Қоғам • 30 Шілде, 2019

Жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады - А. Мамин

353 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы талқыланды.

Жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады - А. Мамин

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, «Бәйтерек» холдингінің төрағасы А. Әріпханов, Маңғыстау облысының әкімі С. Тұрымов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхаметов, Алматы облысы әкімінің орынбасары С. Бескемпіров баяндады.

2019 жылы шамамен 13 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың шаршы метрге артық. Жыл сайын 6 мың аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету міндеттемесі қабылданды.

«Барлық заңнамалық нормалар қабылданып, қажетті қаражат бөлінді» деген Асқар Мамин әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй көлемін толығымен беру және сатып алу бойынша нақты шараларды қабылдау керек екенін айтты.

Сондай-ақ ҚР Үкіметінің басшысы тұрғын үйді салуға, инженерлік инфрақұрылымды жеткізуге уақытылы дайындалудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламаларын біртұтас тұрғын үй саясатына біріктіруді тапсырды. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 млн-нан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі» деді Асқар Мамин.