Спорт • 30 Шілде, 2019

Қасиетіңнен айналайын, Қамбар ата

686 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Красноярь ауылындағы атшабарда көкпар ойыны өтіп жатқан. Ай құлақтанып ұрандатқан халықта есеп те, ес те жоқ. Теңіздей буырқанған доданың ішіне қойып кететіндей. Атқұмар ата қазақтың қанынан жұққаны-ау тегі. Туғалы тақымы тулаққа тиіп көрмегендердің өзі көкпаршыларға жөн сілтеп, ақыл айтуда.

Қасиетіңнен айналайын, Қамбар ата

Тұрқы есік пен төрдей шабдар ат мінген, дембелше келген жас жігіт тақымына қысқан серкеден айырылар емес. Тұс-тұстан анталай қаумалаған, серкеге қолын созған көкпаршылар қапысын таба алмай жүр. Шамасы шабдар ат көкпарға түсіп ысылған жүйрік болар, қарсы келгенін омырауымен соғып маңайлатар емес. Қос құлағын жымырып алған жарықтық артынан ұмтылған бір-екі көкпаршыны оңдырмай оқсата теуіп те жіберді. Әлден уақытта бітімі бөлек қарагер атты көлденеңдей салған. Жан алып, жан беріскен, қым қуыт арпалыстың ішінде тақымы бостау болды ма екен, қарагердің үстіндегі бозбала ат артына сырғып түскені. Өлді деп шу ете қалды, көкпарды тамашалап отырған жүз сан жамағат. Өлмесе де мертігетін болды, деді біреулер, қаптаған тұяқтың біреуі қақырата тисе, опырып жібермей ме?

Боз даланың бозамық топырағынан ұшқан шаң торғын шымылдық іспет­ті, түк көрсетер емес. Серке­ден басқаны көре алмай аруақ­танып ат жалында ала­сұрған тамам көкпаршы сілтідей тынды. Олар да жапырылып аттан түсе бастаған. Тозаң сәл сейілген соң ғана көрдік, аман екен. Шылбырын сүйреткен қарагер атына қарай жан ұшырып жүгіріп барады. Демін ішіне тартып отырған жұрт иықтарынан жүк түскендей, уһ деп бір дем алды.

– Қазақта «Сиыр мүйі­зін төсейді, жылқы жалын тө­сейді» деген сөз бар, деді бір ақсақал. Қандай қысылтаяң жер болса да жылқы баласы адамды баспайды.

Қамбар атаның бір қасиеті бәлкім осы шығар.