Қоғам • 30 Шілде, 2019

Берері мол бәсеке

413 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жедел жәрдем қызметі жетілдірілуде. Нұр-Сұлтан қаласында Жедел медициналық көмек бригада­лары­ның IV республикалық жарысы өтті. Биыл бұл жарыста тұң­ғыш рет ауруханалардың қабылдау бөлімдері де бақ сынасты.

Берері мол бәсеке

Екі күнге созылған жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Ден­сау­­лық сақтау министрі Елжан Бірта­нов­ сайыстың тек кон­курс­тық сипат­ ал­май, осы сала­ маман­дарының тә­жірибе алмасып, бі­лік­тілігін шың­дай­тын бас­қосу­ға айналғанын атап өтті. «Кон­курс кезінде қатысушы­лар халық­аралық деңгейдегі сарап­шы­лар­дың тренингіне де қатысады. Сон­дық­тан бұл тәжірибе алмасуға үлкен мүм­кіндік», деді министр.

Сайысқа еліміздің барлық өңі­рі­­нен келген 17 жедел жәрдем брига­­дасы және ауруханалардың қабыл­дау бө­лімінен 5 коман­да қатысты. «Мен былтыр қатыс­қан­мын. Бірақ бір жыл­дың ішінде көп нәрсе жаңарған. Мен үшін үлкен жаттығу болды», дейді Аты­рау облыстық жедел жәрдем стан­са­сы­ның кардиолог-дәрігері Лаура Жанысбаева.

Жедел жәрдем қызметкерлері ал­дын ала дайындалған бес клини­ка­­лық стансаға шақырылып, тол­ғат­­қан әйел, жарақат алған жігіт сияқты түр­лі төтенше жағдайға тап бол­ған­ адамдарға көмек көрсетті. Олар­дың біліктілігіне еліміздегі меди­­ци­налық жоғары оқу орындары мен ұйымдарының өкілдері және Италия мен Германиядан келген халықаралық сарапшылардан құралған қазылар алқасы баға берді. Нәтижесінде Нұр-Сұлтан қаласының командасы же­ңімпаз атанды. Екінші орынды Шымкент қаласының жедел жәрдем қыз­меткерлері жеңіп алса, Павлодар командасы үшінші орынды иеленді. Ал қабылдау бөлімдері арасында өт­кен бәсекеде бірінші орынды Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының дәрігерлері жеңіп алды.

«Бұл – жарыс түрінде өткізіліп жатқан оқу. Әрине жарыс деген кезде адамдарда ұжымдық рух пайда болады да, бірін-бірі жетілдіріп, дамытады. Ең маңыздысы, мұнда топтар өзара тәжірибе алмасып, шеберліктерін шың­дайды», дейді жеңіске жеткен Нұр-Сұлтан қалалық жедел медици­налық жәрдем стансасының бас дәрігері Тимур Мұратов.

Жедел жәрдем жаңа жүйеге көшуде

«Министрлік жедел жәрдем қыз­ме­тін реформалауға үлкен мән беріп отыр. Негізінен саладағы стандарт­тар мен ережелерді өзгерттік. Же­дел жәрдем өкілдерінің негізгі бө­лі­гін ба­залық стандарттар бо­йын­­ша оқыт­тық. Осы арқылы сәтсіз оқиғалар азайып, жан сақтау шара­ларының нә­тижесі жақсарды. Өткен екі жылмен салыстырғанда биыл жедел жәр­демнің жету уақыты 25 минут­тан 15 минутқа қысқарды. Бұл халық­аралық стандартқа жақын. Рефор­ма­лар­ды жалғастыра береміз. Жедел жәрдем қызметінің жүктемесі өте ауыр. Өйткені көптеген елдермен са­лыс­тырғанда бізде халықтың саны мен же­дел жәрдем шақыру санының ара қатынасы жер мен көктей. Тіпті бұл тұрғыда жағдайы бізге ұқсас деген Түркияның өзінде аталған көрсеткіш бізден әлдеқайда тө­мен», дейді министр Е.Біртанов.

Денсаулық сақтау министрінің №450 бұйрығы бойынша жедел ме­дициналық көмек көрсетудің жаңа қа­ғидалары бекітілген болатын. «Қазақ­станның жедел меди­ци­налық жәрдем қызметі жаңа жүйеге көшіп жатыр. Әлемде жедел жәрдем көрсетудің екі түрі ғана бар. Бірі – науқасқа алғашқы көмек көрсетіп, тезірек дәрігерге жет­кізу. Бұл барлық дамыған елдерде қол­данылады. Екінші түрі – дәрігерді нау­қасқа жеткізу. Біздің елде осы ескі жүйе қалыптасқан. Сонымен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ біртіндеп дәрігерлердің орнын фельдшер басып келеді. Ол – шетелдердегі парамедикпен бірдей жұмыс істейтін маман. Мысалы, жүрек талмасына шалдығып жедел жәрдем шақыртқан кісіге профессор реаниматолог барса да, фельдшер барса да бірдей көмек көрсетеді. Сондықтан жедел жәрдем үшін бір фельдшер жет­кілікті. Біз жас мамандарды Америка жүрек ас­социациясының нұс­қаулығымен дайындап жатырмыз. Оның нәтижесі өте тамаша. Біз соған көшеміз», дейді бас қаладағы жедел жәрдем стансасының басшысы Т.Мұратов.

Бейберекет шақыратындар көп

Министр кей жағдайда халық жедел­ жәрдемді анықтама қызметі ретін­де пайдаланатынын айтады. «Жедел жәрдемге медициналық көмек­тің анықтама қызметіндей қа­рай­тындар бар. Сол үшін алғашқы ме­ди­циналық көмек пен учаскелік дә­рігерлердің рөлін көтермекпіз. Негізгі аурулармен солар айналысып, жедел жәрдем тек шұғыл жағдайларда көмекке келуі керек. Яғни, адамдар кез келген жағдайда жедел жәрдемге жүгінуге мәжбүр болмауы керек. Биыл бірінші рет жедел жәрдемге жүгінушілер саны азайып отыр», деді еліміздің бас дәрігері.

Министрдің сөзін қуаттаған Тимур Мұратов елордадағы бей­бе­ре­кет шақырулардың саны азаймай­ отырғанын айтты. «Біздегі шақы­ру­лар­дың саны Нью-Йоркпен немесе Израиль, Түркиядағы ірі қалалармен салыстырғанда 4-8 есе көп. Өйткені біз шақырған адамдардың бәріне баруға міндеттіміз. Маса шағып, тыр­нағын сындырса да жедел жәрдемді шақыратын кісілер бар», дейді ол.

Отандық көліктермен қамтылады

Жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев: «3 жыл ішінде же­дел жәрдем қызметін автомо­бильдермен және реанимобильдермен қам­тамасыз ету ісін шешу керек» деген болатын. Министр сол тапсырма аясында биылдан бастап арнайы бағ­дар­лама жүзеге асып жат­қанын жеткізді. Нақ­тылай айт­қанда, екі жыл ішінде елі­міздегі жедел жәрдем қызметі 800 стандартты көлікпен қамтылатын бо­лады. Ол бұл көліктерді отандық кәсіп­орындар жетілген стандарт бо­йын­ша құрастырып жатқанын атап өтті.

Ауыл-аймақтарды айтпағанда, бас қаланың өзінде көлік жетіс­пейді. «Бізде аздаған маман тапшы­лы­ғы бар. Өйткені мұнда жұ­мыс істеу өте ауыр. Медициналық жаб­дықпен 100 пайыз қамтамасыз етіл­ген. Бірақ қала үлкейіп келе жат­қандықтан, көлік жетіспеушілігі бай­қалады», дейді бұл мәселе бойын­ша­ сөзін толықтаған бас дәрігер Т.Мұратов.

 Қабылдау бөлімдеріне қойылатын талап – жеделдік пен нақтылық

Жедел жәрдеммен жеткен пациент­ке сапалы медициналық көмек көрсету қабылдау бөлім­де­рінің мойнында екені анық. Сондық­тан да олар биыл бірінші рет өз араларында бәсекеге түсті. Бұл олар­­дың жұмысын жетілдіруге үл­кен мүмкіндік екенін айтқан ми­нистр алдағы үш жылда аудан­дық ауруханалардың қабыл­дау­ бөлімдері кезең-кезеңімен жаңар­тылатынын тілге тиек етті.

Былтыр ғана Израильден тәжі­рибе жинап келген бас қаладағы жедел жәрдем стансасының басшысы Т.Мұ­ратов шетелдердегі қабылдау бөлімдерінің тәжірибесіне тоқ­тал­ды. «Бүгінде 1-2 дәрігер ғана оты­рып, жедел жәрдемнің қойған диаг­нозын тіркеп, науқасты ауруханаға­ жатқыза бе­ре­тін классикалық қа­былдау бөлім­дері жоқ. Қазір ол Emergency department (Төтенше жағдайлар бөлімі) деп аталып,­ өте үлкен көлемдегі жедел медицина­лық көмек көрсететін және диаг­нос­­­ти­каны толықтыратын ма­ңыз­ды бөлімге айналды. Онда же­дел жәрдем дәрігері деген бір ғана маман болады. Ол алғашқы көмектің және диагностиканың барлығын біледі. Мысалы, біз былтыр барып оқып келген Израильдің Emergency department-нің көлемі 8 мың шаршы метрге дейін жетеді. Яғни, біздің бір ем­хананың аумағындай жерді алып жатыр. Ол бүкіл заманауи құ­рылғымен қамдалып, жансақтау, опе­рация жасау сияқты бөлімдерді қам­тиды. Өйткені ауыр науқасты ары-бері тасып жүруге болмайды. Біз де соған беталып келеміз. Сондықтан да биыл министрдің тапсырмасымен қа­былдау бөлімдері де сайысқа түсіп отыр», дейді ол.

Бас дәрігердің айтуынша, жедел­ жәрдемнің жұмысы қабылдау бө­лім­дері­мен өте тығыз байланыста. «Олар­дың жұмысында шапшаңдық пен нақ­тылық өте маңызды. Оларға қате­ле­суге болмайды. Бұл жолы қабыл­дау бөлімдері осы екі шарт бойынша және профильді көмек көрсету қа­білеттерімен сыналды», дейді Т.Мұратов.

Ұйымдастырушылар бола­шақ­та жедел жәрдем жарысын ха­лықаралық деңгейде өткізуді жос­парлап отыр­ған­дарын айтты. Онда еліміздің үздік жедел медициналық көмек бригадалары өзге елдердің осы сала өкілдерімен сайысқа түсетін болады.