Қоғам • 30 Шілде, 2019

«Халыққа көмек» жылжымалы акциясы басталды

780 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы мен мемлекеттік және құқықтық органдардың бірлесе ұйымдастыруымен жылжымалы мобильді «Халыққа көмек» акциясы басталды.

«Халыққа көмек» жылжымалы акциясы басталды

Алғашқы кеңес беру тобы «Ақбұлақ» базарының аумағында қала тұрғындары мен келушілерді қабылдады. Акцияның мақ­саты – Алматыға қосылған елді мекен­дердің әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын «Шетсіз қала» концепциясы аясында орталық­пен теңестіру мақсатында тұрғын­дармен өзара байланысты арттыру, тұрғындардың мемлекеттік және партиялық қызмет туралы ақпарат алуы мен құқықтық сауаттылығын арттыру.

Nur Otan партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, қалалық мәслихат депутаты Станислав Канкуровтың айтуы бойынша бұл акцияны өткізу барысында азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелер анықталып, әлеуметтік кикілжің тудыратын ошақтардың пайда болу себептерінің алдын алу қарастырылады. Акция кезінде мобильді топқа өтінішпен келген барлық азаматтарға құқықтық кеңестер беріледі және олардың көтерген мәселелері орталық не­ме­се жергілікті мемлекеттік ор­ган­дардың қарауына нақты шешім қабылдау үшін жолданады.

Алматы қаласы Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының ақпара­ты бойынша 2018 жылы әлеумет­тік осал топқа енетін 95,8 мың адам мемлекет тарапынан қолдауға ие болды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 22,6 мың жұмыссыз жан жұмыспен қамтылды. 6,7 мың адам өзге мамандыққа қайта оқы­ту курсынан өтті. Алғаш рет жұ­мыс­сыз жүрген 100 адамға өз кәсі­бін бастау үшін 240 мың теңге кө­лемінде қайтарымсыз грант беріл­ді. Қала әкімдігі мен мәсли­ха­тының қолдауымен аз қам­тыл­ған 26 мың азамат 1 млрд теңге әлеу­меттік көмек пен жәрдемақы алды.

Жастар жылы аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен жұмыссыздарға 505 мың теңгеден 817 қайтарымсыз грант берілу­де. Бүгінге дейін 47 жас маман 252 мың теңгеден грант алды. 200 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 2000 грант бөлуге қосымша 1 млрд 10 млн теңге қаражат жұмсалды.

2019 жылдың соңына дейін «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы шеңберінде 28 мың жұмыссызды белсенді шаралармен қамту жоспарланған. Жыл соңына дейін №4 арнайы Әлеуметтік қызмет көрсету орта­лығын, Тастақ-1 шағын ауданында, Бостандық және Наурызбай аудандарында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылмақ. Сондай-ақ осы тоқсанда Алатау ауданында «Бақытты отбасы» орталығын ашу көзделіп отыр.

Акция барысында мемле­кеттік, құқық­тық органдардың жетек­ші­лері азаматтардың әртүрлі сұрақ­тарына жауап қайтарып, құқықтық кеңестер берді.

Акция тұрақты жалғасатын болады.

АЛМАТЫ