Арман мен сенім
Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:35
(Жолдау жолдарынан туындайтын ой)
Жаңа жыл қарсаңында тіршілік қаншама қарбаласқа толы болса да кез келген есті адам өтер жылдың елеулі оқиғалары мен әртүрлі кезеңдерін, сынақтары мен қиындықтарын, қайшылықтары мен үйлесімдіктерін, жетпегені мен жеткенін, жоғалтқаны мен тапқанын, ренжігені мен қуанғанын көз алдынан бір өткізіп, Жаңа жылды жақсы тілек, ізгі ниетпен қарсы алып, келер күнге үміт жалғауға талпынатыны табиғи құбылыс әрі дәстүр-салт. Уақыт шіркінде де сәл болса да кідіріс жоқ, пендеге мойын бұрғызбай, өз екпінін тоқтатпастан зырқырай берері де ақиқат. Сол уақыттың өлшемі мен берген мүмкіндігін сезіне, түсіне алған адам ғана уақытпен үндесіп, оған ілесе алары да хақ.
Сейсенбі, 1 қаңтар 2013 8:35
(Жолдау жолдарынан туындайтын ой)
Жаңа жыл қарсаңында тіршілік қаншама қарбаласқа толы болса да кез келген есті адам өтер жылдың елеулі оқиғалары мен әртүрлі кезеңдерін, сынақтары мен қиындықтарын, қайшылықтары мен үйлесімдіктерін, жетпегені мен жеткенін, жоғалтқаны мен тапқанын, ренжігені мен қуанғанын көз алдынан бір өткізіп, Жаңа жылды жақсы тілек, ізгі ниетпен қарсы алып, келер күнге үміт жалғауға талпынатыны табиғи құбылыс әрі дәстүр-салт. Уақыт шіркінде де сәл болса да кідіріс жоқ, пендеге мойын бұрғызбай, өз екпінін тоқтатпастан зырқырай берері де ақиқат. Сол уақыттың өлшемі мен берген мүмкіндігін сезіне, түсіне алған адам ғана уақытпен үндесіп, оған ілесе алары да хақ.
Қоғам, мемлекет те солай. Уақыттың үрдісіне лайық әрекет жасай алса ғана жаһандық дамудан шет қалмай, Ұлы көштің көрікті тобында жүре алатынына көзімізді жеткізген еліміздің, мемлекетіміздің бүгінгі өмірі, тыныс-тіршілігі, кескін-келбеті, жетістіктері мен ізденістері, талпыныстары мен мақсаттары екендігі де ешкімнің күмәнін туғыза қоймас.
Әр жыл – өзінше шежіре. Бір жылда қоғам, мемлекет өмірінде өткен, болған маңызды шаралар мен жаңалықтардың бәрін тізбелеп жату мақсат емес. Жыл басында берілген мүмкіндікті пайдаланып, айтқымыз келгені – өткен жыл мен келер жылдың тоғысындағы бүкіл еліміздің назарына көтерілген ең елеулі оқиғалардың қоғам санасына, дүниетанымына, болашаққа деген қайрат-жігеріне, сенім, нанымына әсері, ықпалы. Өйткені, адам да, қоғам да алдағы уақытқа, жаңа жылға үмітпен, сеніммен, жоспар тілегімен жалғасады.
Сондай халықтың жүрегіне жетіп, жанын жадыратқан, санасын сілкінтіп, көкірегіне қуат берген өткен жылдың ең ірі жаңалығы да, оқиғасы да Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында жариялаған Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиясы болды. Шын мәнінде бұл жолғы Жолдау жариялану мезгілі жағынан да, мазмұны жағынан да дәстүрлі жыл сайынғы Жолдаулардан айрықша, қоғамға мүлдем жаңа серпін берді. Жолдаудың басты мақсаты – Қазақстан халқының санасын, дүниетанымын өзгерту арқылы өмірін жақсарту, өмір сапасын күшейту, адамдардың өз өміріне деген көзқарасын өзгерту.
Бұл Жолдаудың бұдан бұрынғы Жолдаулардың сабақтас жалғасы екендігін түсінумен бірге оның ерекшелігінің, мақсатының ұлтымыздың рухын, санасы мен сапасын бұрын-соңды болмаған дәрежеге көтеруге шақырғанын түсінуіміз қажет. Ол үшін осы жыл бойы да, болашақта да Жолдаудың әр сөзінің салмағын білген жөн.
Елбасы бұл ұзақ мерзімді бағдарламасын жариялаудың себептерін, негіздерін айшықтап айтты. Мемлекеттігіміздің 21 жылының әр жылында Қазақ елінің ғасырға татырлық даму жолынан өтіп, орасан жетістіктерге қол жеткізе алғанымыз туралы бүкіл халық, көрші мемлекет өкілдері, дүниежүзілік қоғамдастық институттары, халықаралық ұйымдар, көрнекті әлемдік тұлғалар, басқа мемлекет басшылары, дипломаттар, саясаткерлер, журналистер әділ бағасын, пікірлерін айтуы, жаңа Қазақстанды мойындауы – үйреншікті жағдай болды. Яғни, кезінде біз, бізден бұрынғы талай ұрпақ армандап өткен ел, мемлекет болғанымызды әлем танып, мойындады.
Қазақтың еңсесі көтеріліп, елі ерлеп, рухы өрлеп, әлем елдері ісіне қызығып, сөзіне құлақ асатын дәрежеге жеттік. Тәуелсіз мемлекеттігімізді баянды Мәңгілік Елге ұластыруға халқымыздың толық негізі бар екендігіне айрықша екпін берілді.
Елбасы өз Жолдауында маңыз беріп, көкейінің түбінде сақтаған сырындай етіп айтқан Мәңгілік Ел болу үшін бүкіл халық болып, барлық мемлекеттік құзырлы құрылымдардың, билік тармақтарының таяу жылдарда қандай шараларды жүзеге асырып, қандай міндеттерді атқару керектігі толық қамтылып, нақты тапсырма берілді. Жолдаудың әрбір тармағына әлі талай оралып, талдап, сараптап, таратып пікір алысарлық мүмкіндік те мол. Жолдаудың әрбір бөлімі, тарауы тек ресми құзырлы мемлекеттік орындар мен құрылымдар, мемлекеттік лауазымды қызметкерлер ғана емес, бүкіл халықтың, әрбір қазақстандықтың жауапкершілігін талап етеді.
Жыл басындағы осы мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауының ең соңғы бөлімінде оны тыңдаған, оқыған әр адамның санасына әсер етерлік мына сөздерді ерекше тебіреніспен айтқанына назар аударып, екпін бергім келеді.
Елбасының: «Құрметті қазақстандықтар! Менің отандастарым! Бүгінгі Жолдауымда мен сіздердің әрқайсыларыңызға сөз арнаймын… …Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан… Біз болшаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық. «Қазақстан-2050» стратегиясы осынау мәңгілік жолдағы буындар бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Тәуелсіз елді өз қолымен құрған буыннан басталған ұлы істерді кейінгі ұрпақтың лайықты жалғастыратынына кәміл сенемін. Бабалардың ерлігі, бүгінгі буынның ерен істері және жас ұрпақтың жасампаздығы арасында сабақтастық болса ғана, біз «Мәңгілік Ел» боламыз. Сондықтан барлық буын өкілдеріне үн қатамын!» – деген үндеу сөздері кімді болса да назар аудартып, жауапкершілігін, отаншылдық санасын оятуға ықпал етері сөзсіз. Қазақ халқы Елбасының осы үндеуін түсініп, қолдау көрсететініне еш күмән жоқ.
Елбасы еліне ел болатын сөзін айтып, болашақтың жолын бетке алып, елдің «Мәңгілік Ел» сапарын бастады. Жанында қазақтың қаны бар әрбір азамат осыны сезінуі, түсінуі тиіс. Яғни, қазақпын деген әрқайсымыз ұлтымыздың, тіліміздің, Отанымыздың, мемлекетіміздің ертеңін, болашағын ойлауға, оның мәңгілік құндылықтарының сақталып қана қоймай, жаһандық өркениетпен қатар дамуына әрекет жасап, қайраткерлік еңбек ету парызымыз екенін түйсінуге, түсінуге міндеттіміз.
Сөз жоқ, Жолдауда мемлекеттің құзырлы орындарына арнайы тапсырмалар да берілді. Ол тапсырмалардың орындалатынына тәуелсіздік ауанында өткен жиырма бір жылымыздағы жеңістеріміз бен жетістіктеріміз кепіл.
Осы тұста ескеретін жайт, елдің өркендеуі ең алдымен тұрмыс әлеуетінің деңгейімен тікелей байланысты екеніне ешкімнің де күмәні жоқ. Тәуелсіз Қазақстан экономикалық реформалардың нәтижелерін нақты халықтың игілігіне жұмсаған қуатты мемлекет бола алғанын әлем мойындады. Ең алдымен өзіміздің көзіміз жетті. Өз мүмкіндігімізге деген сенім орнықты. Осы жетістіктерді алдағы таяу және ұзақ мерзімде үдете түсіп, халықтың бақуатты тұрмыс-тіршілігін, әлеуметтік сұранысын сапалы қамтамасыз етуді әлемнің ең озық мемлекеттерінің дәрежесіне жеткізу міндетіне де Елбасы осы Жолдауында айқын басымдық берді. Олар – өндірістің өркендеуі, жаңа технологиялық қондырғылардың кеңінен таралып, іске қосылуы, жаңа жұмыс орындары, Қазақстанның барлық өңірлерінде жұмыссыздықты жою, бәсекелестікке шыдас бере алатын өнім өндіру, тұрмыс деңгейінің сапасын жақсарту, елді әлеуметтік нысандармен толық қамту сияқты кешенді мәселелер.
Нұрсұлтан Әбішұлы өз Жолдауында жоғарыда айтылған мақсаттарға қол жеткізу үшін соңғы 15 жылда қандай шаралар ұйымдастырылып, қандай жұмыстар атқарылғанына, қандай нәтижелерге қол жеткізе алғанымызға сараптама жасап, әділ бағасын берді. Ол көрсеткіштер көңілге сенім ұялатумен қатар, халықтың әл-ауқатын арттырып, ұлттық ұжданын, рухын көтерді, болашаққа деген сенімін орнықтырып, ынтасын қуаттандырды.
1997 жылы, әлі экономикалық дағдарыс үдеп тұрған тұста біздің Президент «Қазақстанның- 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын» халыққа ұсынғанда кейбір топтар «елдің жалақысын, зейнетақысын төлей алмай отырғанда қайдағы дамыған Қазақстан» деген сыңайлы күдік айтқаны да рас. Міне, біз сол кезде қиял көрінген межелерге жете алғанымызға куә болдық. «Қазақстан-2030» Стратегиясы елді тығырықтан шығарып қана қоймай, дамудың ұзақ мерзімді жолдарын, жоспарын жасау тәсілінің өміршеңдігін де көрсетті, халықтың көңіліндегі күдігін сейілтіп, өз қабілетінің қуаттылығына сендірді. Сөз жоқ, бұл – өте үлкен рухани жеңіс. Бұл жеңіс ұлттық сананы, дүниетанымды өзгертті. Соның нәтижесінде Елбасы енді 2050 жылға бет алып, бел бууға шақырғанда, бәріміз де бұл үндеуді 2030-дың заңды, табиғи жалғасындай қабылдадық.
Біз Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясының нәтижелері мен қорытындыларына айрықша мән бере отырып, оның сабақтарын енді 2050 жылғы межелерге беттеген тұста жан-жақты ескеріп, сүйене, пайдалана білуіміз қажет. Өйткені, осы Жолдау ұлтымыздың мүддесіне, барлық сұраныстарына, болашағына жауап беріп тұр. Мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын, ұлтымыздың өсуі мен өркендеуін, өз елінде жетекшілігін қамтамасыз ететін барлық түбегейлі мәселелер осы Жолдауда толық қамтылған. Көп қазақтың көкейінде жүрген ойлар да осы құжатта қорытылып, оны жүзеге асыру жолдары жария етілді. Елбасы қазақтың ұлттық мүддесін жария етіп, халыққа үн қатты. Соған сөз жүзінде қостап қана қоймай, нақты іспен қосылу, ілесу әрбір азаматтың парызы болмақ.
Сірә, халықтың болашақ әлеміне үлкен сапарының басында, біздің қоғамда тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап осы күнге дейін толассыз пікірталасқа тақырып болып келе жатқан «ұлттық идея» туралы сұрақтар мен пікірлерге Президенттің дәл осы 2012 жылдың 14 желтоқсаны күні жария етілген дәуірлік Жолдауында толыққанды жауап берілді деп айтуымызға әбден болады.
Өйткені, ол пікірталастардан сырт қалмап едік. Өз ойымызбен әртүрлі тақырыптық дөңгелек үстелдерде, конференцияларда, жиындарда қатынасушылармен ой бөлісіп, пікір алысып жүрген жағдайымыз да бар. Соңғы жылдарда «Егемен Қазақстан» газетінің беттерінде жарық көрген бірнеше саясатнамалық мақалаларымызда ұлттық идеяның негізгі өзегі мемлекеттік тәуелсіздігіміз екендігі туралы өз пікірімізді оқырмандар назарына ұсынудың да сәті келген.
Елбасының бұл жолғы Жолдауы мазмұны жағынан да, құрылымы жағынан да, баяндалуы жағынан да осыған дейінгі Жолдаулардың жылдан-жылға ұласқан жалғасы бола тұра, көптеген күрделі мәселелерге, құбылыстарға, әсіресе, елдің болашағына қарата мүлдем бөлек, тың, ерекше көзқарас ұсынған жаңа жоба болды. Жинақтап айтқанда, Жолдаудың осы сипаттарын ашатын ірі-ірі түйіндерді төмендегіше топтастыруға болар еді. Олар:
Біріншіден, өткен кезеңге, дәлірек айтқанда, «Қазақстан-2030» Стратегиясының орындалуына жан-жақты талдау жасалып, оның жетістіктерін алдағы кезеңдердегі даму жолдары мен шаралар барысында біліктілікпен пайдалана білуге назар аударылды.
Екіншіден, экономика жетістіктерін мемлекетіміздің, халқымыздың тұрмыс деңгейін, әлеуетін өмір сапасын жаңа дәрежеге көтеріп, әлемдегі ең мықты, ауқатты мемлекеттер қатарына енуге бар мүмкіндікті жұмылдыруға шақырды.
Үшіншіден, алдағы қырық жыл көлемінде Қазақстан ішкі-сыртқы саясатында қандай салалық жаңғыртулардан өтуі қажет, әрі оны мемлекетіміздің нығаюы мен халықаралық дәрежедегі беделін көтеруге жұмылдырудың жаңа жолдары мен жобалары айшықталды.
Төртіншіден, XXI ғасырдағы жаһандық өзгерістер мен құбылыстар Қазақстан дамуына қандай ықпал етуі мүмкін, әрі оның қауіп-қатерлерін қалай ескеру қажеттігіне терең бойлап тоқталды.
Бесіншіден, таяу жылдарда көп салалы рухани-мәдени, демократиялық реформалар жүргізу арқылы озық өркениет жетістіктеріне сай, кез келген адам еркін өмір сүре алатын ашық, жаңашыл Қазақ мемлекетін тұрақтандыратын «Мәңгілік Ел» болып қалыптасатын арманды жүзеге асыруға тұңғыш рет осылай пәрмен берілді.
Әсіресе, осы бесінші топтамаға байланысты біздің қазақтар ел болып ескермей жүрген жағдайымыз бар екенін де айта кетудің жөні келіп тұр. Рас, ресми орындар, лауазымды қызметкерлер атқаруға міндетті нақты істерді жүзеге асыру туралы орынды айтылып та жүр. Президент жаңа заман талабы тұрғысынан нақты тапсырма берді.
Осы Жолдаудан кейін біздің лауазымды мемлекеттік қызметкерлеріміз – министрлер, әкімдер, барлық деңгейдегі депутаттар, барлық мемлекеттік қызметкерлер өмірге, Президент талаптарына, айтқан ой-тұжырымдарына бұрын-соңды болмаған жаңа көзқараспен қарауы қажет-ақ. Өздерінің көзқарас санасын өзгертулері, сол арқылы қоғамды өзгертуге ықпал етулері тиіс.
Елбасының халықпен дидарласу, кездесулерінде көп жағдайда кейбір ұлттық проблемаларды адамның жаны мен жүрегіне, санасы мен жүйкесіне жеткізіп, ерекше бауырмалдық, жанашырлық сезіммен қазаққа қаратып, қазақи тілмен айтатыны бар. Осы жолы да Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл қазаққа, соның ішінде орыс тілді қазақтарға арнап төмендегі сөзді айтты: «Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін. Сонда ғана қазақ тілі барша қазақстандықтардың жаппай қолданыс игілігіне айналады. Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан оған бейжай қарамайық. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп айтатын боламыз». Бізге ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ мен МӘҢГІЛІК ЕЛДЕН артық қандай ұлттық идея керек? Қазаққа жоғарыдағыдай сөз жеткіліксіз бе?
Осындай сөзді түсіне алмаған орыс тілді қазақты кім деуге болады? Оған не деуге болады? Біз зайырлы, ізгілікті, құқықтық, өркениетті мемлекет болғандықтан, ешкімді де мәжбүрлеудің қажеті жоқ. Кез келген тілді, әсіресе, кімге болса да өз ана тілін мәжбүрлеп үйрету тілдің мәртебесін көтере алмайды. Адамға «өзіңнің туған анаңды сүй» деп заң қабылдау қажет пе? Онда адам деген жаратылыстың табиғи болмысынан не қалмақ? Қай ұлтқа да тіл туралы ұғым солай емес пе?
Немесе мемлекет аппараттарында, мемлекет қызметінде жұмыс істеуге шектеу қою жолымен жүруге тура келе ме? Қазір біздің министрліктер аппараттарында қызмет істейтіндердің 90 пайызға жуығы қазақ жастары, тіпті оқу, білімді тәуелсіз Қазақстан тұсында алған. Өкініштісі – олардың көбінде ұлттық сананың сәулесі де жоқ. Олар бөтен биліктің, ұлттың үстемдігін көрмеген, оның қандай болатынын түйсінбейді де, сезінбейді де. Ең қауіптісі – олардың көбі өзінің ана тілін білмегеніне қысылмайды, керісінше, билікті, аға ұрпақты, өз әке-шешелерін кінәлайды. Елдің бәрін кінәлағанша өзі санасы мен көзқарасын өзгертіп, қаны мен тегінде жатқан қазақ тілін оятып, тілге ден қойып, қазақша оқып, жазса әрі кеткенде жарты жыл, бір жылда ана тілінде жазылған қағазды оқып шығарлық қауқары болар еді. Сана мен ниет болмай тұр. Осы сеңді бұзу қажет. Осы тоңды жібіту қажет. Ол, шынтуайтқа келгенде, әр қазақтың өз қаны, санасы, қолындағы мүмкіндігі. Ана тілін білмейтін, білгісі келмейтін қазақтарға Президенттің сөзінен кейін рухани сілкініс қажет. Оның еш қиындығы жоқ екендігін қазақша қазақты жаңылдырып сөйлейтін орыс, неміс, украин, корей ұлттарының өкілдері дәлелдеп жүр. Біз теледидардан күнде көретін қазақ, орыс тілдерінде әдемі хабарлар жүргізетін Оксана Петерс, Майя Веронская, Юлия Кушнарева, Игорь Сахар, Ольга Саморукова, Ирина Тен, тағы басқалардың мәдениеті мен білімі, жұртты сүйсіндіретін адами қанық қазақ тіліндегі сөздері қалайша қазақша сөйлемейтін қазақтардың түйсігіне әсер етпейтініне таңғаламын.
Қазақ ежелден көнбіс, төзімді, сабырлы халық болса да аса сезімтал халық еді. Бір кезде бүкіл қазақ орыс тілін де орыстан жетік меңгеріп алдық емес пе? Орыс тілі біздің байлығымыз, біз одан ешқашан бас тартпаймыз. Орыс тілін жоғалтпаймыз. Қазір біздің жастарымыз ағылшын, неміс, қытай, түрік, тағы басқа тілдерді де еркін меңгеріп жүргенде өзінің қанында ағып, тамыры бүлкілдеп жатқан ата тегінің, анасының тілін білгісі келмейтіні не сұмдық? Міне, ұлттық идея жолындағы кілтипан.
Елбасының ерекше қасиеті – ел басқару ісінің мәртебесін, абыройын көтеріп, қандай қайшылықты, тығырыққа тірелген жағдайларда да асып, саспастан, әрі жайбарақаттыққа да салынбастан, ең ұтымды жол таңдап, әділ шешім қабылдай алатыны. Еліміздің мемлекет құрған жылдарында Қазақстан халқы оған талай рет куә болды.
Сондай аса маңызды іргелі шешім Қазақ мемлекетінің болашағымен тікелей байланысты тілден басталған көп мәселенің түбегейлі түбірін де Президент атап көрсетті. Қуанатын жағдай – Президент тұңғыш рет біздің Қазақ мемлекеті дәрежесіне өсу, өну жолымызды атап, соған жету үшін не істеу қажеттігін ашып айтты. Бұл зор тарихи жетістік, жеңіс болар еді. Егер Қазақ мемлекетіне жетсек, оның келесі сатысы «Мәңгілік Ел» болары сөзсіз.
Үстіміздегі 2013 жылдың да айқын ерекшелігі «Қазақстан- 2050» Стратегиясының алғашқы баспалдағы болатынында. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бұл жыл 1997 жылғы бағдарлама мен жаңа Стратегиялық даму бағдарламасының арасындағы жалғастырушы көпір қызметін атқарады. Осы уақытқа дейінгі сәтті жетістіктер 2013 жыл арқылы жарты ғасырлық болашаққа құлаш ұрмақ. Жолдауда аталып, айшықтап көрсетілгендей, жас мемлекетіміздің өсіп-өркендеу бағытындағы көптеген жасампаз жоспарлары дәл осы 2013 жылдан бастау алып, халқымыздың әлеуметтік тұрмысы мен өз мүмкіндігін өз игілігіне жұмсата алар шараларға жол ашылуы көзделуде. 2013 жылдың мемлекетіміздің дамып, қуаттана түсуінде елеулі, табысты жыл болуына бүгінге дейінгі экономикадағы, әлеуметтік бағыттағы жаңа межелер мен нысандар ауқымын кеңейту, тұрмыс сапасын көтеру көрсеткіштері де зор ықпал етіп, екпін берері анық.
XXI ғасырдың бел ортасындағы Тәуелсіз, өркендеген, қуатты, ізгілікті, еркін Қазақ мемлекетін көру бәріміздің де Арманымыз болса, сол Арманға тек қайратты Еңбек, қажымас Сенім мен Бірлік, Ынтымақ арқылы жетуге болатындығын санамызбен түсіну – біздің ұлттық парызымыз.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
«Нұр Отан» ХДП фракциясының мүшесі.