Руханият • 01 Тамыз, 2019

Қасиетті қандыағаш

1339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шоқан өскен Құсмұрын өңірі қыратымен, сай-жырасымен көрікті. Шыңғыс төре үйін тікті деген қайың тоғайы жазда нәзік жасыл желең жамылып, күзге қарай Ғафу ақын айтқан «елтінжал» көркіне ауысады.

Қасиетті қандыағаш

Қайың тоғайы тек Құс­мұ­рында ғана емес, әр жерден-ақ алдыңнан шығады. Ал То­был-Торғай бойындағы жал­ғыз қандыағаш тоғайы да Құс­­мұ­­­рынды таңдағандай. Жа­ғасы жар, терең сайдағы тұ­таса өс­кен биік ағаштар алыстан зо­райы­п, қарауытып, жақыннан тоқжасыл болып көрінеді. Ал то­ғайдың іші кәдімгідей қара­көлеңке, ас­панмен таласып, ұшар басына қараған адамның та­қиясы түсетін қандыағаштың қалың жапырағынан күн сәулесі се­безгілеп тұрады. Бір қы­­зы­ғы, сайдың ортасына қарай қан­дыағаштар тіреліп тұр да, ал сайды жағалай терек өскен. Ыл­ғалдың молдығынан болуы керек, олар да аспанға шан­шыл­ған биік, жапырағы желге қойған қалақтай дамылсыз судырайды.

–  Қандыағаш азайып ба­ра жатқан соң, тоғайды терек көм­ке­ріп, қорғап тұрған сияқ­ты ғой. Та­биғатта қателік болмайды, бә­рі дұрыс, – дейді жол­серігіміз Ермек Кенжебаев. Соң­ғы жылдары қандыағаш Қа­зақ­станның «Қы­зыл кіта­бына» кірді. Бұл жердегі атал­ған тоғай мем­лекеттік табиғат ескерткіші саналады да, оны «Семиозер» орман­ды және жануарларды қорғау мемлекеттік мекемесі күзетеді. Тоғайлы сай «Құсмұрын көлінің жанындағы қандыағаштар – Қараағаш шат­қалы» деп аталады. Шоқан суын ішкен Орта бұлақ та сол сайда ағып жатыр.

Биолог Андрей Андрющенко қандыағашты осыдан 10-12 жыл бұрынғы Тобыл өңіріндегі сыңсыған тайгадан қалған жәді­гер дейді.

– Қандыағаш Тоғызақ өзе­нінің бойында бір-екі жерде және Меңдіғара ауданындағы Введен ауылының айналасында кездеседі. Онда да әр жерде бір түп ағашты көруге болады. Қандыағаш бұ­лақ­қа жақын өседі, ол жерлерде жер­асты тұщы сулары алыс болмаса керек. Судың сапа­сы адам түгіл, ағашқа да жа­ғады екен, қандыағаш 120-150 жыл жасайды. Тіпті 300 жыл жасаған ағаш туралы да жазады биологтар, оның ұзындығы 35 метрге жетеді, – дейді Андрей.

Жанымызға ерген жолсеріктің бірі Жауһар Ғабдулина осындағы қазақтар бұл ағашты қасиетті санағандығын айтты.

– Оны кескенде діңінен шы­ғатын шырынның түсі қан сияқты қызыл көрінеді. «Ертеде ақса­қалдар «қандыағашты кеспеңдер, оны кесу – адам өлтіргенмен бір­дей» деп, балта жұмсауға тыйым салатын еді» дегенін ауылдың үлкен кісілерінен естіп едім, – дейді Жауһар.

 Мұның сырын облыстағы әйгілі ағаш шебері Таңатқан Бо­жақовтың әңгімесі аша түсті. Қандыағаштың бұлақ бар жерде өсетінін ол да айтты.

– Орыс халқының ағаш ше­берлері ертеде қандыағашты «ха­мелеон ағаш» деп атаған. Себебі кес­кенде, қабығын ар­шы­ғанда шырыны түрлі-түсті болады, арасында қыз­ғылт түс те кездеседі. Олар мұ­нан жиһаз, ыдыс жасаған. Біздің жерде кездесетін қандыағаштың діңі сұрғылтқоңыр, ал Ресейдің сол­түстігіне қарай өсетіндерінің діңі қарақоңыр болады. Мен ағаш­ты көбіне Ресейден әке­лемін ғой. Біз­дің далада сирек кез­десетіні рас. Өзім қанды­ағаштан шөміш пен қасық жа­са­ғанмын, өте әдемі, сұлу шыққан еді, – дейді Таңатқан ағай.

Біз қандыағаш тоғайынан шық­­қанда күн еңкейіп қалған еді, көлеңке тіпті ұзарып кетіпті.

 

Қостанай облысы,

Әулиекөл ауданы