Руханият • 29 Шілде, 2019

Ғұмар Қараштың ұрпақтары

1183 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ елінің азаттығы жолында жанкешті қызмет етіп, ұлты­ның болашағы үшін бүкіл ғұмырын сарп еткен ұлт зиялы­ларының бірі – Ғұмар Қараш. XX ғасыр басында Ғ.Қараш қазақ қоғамындағы саяси-әлеуметтік өмірдің барлық саласына дерлік белсене араласты. Оны сол тұста жарияланып тұрған «Қазақстан», «Ұран», «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы», «Мұғалім» атты мерзімді басылымдар деректерінен анық көре аламыз. 1911-1913 жылдары бұл кісі Орда, Орал қаласында Е.Бұйрынмен бірігіп, «Қазақстан» газетін шығарды. 1911 жылы оның алғашқы екі саны Орда ауылында жарық көрді.

Ғұмар Қараштың ұрпақтары

Ғ.Қараш Уфа қаласындағы Діни басқарманың қазір қыз­метінде жүріп, арнайы шақырту­мен 1917 жылы 5-13 желтоқсанда Орынбор қаласында өткен II жалпықазақ сиезіне қатысады. Алаш автономиясын жариялау мәселесінен туған қызу айтыста, сиез делегаттары екіге жарылады. Бірінші топтағылар Алаш автономиясын жедел түрде жариялауды қолдаса, бұл пікірге қарсы екінші топ Алаш автономиясын жариялауды кейінге қалдыруды ұсынды. Ал Ғұмар Қараш Алаш Автономиясын жедел жариялауды қолдаған топтың құрамында болды.

1919-1920 жылдардан кейін А.Байтұрсынов бастаған бірқа­тар Алаш зиялылары күштің большевиктер жағында екеніне көздері жеткен соң, күрес тактикасы мен стратегиясын өзгерту қажет деп тапты. Демек, олар енді оқу-ағарту, баспасөз саласы төңірегіне топтасып, қазақ халқының мүддесі үшін қызмет етуге көшті. Міне, осы кезеңде, яғни 1919 жылы ерікті түрде коммунистік партия қатарына өткен Ғұмар Қараш партиялық және кеңес органдары қызметіне белсене кіріседі. Мәселен, азамат соғысы жүріп жатқан тұста, ол Бөкей өлкесіндегі тұңғыш атты әскер полкін құру, В.И.Чапаев дивизиясын жергілікті адамдармен жасақтау, Кеңес үкіметі құрылысына қарсы күштерді талқандап, ел ішін бандалық топтардан тазарту жұмыстарының бел ортасында жүрді. Өзінің кір жуып, кіндік кескен Таловке жерінде «Қырқұдық» деп аталатын ауылшаруашылық артелін ұйымдастырды. Алайда, қазақ қоғамына қызмет етуді өзінің мақсат мұратына айналдырған Ғұмар Қараш небәрі 46 жыл ғана өмір сүрді. Ол 1921 жылы 12 сәуірде Кеңес өкіметі жау­лары­ның қолынан қаза тапты.

1962 жылдан Мәскеу қала­сында тұратын Ғұмар Қараш­тың немересі филология ғы­лым­­дары­ның кандидаты Нәдия (На­дежда) Бұрханқызы Қара­шева: «Ағам Басырдың айтуы бо­йын­ша, атамды өлтірген бандалар то­бы, бір жыл өткенде Астрахан қала­сын­дағы училищені бітіріп, уез милициясы болып жүрген үл­кен ұлы Қадырды өлтіреді. 1922 жылы оның анасы мен әйелін де өлтіріп, үйін-мүлкін өртеді» деп жазады. Бұған дейінгі дерек­терде бандалар тобы Ғұмар Қа­раш пен оның үлкен ұлы Қа­дыр­ды (әкесінің қырқына келгенде) өл­тіргені туралы айтып келгенбіз.

Нәдия Қарашеваның айтуынша, Ғұмар Қараштың 4 ұл, 2 қызы болған. Үлкені – жоғарыда, айтылған Қадыр. Екінші ұлы Басыр Ұлы Отан соғысы жылдарында еңбек армиясы қатарында Қарағанды шахтасында еңбек етіпті. 1974 жылы қайтыс болады. Басырдың жалғыз ұлы Болат 1938-2000 жылдар аралығында өмір сүрген. Ал Ғұмардың үшінші қызы Нәзиядан туған Балхия (1928-1990 жж.) жанұясымен Ақтөбе облысының Алға стансасында тұрған.

Бұрхан Ғұмарұлы  (1904-1967 жж.)Ғұмар Қараш және оның  ұлы Бұрхан. (Уфа қ. 1918 ж.)

Қарашева Нәдия Бұрханқызы (1930 ж.)

Ғұмар балаларының арасында жоғары білім алғаны – Бұрхан (1904-1967). Ол Мәс­кеудің Тимирязев академиясын бітіріп, ҚазССР ауыл шаруа­­шылық министрлігінде қыз­метке орналасады. Алайда, әке­сі Алаш зиялылары тобынан еке­нін сезген ол 1947 жылы Тал­­ды­қорған облысының шал­ғай­дағы орыс ауылына барып бой ­та­салайды. Сонда 10 жыл­дай ауылшаруашылығы тех­ни­ку­мының директоры болып қызмет етеді. Кейін Алматыға келіп, мемлекеттік жер пайдалану басқармасының бастығы болады. Бұрханнан кейінгі Хамида 12 жасында қайтыс болып кетеді. Ал кенже ұлы Әлихан 21 жасында Ұлы Отан соғысында хабар-ошарсыз кеткен.

Мәскеу қаласында тұратын Нәдия Бұрханқызы Қарашева туралы айтсақ, ол 1930 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Кейін Алматы қаласына көшіп, орыс орта мектебін тәмамдағаннан соң, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері факультетіне түсіп, 1953 жылы қызыл дип­лом­мен бітіреді. Алматыға келіп, Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтын­да он жыл қызмет етіп, «ХХ ға­сыр ба­сын­дағы қазақ көркем­сөзін­дегі грам­матикалық тіл ерек­ше­лік­тері» («Айқап» журналының дерек­­тері негізінде) атты тақы­рып­та кандидаттық диссертация қор­ғайды. Кейін 1962 жылы жолдасымен бірге Мәскеу қаласына қоныс аударады. Зейнет демалы­сына шыққанға дейін Ресей Білім академиясының фило­логиялық орталығының ға­лым-хатшысы болды. 120 астам ғылы­ми ең­бек­тердің авторы. Қыс­қаша айт­қанда, Ғұмар Қараш баба­мыз­дың ұр­пақтарының тағдыры осы.

 

Бақтылы БОРАНБАЕВА,

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті