Нью-Йоркте өткен жарыста 16 жасар Кайл Гирсдорф ақтық мәреге жеткен 100 ойыншының арасында үздік атанды. Виртуалды сайыстың жалпы жүлде қоры 30 млн долларды құрады.
Чемпионаттың алғашқы кезеңінен өту үшін 10 апта бойы әлемнің түкпір-түкпірінен 40 миллион ойыншы таласқан. Соңғы кезеңге жеткен ойыншылар қатарында 30-дан астам елдің өкілі бар.
Ойын шарты бойынша белгісіз аралға тасталған 100 ойыншының арасында жалғыз қалғаны жеңіске жетеді.
Виртуалды ойындар әлем бойынша жасөспірімдер арасында кеңінен танылып келеді. Бүгінде оның миллиондаған аудиториясы бар, ал коммерциялық жағынан 2019 жылы миллиард долларлық индустрия деп бағаланған.
Киберспорт Қазақстанда ресми түрде спорт түрі деп 2018 жылы танылды. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Qazaq Cybersport Federation республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған. Еліміздің топтары әлемдік жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға да ие болып жүр.