Қазақстан • 02 Тамыз, 2019

Машина жасау саласының дамуына кедергілер бар

918 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Үкімет үйінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов пен Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ төрағасы Мейрам Пішембаевтың қатысуымен «Машина жасау саласын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған жол картасы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Машина жасау саласының  дамуына кедергілер бар

Индустриялық-инно­вация­лық даму мемлекеттік бағдар­ла­масының бірінші және екінші бесжылдығы шеңберінде машина жасау өнеркәсіптің басым салаларының бірі ретін­де айқындалғаны анық. Индус­трияландыру бағдарламасын іске асыру жылдарында машина жасау экономиканың ең серпінді дамыған салаларының біріне айналып, саладағы өндіріс 2018 жылы 1 трлн теңгеден асты. Ал 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында машина жасау өндірісінің көлемі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда  13,4 пайызға артып, 553 млрд теңгені құрады. Аталған кезеңде жалпы сомасы 367 млрд теңгеге 128 жоба іске қосылды. Жалпы көлемі 54 млрд теңге болатын тағы 10 жоба алдағы уақытта іске қосылмақ.

Жалпы, машина жасау саласы бойынша ел экономикасы дамуының әлеуеті жоғары. Баспасөз мәслихатында ай­тыл­ғандай, аталған саладағы импорт қазіргі таңда шамамен 13 млрд АҚШ долларын құрайды. Соның ішінде электр жабдығы, мұнай-газ машинасын жасау және автомобиль жасау саласының өнімдері негізгі импорттық өнімдер. Ал саладағы отандық өндіріс көлемі 3 млрд АҚШ долларының айналасында.

Қазіргі таңда елде ұзын-саны 2 600-ден астам машина жасау кәсіпорны бар. Онда 64 мыңдай адам жұмыспен қамтылған. Сала бойынша бір қызметкердің орташа еңбек өнімділігі 12,4 мың АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар машина жасау саласындағы бір жұмыс орны аралас салаларда тағы 7-8 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретіні де айтылуда.

«Машина жасау саласында жүйелі проблемалар да бар. Олар негізінен отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілік деңгейінің төмендігі, елімізде жоғары қоспалы және ыстыққа төзімді  қорғасын өндірісінің жоқтығы, жабдықтардың тозуы, білікті мамандардың жетіспеушілігі. Білікті мамандардың тапшылығы кәсіпорындардың толық қуатымен жұмыс істемеуіне әкеп соғады. Аталған проблемалы мәселелерді шешу, саланы дамыту бойынша резервтерді анықтау және іске асыру мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ-мен бірлесіп, Машина жасау саласын дамыту бойынша 2019-2024 жылдарға арналған Жол картасын әзірледі. Ол Премьер-Министрдің 2019 жылғы 26 маусымдағы Өкімімен бекітілді», деді вице-министр А.Ержанов.

Министр орынбасарының айтуынша, жол картасы бойынша 11 бағытта 57 іс-шара көзделген. Бұл саладағы экспорт көлемінің 1,2 есеге артуына жол ашпақ.

«Машина жасау саласы – ұзақмерзімді қайтарымы бар капитал сыйымды салалардың бірі. Сарапшылардың есептеуі бойынша, егер салаға жыл сайын кемі 185 млрд теңгеден қаржы бөлінсе, қосымша 740 млрд теңгеге дейін жеке инвестиция тартуға мүмкіндік бар», деді «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев.

Басқарма төрағасының айтуынша, аталған жол картасының негізгі тармақтары сәтті іске асырылған жағдайда, бұл 2024  жылдың соңына қарай өндіріс көлемінің 2 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз етіп, еңбек өнімділігін 24 мың АҚШ долларына жеткізіп, машина жасау өнімінің экспортын 30 пайызға арттырмақ.