Футбол • 29 Шілде, 2019

Командалар жеңіске жете алмады

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінің алғашқы ойындары аяқталды. Еурокубок ойындарында сынға түсіп жатқан қазақстандық командалар алғашқы кездесулерінде жеңіске жете алмады. Сырт алаңда «Астана» мен «Ордабасы» тең түссе, «Қайрат» 0:2 есебімен жеңіліп қалды.

Командалар жеңіске жете алмады

Газетіміздің өткен сандарында ел­ор­даның «Астана» клубы мен Ан­дорраның «Санта-Колома» кездесуінің нәтижесін жазған болатынбыз. Сондықтан бұл ойын­­ға тоқталмай, «Қайрат» пен «Орда­ба­сының» матчтарына кеңірек шолу жа­сасақ.

 

«Қайраттың» тағдыры қыл үстінде

«Қайрат» командасы Израильге жоғары көңіл күймен аттанған-ды. Се­­бебі өткен аптада өз алаңында Еу­ропа лигасының алғашқы іріктеуінде «Ши­роки-Бриег» (Босния және Герцеговина) клубын 2:1 есебімен жең­се, араға екі-үш күн салып ел чемпио­натының кезекті турында Қостанайға сапар шегіп, жергілікті «Тобыл» коман­дасын 3:5 есе­бімен тас-талқанын шы­ғарды.

Израильде өткен ойында да алма­тылық ұжымның жеңіске жететініне үмітті болғанбыз. Алайда матчтың ал­ғашқы 10 минутында пенальтиден со­ғылған гол «Қайраттың» ойынын мүлде басқа арнаға бұрып жіберді. Десе де гол соғылғанға дейін біздің футболшылар тәп-тәуір өнер көрсетіп жатқан-ды. Бірақ ойын шырқын 11 метрлік айып добы бұзды. Осылайша кездесудің бірінші таймы жергілікті «Ха­поэль» клубының басымдығымен өтті.

Үзілістен кейін Алексей Шпи­левс­­­кий шәкірттері ұжым болып алға қа­рай ұмтылды. Қарсылас коман­да­ның қақ­­пасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйым­дастырып, қорғанысты ұмыт қал­дырғандай болды. Кезекті қа­рымта шабуылдың бірінде «Хапоэль» ойыншысы Эден Шамир командасының екінші голын соғып кетті. Екінші таймға қосылған қосымша уақытта Елдос Ах­метов мергендігімен көзге түскен еді, алайда төреші бұл сәтте ойын ережесінің бұзылғанын анықтап, Ахметовтің голын есептемей қойды. Осылайша «Қайрат» сырт алаңдағы алғашқы ойында 0:2 есебімен жеңіліске ұшырады. Қос команда арасындағы қарымта кездесуі 1 тамызда, Алматыда өтеді. «Қайрат» келесі кезеңге шығу үшін қарсылас команданың қақпасына жауапсыз үш гол соғуға тура келеді.

 

«Ордабасы» үшінші кезеңге жақындай түсті

Қазақстандық үш команданың ішінде қазір «Ордабасының» жағдайы тәуір. Өйткені Чехияда өткен ойында жергілікті «Млада-Болеслав» командасының қақпасына гол соғып, қарымта матч алдында аздаған ба­сым­дыққа ие болды. Ал жалпы кездесу 1:1 есебімен тең аяқ­талды.

Ойындағы есепті бірінші болып шым­кенттік ұжым ашты. Матчтың 21-минутында «Ордабасының» босниялық жартылай қорғаушысы Мирзад Механович гол соғып, командасын есепте алға шығарды. Дегенмен алаң иелері бірінші тайм аяқталғанға дейін есепті теңестіріп үлгерді. 45-минутта «Млада-Болеслав» футболшысы Николай Комличенко мергендігімен танылып, есепті 1:1-ге жеткізді. Екінші таймда екі команда да гол соғуға ұмтылғанымен, доп қақпаға дарымай қойды.

Енді екі команда арасындағы қа­рымта кездесу 1 тамызда Шымкенттегі Қа­жымұқан атындағы орталық стадионда өтеді. Бұл ойында «Ордабасы» ко­мандасын 0:0 есебі де келесі кезеңге алып шығады. Бірақ жеңісті қолдан шы­ға­рып алмас үшін шымкенттіктерге гол соққаны тиімді болады.

Болашақ қарсыластардың нәтижесі қандай?

«Астана» елордада өтетін жауапты кез­десуде «Санта-Колома» клубын же­ңе­тін болса, Чемпиондар лигасында ойнап жатқан «Ференцварош» (Венгрия) – «Вал­­летта» (Мальта) жұбының жеңілген ко­ман­дасымен кездеседі. Екі клуб ара­сын­да­ғы алғашқы матч Венгрияда өтіп, «Фе­рен­­цварош» 3:1 есебімен басым түскен.

«Қайрат» – «Хапоэль» жұбының же­ңімпазы «Норрчепинг» (Швеция) не­ме­се «Лиепая» (Латвия) клубымен кез­деседі. Алғашқы кездесуде Швеция ко­ман­­дасы 2:0 есебімен жеңіске жеткен бо­ла­тын.

Шымкенттік команда үшінші іріктеу кезеңінде Румынияның ФКСБ (бұрынғы «Стяуа») клубымен кездесуі бек мүмкін. Өйт­кені ФКСБ сырт алаңда Арменияның «Алаш­керт» командасынан 3:0 есебімен ба­сым түсті. Егер қазақстандық коман­далар үшінші кезеңге шығатын болса, ал­ғаш­қы ойынын 8 тамызда өз алаңдарында, ал қарымта кездесулерді 15 тамызда сырт алаңда өткізеді.