Кәсіпкерлерді қолдау күшейеді
Жұма, 7 маусым 2013 2:07
Бұрын қалай еді? Бір кәсіпті бастау үшін ондаған есікті тоздырып, әрқайсысында сарыла күтіп, олар бірден мақұлдай салмай сарсаңға түсетін. Бизнес бастауда, не оны әрі қарай дамытуда бюрократиялық кедергілердің аз болмағаны ақиқат. Осыны ескерсе керек, Елбасы бір жиында облыстарда кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарын ашу керек деп тапсырды. Бұл орталық кәсіпкерлерге барлық жағынан көмек беретін болады. Ең бастысы, кәсіпкер әр жаққа сандалмай шаруасын бір ғимараттың ішінде бітіріп шығады.
Жұма, 7 маусым 2013 2:07
Бұрын қалай еді? Бір кәсіпті бастау үшін ондаған есікті тоздырып, әрқайсысында сарыла күтіп, олар бірден мақұлдай салмай сарсаңға түсетін. Бизнес бастауда, не оны әрі қарай дамытуда бюрократиялық кедергілердің аз болмағаны ақиқат. Осыны ескерсе керек, Елбасы бір жиында облыстарда кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарын ашу керек деп тапсырды. Бұл орталық кәсіпкерлерге барлық жағынан көмек беретін болады. Ең бастысы, кәсіпкер әр жаққа сандалмай шаруасын бір ғимараттың ішінде бітіріп шығады.
Міне, осындай игі іс Сыр өңірінде де қолға алынды. Қызылорда қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.
Бұл – республикадағы осындай бесінші орталық. Мақсаты – өз алдына кәсібі бар немесе жаңадан бизнес бастап, соны дөңгелетуге ынталы азаматтарды «бір терезе» форматында тегін оқытып, қажетті кеңестер беру. Яғни оларды барлық жағынан қолдау арқылы қазақстандық бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Жаңа да жайлы ғимаратта кәсіпкерлерге әртүрлі бағытта консалтингтік және ақпараттық қызмет түрлері ұсынылады. Сондай-ақ, соңғы үлгідегі менеджмент технологиясы, бухгалтерлік есепті жүргізу, қаржы мен салық есептілігі, кеден процедуралары туралы да мәлімет ала алады. Мұның бәрі еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Орталықта коворкинг-офис те бар. Бұл кәсіпкерлердің ашық кеңістікте жұмыс жасап, тәуелсіз әрі еркін болуына жағдай жасалған деген сөз. Түсінікті тілмен айтсақ, кәсіпкер қаражат шығындап офис жалдамайды. Оған кететін шығынды басқа мақсаттарына пайдаланады. Ал аяғынан тұрып алғанға дейін жаңағы коворкинг-офиске келіп, интернет пен компьютерді қалауынша пайдаланады. Сонымен қатар, осы орталықта өзімен ниеттес адамдарды тауып, бизнесін бірге жалғастыруға да мүмкіндік алады. Бір сөзбен айтқанда, жаңадан кәсіп ашып жатқандарға өте қолайлы жүйе болмақ. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының ашылу салтанатында Қырымбек Елеуұлы:
– Қазіргі күні Қазақстан көлемінде «бір терезе» принципі аясында ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл орталық та осындай мақсатпен ашылып отыр. Орталық облыс кәсіпкерлерінің ортақ алаңына айналады деген сенімдемін. Бұл жерде, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, «Даму» қорының облыстық филиалы орналасатын болады, – деді.
Салтанатты шараға «Даму» қорының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қатысты. Оның айтуынша, жаңадан ашылып отырған орталық көлемі жағынан республикадағы ең үлкені екен. «Орталық аймақ кәсіпкерлеріне қолайлы жағдай жасауға арналған орын болуы тиіс», деді ол.
Сонымен, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсететін орталық жұмысын бастады. Айтпақшы, осы жерде халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесіне дейін бар. Осының өзінен-ақ қолдаудың қаншалықты деңгейде екенін біле беруге болады.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.