Қарым-қатынас арта түспек
Сейсенбі, 4 маусым 2013 2:15
Екі ел арасындағы сауда айналымы бүгінде 350 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Мұны кеше Астанада өткен Қазақстан-Латвия бизнес форумында Премьер-Министр Серік Ахметов айтты.
Форумға Латвияның Президенті Андрис Берзиньш бастаған делегация қатысты. Делегация құрамында 70-тен астам адам бар. Олардың арасында министрлер мен кәсіпкерлер, экспорттық компанияларының жетекшілері кездеседі. Форумның А.Берзиньштің елімізге ресми сапармен келуіне орай өткізілгені мәлім. Іс-шараны Латвияның инвестиция және даму агенттігімен ынтымақтастықта жүрген Қазақстанның сауда-өнеркәсіптік палатасы, сондай-ақ еліміздің Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ұйымдастырып отыр.

Сөз кезегі берілген Латвия Президенті Қазақстанның тәуелсіздік жылдары қол жеткізген табыстарына тоқталып, екі ел арасындағы экономикалық әрі мәдени байланыстарды дамытуға әруақыт мүдделі екендіктерін білдірді. Одан кейін сөз алған С.Ахметов екі ел арасындағы қазіргі сауда айналымының көлемін Қазақстан місе тұтпайтынын жеткізді. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарды тағы екі есеге ұлғайтуға мүмкіншілік бар екен. Балтық бойындағы басқа елдермен салыстырғанда біздің Латвиямен арадағы сауда-экономикалық айналымымыз өте жоғары. Шынайы санды алар болсақ ол шамамен 350 млн. долларды құрайды. Әрине, бұл бізді қанағаттандырмайды, егер бар мүмкіндіктер мен әлеуетті тиімді пайдалана білсек, бұл көрсеткішті екі есеге ұлғайтуға болады. Өйткені, қазіргі таңда елімізде 130-ға жуық бірлескен кәсіпорын жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Қазақстанда екі елдің кәсіпкерлері бірлесіп жұмыс істей алатын салалар жеткілікті, деді Қазақстан Премьері.
Премьер-Министр Латвияда ауыл шаруашылығы саласының да өркендеп дамығаны туралы әңгімеледі. Латвия Еуропаның дәл ортасында орналасқан. Сондықтан жаңа технологиялар трансфертін қолдану мүмкіндігіне тоқталып, шикізатқа технология айырбасы ұстанымын әр кезде де пайдалану керектігін қадап айтты. Форумда Латвияның экономика министрі Д.Палютса, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-тың президенті А.Мамин, т.б. бірнеше мекеме жетекшілері сөз сөйледі.
Екі тараптың мемлекеттік мекеме өкілдері мен кәсіпкерлері жылжымайтын мүлік, қаржы, заңдық қызметін ұсыну, туризм, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, телебайланыс, білім мен ғылым, т.б. салалар бойынша ынтымақтасудағы мүмкіндіктерді талқылады. Тәжірибе алмасты. Сөйтіп, шара аясында екі елдің министрліктері мен ведомстволары бірқатар келісімдерге қол қойды.
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».