Өндіріс ошағының тарихы 2015 жылы Тараздағы автотұрақ аумағынан тыс қалған жерді сатып алудан басталыпты. Фабрика басшысы Сәуле Сатыбалдиева кәсіпорын ғимаратының бірін қайта құру жұмыстарын қолға алып, вафли әзірлеу бойынша аустралиялық НААS компаниясының жабдықтарын сатып алуға келісім жасайды. Ол «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы арқылы 1,2 млрд теңге көлемінде несие алған-ды. 2017 жылдың соңында монтаждау және іске қосу жұмыстары жүргізілді, ал 2018 жылдың басында рұқсат беру құжаттарын алғаннан кейін фабриканың алғашқы өнімдері сауда желілерінің сөрелеріне түсе бастаған.
Бүгінде мүмкіндігі мол. Фабриканың өндірістік қуаты айына 250 тонна дайын өнімді құрайды. Компанияның бірінші бөлігі іске қосылған мезеттен бастап тәттінің 34 түрі шығарылып, тұтынушылардың көзайымына айналды. Қазіргі таңда 30 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Сапа тұрғысынан шетелдің брендтерінен кем түспейтін «Сәуле» фабрикасына сыртқы серіктестер қызығушылық танытып, былтыр күзде Қытай нарығына шықты.
Фабрика Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасынан тауардың шығу тегі сертификатын алды. СТ-КZ сертификаты тауардың Қазақстан Республикасының аумағында шығу тегін растайды, бұл өз кезегінде жеткізушіге жеңілдікті шарттарда өткізілетін барлық сатып алуға қатысуға мүмкіндік береді.
Енді аталған серіктестік болашақта Азия елдеріне ғана емес, өнім ассортиментін теңіз асып Еуропа нарығына шығаруды, өндіріс көлемін ұлғайтуды, қанатын кеңірек жайып, басқа да осындай өндіріс ошақтарын ашып, желілерін көбейтуді көздеп отыр. Жастығына қарамастан, ауқымды іспен шұғылдануға батыл кіріскен кәсіпкер Сәуле Сатыбалдиеваның мақсаты – фабриканың жаңа корпусын салу, шоколад пен карамельден жасалған кондитерлік өнімдер шығаратын жаңа желілерді сатып алу. «Сәуленің» желілері пайда болып, қуаты күшейгеннен кейін штаттағы адамдар санын 200 адамға дейін кеңейту жоспары бар.
Биылғы жылдың соңына дейін жаңа өндіріс ғимаратын салу және жаңа өндірістік желі сатып алу жоспарланып отыр. Қазіргі заманғы жабдықтарды енгізу кәсіпорынның қуатын 4500 тоннадан 12 000 тоннаға дейін арттыруға және өнімді экспортқа көбірек шығаруға мүмкіндік береді.