Аймақтар • 01 Тамыз, 2019

Қостанайда ерлікпен қаза тапқан полицейлерге ескерткіш тақта орнатылды

458 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды. Бұл туралы облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қостанайда ерлікпен қаза тапқан полицейлерге ескерткіш тақта орнатылды

Елімізде Тәуелсіздік алған сәттен бастап қызметтік борышын орындау кезінде 2264 полицей ажал құшқан, оның ішінде 785 полицей қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан. Қостанай облысы бойынша 42 тәртіп сақшысы қызметте жүріп көз жұмған, оның 11-і қылмыскерді құрықтау кезінде ерлікпен көз жұмды. Бұл ескерткіш тақта сол марқұмдардың құрметі үшін орнатылып отыр.

Ескерткіштің ашылу рәсімінде жиналған жұрт сертіне берік болған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. «Ер есімі – ел есінде» деген осы, алдағы уақытта мұндай ескерткіш тақта бірқатар ауданда пайда болмақ.

«Біз өз қызметіне адал болған, ел тыныштығы үшін өмірін қиған әріптестеріміздің аруағының алдында бас иеміз. Олардың ерлігі – бүгінгі полицейлерге үлгі. Ішкі істер органына келген әрбір жас осы тақта алдында Отан үшін ант береді» деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ардақ Қабыкенұлы.

Іс-шара соңында аудандық тәртіп сақшылары тас белгіге құрмет көрсетіп, жиналған жұрт гүл шоқтарын қойды.

 

Қостанай облысы,

Федоров ауданы