12 Қаңтар, 2013

Президент Жолдауы – Мәжіліс депутаттарының Батыс Қазақстандағы кездесулерінің арқауы

257 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Президент Жолдауы – Мәжіліс депутаттарының Батыс Қазақстандағы кездесулерінің арқауы

Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:33

Нұрлан Нығматулин: Елбасының жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыру әрбір қазақстандықтың жаңа дәуір тынысын сезінуіне мүмкіндік береді.  

Халық қалаулылары жаңа жылдағы алғашқы кездесулерін еліміз үшін тарихи құжатқа айналған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын тал­қы­лауға арнады.

Сенбі, 12 қаңтар 2013 7:33

Нұрлан Нығматулин: Елбасының жаңа стратегиялық бағытын жүзеге асыру әрбір қазақстандықтың жаңа дәуір тынысын сезінуіне мүмкіндік береді.  

Халық қалаулылары жаңа жылдағы алғашқы кездесулерін еліміз үшін тарихи құжатқа айналған Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауын тал­қы­лауға арнады.

Қазақстан Парламенті Мә­жі­­лісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин Батыс Қазақстан облысы халқымен және еңбек ұжымдарымен кездесті.
Батысқазақстандықтар Пре­зи­денттің халыққа Жолдауын ерекше ықыласпен қабыл алды. Се­бебі, Елбасы ұсынып отырған жаңа стратегиялық бағыт бүкіл елі­мізге және әрбір аймаққа одан әрі қарқынды дамуға және құ­былмалы тарихи жағдайда ұзақ­мерзімді тұрақты дамуға қа­білетті болуға серпін беріп отыр.
Бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысы мемлекеттік және ха­лық­аралық деңгейдегі ірі жобаларда табысты пайдаланы­лып келе жатқан мықты өндірісімен, табиғи, кадрлық потенциалымен мақтана алады. Сондықтан болар, Парламент Мәжілісінің Төрағасы кездесу өткізген ба­тыс­қазақстандық машина жасау компаниясында (БҚМК) қызу талқылау  өтті. Кездесу барысында Пре­зи­денттің жаңа стратегиялық бағытының инновация, ин­дус­трияландырудың жаңа ке­зеңі, еліміздің экономикалық өсуі мен одан әрі дамуы үшін Қа­зақ­станның басты байлығы ретінде ре­сурстарды пайдалану, отандық өнеркәсіпке мамандар дайындау сияқты өзекті тұстарына ерекше назар аударылды.
«Президентіміз  өз Жол­дау­ында өте маңызды мәселе – қазақстандық кәсіпорындарға мамандар дайындауға барынша назар аударуда. Өйткені, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі жұмысшы мектебінен өткен тәжірибелі  адам, сондықтан, кәсіби техникалық мамандықтың қаншалықты маңызды екенін жақсы біледі. Бұл біздің кәсіпорын үшін де өте қажет.
Сондықтан мен Елбасымыздың идеясын қолдай отырып, күнделікті жұмыс барысында да жас мамандармен тәжірибемді бөлісуге тырысамын», деп өз пікірімен бөлісті Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының кадр жөніндегі директоры, көптеген жас мамандардың тәлімгері Виктор Кузнецов.
Батыс Қазақстан облысының машина жасау компаниясы – облыстағы ең ірі кәсіпорындардың бірі. Қазіргі уақытта оның өнімі көптеген салаларда, мұнай-газ, құрылыс, ауылшаруашылығында жоғары сұранысқа ие. Аса ма­ңыз­ды бағыттарының бірі – аза­маттық және әскери-авиациялық қозғалтқыштарды жөндеу бо­й­ын­ша Қазақстан үшін инно­ва­циялық және ерекше базаны ұйымдастыруы.  Кәсіпорын қызметінің бұл түрі де еліміз бойынша бірегей.  Алдағы уақытта кәсіпорын жоғары қысымды сорғылық қондырғы жөндеу мен өндіруді, азаматтық шағын авиация өндірісін меңгеруді жос­парлап отыр.
– Президентіміз айтқандай, болашақ – жоғары технологиялар жасауда. Біз оның еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Біздің мекеме де бір орнында тұрған жоқ. Алдағы уақытта кәсіпорын азаматтық шағын авиация өндірісін меңгеруді жоспарлап отыр, – деді БҚМК №1 өндірісінің  бастығы Ақылжан Ахметов.
Компания жұмысшылары Елбасының инновациялық-технологиялық бағытты қарқынды дамыту қажеттігін айтқан көрегендігі болашаққа деген нық сенімдерін бекіте түскенін жеткізді. Оған аға бақылау шебері Наталья Акутинаның: «Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев ұзақмерзімді даму бағытын ұсынып отыр. Біздің басты мақсатымыз – еңбек ету. Өйткені, алдағы өміріміздің қандай болатыны, балаларымыздың қалай өмір сүретіні біздің әрқайсымызға байланысты», деген сөздері дәлел бола алады.
Халықпен кездесу барысында Нұрлан Нығматулин Президенттің «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында ашылған Орал қаласындағы  №5 қалалық емханасында да болды. Бүгінгі күні бұл медициналық мекеме 45 мыңға жуық адамды қамтитын қаланың солтүстік-шығыс ауданы тұрғындарына қызмет көрсетеді. Емханада кәсіби медициналық көмек көрсетудің барлық жағдайлары жасалған. Бұл жерде түпкілікті нәтижеге межеленген еңбекақы төлеу енгізілуде.
Жүздесу кезінде талқыланған тақырыптың бірі – әлеуметтік саясаттың жаңа ұстанымдары болды. Онда денсаулық сақтау саласын дамытуға баса назар аударылған.
– Медицина қызметкерлері әрқашанда Елбасымыздың ерекше қамқорлығын сезініп келеді. Жаңа ауруханалар ашылып, жаңа технологиялар енгізілуде. Қазақстандықтардың сапалы медициналық көмек алуы үшін біз одан әрі кәсібилікті арттыруға жұмыла кірісудеміз, – деді №5 қалалық емхана директорының медициналық жәрдемді ұй­ым­дастыру жөніндегі орынбасары Индира Амирова.
Сонымен қатар, медициналық қызмет сапасының бірегей стандарттарын енгізу, медициналық мекемелердің материалдық-тех­никалық жабдықтарын бір­ыңғайландыру, Елбасы Жолдауында айтылған аурулар түрінің барынша кең спектрін диагностикалау және емдеумен қамтамасыз ету, профилактикалық медицинаны жетілдіру, «Смарт – медицина», қа­шықтықтан профилактика және емдеу, «электрондық медицина» қызметтерін енгізу сияқты өткір тақырыптар әңгіме өзегіне айналды.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасы медициналық көмектің сапасын басқару жөніндегі қызмет бастығы Александр Гехман:
– Орталықтан алыс жатқан көптеген аудандары бар біздің облыс үшін Президентіміз айтқан смарт-медицина, қашықтықтан емдеу сияқты медициналық қызметтің жаңа түрлерін енгізу өте маңызды, – деді өз сөзінде.
Сондай-ақ, ақ желеңділер Мәжіліс Төрағасынан жастарға қандай қолдау көрсетіледі, бұл мәселе заңдық тұрғыда қалай шешіледі, аймақтық және жаһандық қауіпсіздік проблемалары сияқты өздерін толғандырған сауалдарға жауап алып қалуға тырысты. Осыдан кейін Нұрлан Нығматулин кездесуді қорытындылай келіп: «Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы  Батыс Қазақстан облысында да кең қолдауға ие болуда. Себебі, Отанымыздың жаңа экономикалық,  әлеуметтік және саяси даму бағыты еліміз азаматтарына ерекше серпін бергені сөзсіз. Сондықтан, олар өздерінің және ұрпағының жарқын болашағын тікелей осы тарихи Жолдаумен байланыстырып отыр», деп өз ойын түйіндеді.
Өңірге сапар барысында Нұр­лан Нығматулин тағы да бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.
Темір ҚҰСАЙЫН, 
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы.
Суретті түсіргендер 
Рафхат ХАЛЕЛОВ,
Александр КУПРИЕНКО.