Қоғам • 01 Тамыз, 2019

Қазақстандықтар тәулігіне 17 грамм тұз тұтынады

904 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының міндетін атқарушы Руслан Сатывалдеев хабарлады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүргізген зерттеуге сәйкес, Қазақстандағы тұзды тұтыну деңгейі әлем бойынша ең жоғары көрсеткішке жеткен.

Қазақстандықтар тәулігіне 17 грамм тұз тұтынады

Халықаралық ұйымның мәлі­метінше, ел тұрғындары тәулік­тік мөлшерді 3 еседен арт­тырып, күніне 17 грамм ас тұзын пайдаланады екен. Бұл ретте тиісті норма 5 грамды құрай­ты­нын атап өткен орынды. Ма­ман­дар мөлшерден артық тұзды тұ­тыну жүрек-қан тамыр ауру­лары, артериялық гипертония, ин­сульт, инфаркт, семіздік, ІІ типтегі қант диабетінің дамуы сияқты созылмалы жұқпалы емес ауруларға, сондай-ақ кей­бір онкологиялық сырқат түр­лерін қоздыруы мүмкін екенін жа­сы­рған жоқ. Осыны ескере келе Қоғамдық денсаулық сақ­тау ұлттық орталығы және С.Сей­фуллин атындағы Қазақ агро­техникалық университеті ынты­мақтастық меморандумына қол қойды. Мұндағы көзделген меже – ұн өнімдерінен жасалатын тағамдағы тұздың мөлшерін 1 грамға біртіндеп азайтып, рецептураны өзгерту. Сол секілді қазақ­стандықтар арасында дұ­рыс тамақтану мәдениетін қа­лып­тастыру қажет.

– Адам денсаулығының дұрыс болуы 70%-ға дұрыс тамақ­тануына байланысты. Бұл бағыттағы жұмыстарды өткен жылдан бастап қолға алдық. «Атамекен» ҰКП-мен бірле­сіп нан-тоқаш өнімдерін өндіру­ші­лермен түсіндіру жұмыстарын жүр­­гізудеміз. Осы іске Қазақ агро­­тех­никалық университеті жұ­мыл­­дырылғаны қуантып отыр. Өйт­­кені оқу орнының ғылыми-тех­­­ни­калық базасы дұрыс та­мақ­тану ісін жан­дан­дыруға сеп­теседі деп үміттенеміз. Бұған қоса елордадағы және Қара­­ған­ды­­дағы нан-тоқаш өнім­дерін өндірушілермен ортақ келі­сім­ге қол жеткізу жоспарда бар. Әзірге пайдалы тағам уни­вер­ситет қа­быр­ғасында өндіріл­мек. Үш жыл көлемінде нан өнімдеріндегі тұз­ды 1 грамнан азайту көзделген, – дейді Руслан Сатывалдеев.

Аталған білім ордасының тәжі­рибелік-өндірістік цехында сту­денттер мен оқытушылар үшін құрамында тұзы аз нан өнім­дері әзірленетін болады. Екі­­жақты ынтымақтастық шең­­берінде халықаралық сарап­шы­ларды тарта отырып түрлі өнімдердегі тұзды азайту мәсе­лелері бойынша консуль­та­циялар, семинарлар, сондай-ақ пайдалы тамақтану мәдениетін қалыптастыру бойынша акциялар ұйымдастыру жоспарланған.

 Жақсылық МҰРАТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»