Аймақтар • 29 Шілде, 2019

Омбыдағы ұлттық шеберхана

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан отыз жылдай бұрын шаңырақ құрған «Мөлдір» қазақ мәдениеті Сібір орталығы» қоғамдық бірлестігі жат жерде қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін насихаттаумен жүйелі түрде айналысып келеді. Оның төрайымы Алтынай Жүнісованың есімі Қазақстан жұртшылығына жақсы таныс.

Омбыдағы ұлттық шеберхана

Жуырда осы орталықтың белсенді мүшелерінің бірі Әскербек Богумбаев астау шығаратын шеберхана ашты. Түпкі ойы – ұлттық қолөнер кәсібін дамыту. Бастапқыда беймәлім істің мән-жайын терең білмегендіктен әрі қажетті қаржының тапшылығынан 3-4 жылға кідіріп қалғанға ұқсайды. Бірақ «игіліктің ерте-кеші жоқ» демекші, ақыры тәуекел етіп, орындалмастай көрінген мақсатына жеткеніне қуанулы.

Былтыр Дүниежүзі қазақ­тарының қауымдастығы мен «Отандастар» қоры бірлесіп, Омбы қаласында өткізген кіші құрылтайда Әскербек бауырымыз «Жусан» халық­аралық кәсіпкерлер қауым­дастығының төрағасы Тоғай­бай Рысбекпен танысады. «Іздегенге – сұраған» деген. Тоғайбайдың ағаштан астау, тостаған, тағы басқа ұлт­тық ыдыстар мен бұйымдар жасайтынын естіп, өзі үшін тылсым құпия саналатын саланың қыр-сырын меңгеруге ұмтылады. Ұстазынан дәріс алып, өз бетінше де ізденіп, қолымнан келеді-ау деген деңгейге жеткеннен кейін кәсібін бастап кетеді. Бір­не­ше адамды жұмысқа алып, өндірісті дамытуға 6 мың доллар көлемінде қаражат салады. Қазақстаннан бірне­ше станок алдыртып, материал­дық-техникалық жағынан жаб­дықталып болған соң асыға күткен алғашқы астауларын  да шығарады, ыдыс лезде сатылып кетеді. Қазір «Тұран» деп аталатын шеберхана тұрақты түрде жұ­мыс істеп тұр. Дайын ыдыстарды өңдеп, сырлап, әше­кейлеумен көмекшілері Би­сембай Мыңжасов пен Әй­герім Дүнгененова айналысады. Шебердің айтуынша, тек Омбы емес, Ресей нарығына бағытталған цехтың өнімдері үлкен сұранысқа ие. Келешекте өнімнің түрлерін көбейтпекші.

Тәлімгер Тоғайбай Рысбек шәкіртінің алғырлығына, ең­бекқорлығына риза. Ал Әс­кербектің шеберхана ашуға жәрдемдескен «Жусан» ха­лық­аралық кәсіпкерлер қа­уым­дастығы мен «Отан­дас­тар» қорына алғысы шексіз.

 

Роза ШӘКЕНОВА

 Солтүстік Қазақстан облысы