Аймақтар • 31 Шілде, 2019

Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы салынады

447 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала әкімі Алтай Көлгінов Әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барды. Аталған мекемеде мамандар мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетеді. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады. 

Елордада мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығы салынады

Орталықта егде жастағы 480 адамға және 560 мүмкіндігі шектеулі балаларға қызмет көрсетіледі. Орындар шектеулі, барлығына бірдей қажетті жабдықтар жетіспейді.

«Біз осында келіп жүргенімізге қатты қуанамыз. Балалармен мамандар айналысады. Мұнда дефектолог, логопед, еңбек терапиясы, уқалау ем-домын жасайтын медбикелер, емдік-физикалық жаттығулар жасайтын нұсқаушы кабинеттері бар. Дәрігерлердің шынайы қарым-қатынасы көрініп тұрады. Балаларды ипподромға да апаруға болады», - деді балалардың ата-аналары. «Алайда кемшін тұстары да жоқ емес. Ата-аналар да, ересектер де мұндай орталықтың бар екенін, келіп білікті мамандардан нәтижелі ем-шаралар ала алатынын көп біле бермейді. Барлығы біліп, келуі үшін осы мәселені шешсе жақсы болар еді», - деді ата-аналар.

Ата-аналар балалар арнайы жабдықтар мен аппаратта мейілінше көбірек ем-шараларын жүргізсе дейді. Алайда аппараттар бәріне бірдей жетпейді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Мұндай орталықтар мен мекемелерге сұраныстың көптігіне байланысты қала әкімдігі жаңа орталық ашу мәселесін зерттеп, зерделеп жатыр.

«Бәріне бірдей орын жетіспейді. Тағы бір осындай орталық қажет. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесе тағы бір оңалту орталығын ашуды ойластырып жатырмыз. 150 орындық орталыққа арналған жер телімін бөлеміз. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттарын зерттеп жатырмыз, бұйыртса, келесі жылы құрылысты бастауды жоспарлап отырмыз. Сіздердің орталықтарыңызға қандай аппараттар жетіспейді, сіздер бізге айтыңыздар. Оны алып берудің жолдарын қарастырамыз»,-деді А. Көлгінов.