01 Тамыз, 2019

Жазасын өтеушіні азаптағандар жазасын алады

542 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жуырда интернет желісінде Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЛА-155/8 мекемесі қызметкерлері мен осы колонияда жазасын өтеп жатқан сотталушылардың заңсыз әрекеттері бейнеленген видео тараған болатын. Ішкі істер министрінің өзі бейне кадрлардағы әрекетті «масқара жағдай» деп бағалаған іс бойынша түрме басшылығы түгелімен жұмыстан қуылып, колония бастығының орынбасары ұсталды. Бұл ақпарат Мемлекет басшысына да жетіп, Қасым-Жомарт Тоқаев туиттердегі парақшасында: «Алматы облысы Заречное ауылындағы түзету мекемесінде (ТМ) жазасын өтеушілерді азаптау деректеріне қатысты Бас прокурорға жан-жақты тергеу жүргізуді тапсырдым. ТМ-нің 5 қызметкері ұсталды, бірқатары жұмыстан босатылды. ІІМ-не ТМ жаңғырту тапсырылды. Азаматтық бақылауды күшейту қажет» деп жазды. Жалпы, түрмедегі адамдардың тағдыры мен олардың құқықтарының қорғалуы өте нәзік мәселе. Оған қоса, бұл саладағы әрбір әрекет немесе әрекетсіздік халықаралық ұйымдардың бақылауында тұр.

Жазасын өтеушіні азаптағандар жазасын алады

Түрме басшылығы қызметтерінен түгел кетті

Жасырын түсірілген бейне кадрларда колония қызметкерлері мекеменің спортзалында жазасын өтеушілердің бірінің қолын қайырып жатқаны, ал келесі бөлмесінде қызметтік форма киген үш қызметкер жабылып бір адамның қолын артына қайыра байлап, спорт құрылғысының жоғары жағына асып қойғаны анық көрініп тұр. YouTube желісіне салынған бұл видеоның түсін­дір­ме­сінде жазасын өтеушілердің бірі мекеме әкімшілігінің заңсыз іс-әрекеттері бойынша прокурорға шағым­дан­ғаннан кейін колония басшылығы арызданушыны осындай жолмен жазалаған кезі деп көрсетілген.

Дәл осы бейне кадрлар қоғамның едәуір наразылығын туғызып, Ішкі істер министрлігі тарапынан қызметтік тексерістердің басталуына түрткі болып еді.

Мекемеде тексеру жүргізу үшін шұ­ғыл түрде Алматы облыстық полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік бас­қар­ма­сының жедел тергеу тобы аттандырылды.

Тексеру тобы жұмысының алғашқы нәтижелері бойынша журналистерге арнап брифинг өткізген Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз бұл материалдардың барлығы жіті зерттеліп, оның екеуінде расымен де сотталушыларға мекеме қыз­мет­кер­ле­рінің тарапынан қандай да бір күш қолданылғаны анықталып, жинақталған материал облыстық прокуратураға жолданғанын мәлімдеді. Ресми өкіл Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша осы мәселені егжей-тегжейлі тексеру үшін жедел түрде қылмыстық-атқару жүйесінде арнайы комиссия құрылғанын да хабарлады.

– Қылмыстық-атқару жүйесі коми­­тетінен Алматы облысына өкіл­дер жіберілді. 29 шілдеде тәртіптік комис­сияның нәтижесі бойынша, 14 қызметкер түрлі жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жетеуі қызметінен босатылды. ЛА-155/8 мекемесі басшының екі орынбасары жұмыстан қуылды, сондай-ақ мекеме басшысы орнынан босады, – деді Н.Ораз.

Ал сейсенбі күні Үкімет отырысынан кейін журналистер алдына шыққан Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ЛА 155/8 түзету мекемесіндегі азаптауларды «масқара жағдай» деп бағалайтынын айтты.

– Әзірге мекеме ішінде түсірілген 40 бейнежазба мен аудиофайл тексерілді. Оның екеуінде сотталушыларға қатысты қинау фактісі байқалады. Қалғандарында түрме қызметкерлері өз қызметін асыра пайдаланған және колония әкімшілігінің тұтқындарды ұстау режімін бұзған, – деді Е. Тұрғымбаев.

Негізі тергеудің алдын ала қоры­тын­ды­лары бойынша аталған колонияның бес қызметкері ұсталған. Оқиға бо­йынша қозғалған екі қылмыстық іс­тің бірін – өзіндік қауіпсіздік де­пар­та­­менті, екіншісін – арнайы про­курорлар қозғаған. Қылмыстық іс не­ғұр­лым объективті жүргізілуі үшін Алматы облысының прокуратурасына тапсырылған.

Министрдің айтуынша, ұсталған бес қызметкердің бірі – колония бастығының орынбасары.

21 қызметкер сотталған

Е.Тұрғымбаевтың айтуына қарағанда, жақында ғана пени­тенциарлық жүйемен тікелей айна­лы­сатын халықаралық сарап­шылардың, үкіметтік емес ұйым­дар­­дың қатысуымен жүйе жұмысын жақ­сар­ту үшін форум өткізілген. Министр осы орайда мұндай оқиға­лар­дың алдын алу шаралары үздіксіз жүргізілетінін де айтты.

– Өзге мекемелерде Заречныйдағы оқиға қайталанбауы үшін ұлттық пре­вен­тивті механизм ұйымымен және азаматтық қоғаммен бірлесіп, азаптау фактісі болған мекемелерге тексеру жүргіземіз, – деді Ішкі істер министрі.

Жалпы, бұл жағдай бойынша Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшылығы да жазасыз қалған жоқ. Мәселен, арнайы тергеу тобы зерделеген бейне роликтердің ұзын-ырғасы қырықтан асып жығылады. Сонда жабық мекемеде аталған роликтер қалай түсірілген?

ҚАЖК төрағасының бірінші орынбасары Теңізжан Жәнібеков өз сұхбатында биылдың өзінде ҚАЖК жүйесінде 21 адамның әртүрлі қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылғанын мәлімдеді. Олардың барлығының қылмыстары тайға таңба басқандай айқын фактілер арқылы дәлелін тапқан.

Жалпы, «Халықаралық түрме реформасы» ұйымының Орталық Азия­да­ғы өкілдігінің директоры Азамат Шамбиловтің деректеріне қарағанда, ресми статистика бойынша 2016-2018 жылдар аралығында ұсталғандарға қатыгездік танытып, қорлық көр­сет­кен­де­рі үшін құқық қорғау органдарының 53 қыз­мет­кері сотталған болса, олардың 13-і – қыл­мыс­тық атқару жүйесінің өкілдері.

Негізінен, еліміздің қылмыстық атқару жүйесі соңғы онжылдықта Ішкі істер министрлігінен Әділет министр­лі­гі­нің құзырына беріліп, кейін полицейлерге қайтарылуы да бұл жүйенің онсыз да солқылдақ тұстарын қақыратып жібер­ген­дей әсер қалдырады. Мәселен, сонау бір жылдары Балқаш қаласы мен Маңғыстау облысының аумағындағы мекемелерден жазасын өтеушілердің топтасып қашуы бұл саланың кейбір кемшіліктерін ашып берді.

Ал жазасын өтеушілердің құқықтары «Халықаралық түрме реформасы» ұйы­мы тәрізді көптеген халықаралық ұйым­дар­дың жіті бақылауында болатыны Қылмыстық атқару жүйесінің жеке құрамына жете түсіндірілмесе керек. Өйткені түрмеден тарайтын әрбір дау­дың, шулы оқиғаның соңы еліміздің халықаралық беделіне теріс әсерін тигі­зе­рін алдымен офицерлер білуі тиіс еді.

 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»