейтін, 2018-2022 жылдарға арналған қатерлі ісік ауруларымен күрес жөніндегі кешенді жоспарды қабылдады.

Бұған қоса, нысанды аралау барысында жаңа ғылыми онкологиялық орталық салу үшін жер телімін Назарбаев Университеттен республикалық мен­шік­ке беру мәселесі де қаралды.

 

ЖЭО-3 құрылысын тексерді

Премьер-Министр жаңа ЖЭО-3 құ­ры­лысының барысын, отын-энергетика кешенінің нысандарын жаңғырту барысын тексерді.

ЖЭО-3 құрылыс алаңында Үкімет басшысына ЖЭО-3 құрылысының бірінші кезеңі қуаттылығы 480 Гкал/сағ болатын су жылытатын қазандық салуды қарастыратыны баяндалды.

Нысан аумағында темір жол және автокөлік жолдары, әкімшілік-тұрмыстық кешен ғимараттары салынды. Қазір негізгі жабдықты автоматтандыру және электрлік бөлігін монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде нысанның даярлығы 70%-ды құрайды.

ЖЭО-3 құрылысы таяу жылдары елорданың батыс бөлігінде жылуға артып келе жатқан сұранысты қамтуға мүм­кіндік береді, сонымен қатар жеке өндіруші қуатты және Нұр-Сұлтан қаласындағы отын-энергетика кешенінің жылу көзін айтарлықтай ұлғайтады.

Құрылыс алаңында Премьер-Ми­нис­трге әрекет етіп тұрған ЖЭО-1 және ЖЭО-2 энергия көздерін жаңғырту және газдандыру, энергия кешенінің алдағы жылыту маусымына дайындығы туралы ақпарат берілді.

Үкімет басшысы елорданың отын-энергетика кешенінің нысандарын салу және жаңғырту бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.