Әрине бұл еліміздің «Азық-түлік қауіпсіздігі» доктринасына өрескел қайшы болғанымен, агроөнеркәсіп кешенінің өкілдерін де түсінуге болады. Бірақ уәж бойынша ішкі нарықтағы сұраныс жоғары болғанымен, тұтынушылардың сатып алу қабілетінің төмендігі дайын өнімді импорттауға итермелейтін көрінеді. Мысалға, экономистер дәл қазіргі жағдайда базардағы картоптың бастапқы құны 250 теңге шамасында болуы керек деп есептейді. Ал «екінші нанның» әр килосы оңтүстік өңірдегі базар мен дүкен сөрелерінде 90-120 теңге шамасында сатылып жатыр. Тіпті азық-түлік бағасы жоғары дейтін аймақтардың өзінде картоп бағасы 135-170 теңге аралығында құбылып тұр. Дәл осы жерде мемлекет халық тұтынатын азық-түлік тауарының бағасын субсидиялау арқылы барынша төмендетуге тырысып отырғанын айтуымыз керек. Бұл қолдау шарасы Үкіметтің картоп өсіруші шаруашылықтардың тұқым, жанар-жағармай, тасымал шығындарын өтеп беруі арқылы жасалуда. Бірақ осы картоп бағасының маусым сайын күрт құбылуына ауыл шаруашылығы еңбеккерлері кінәлі болмауы керек. Оның үстіне басқа өнім түрлерін былай қойып, отандық нарықты қолжетімді бағадағы картоппен қамтуда ауылдағы ағайынның еңбегі өлшеусіз. Олардың қатарында Жетісудың Нарынқол өңірінің де үлесі бар. Нарынқол топырағында өнген картопқа сұраныс жоғары. Алматы қаласының тұтынушылары үшін қазір таулы өлкеде өскен «екінші нан» тапшы. Өйткені соңғы екі жылдан бері Райымбек ауданында өнеркәсіптік картоп өндірісі дами бастады. Нәтижесінде былтыр Нарынқол топырағында өнген картоптың элиталық тұқымы 100 гектарға шаққанда 300 центнерден өнім беріпті. Бұл бұрынғыдан 2 есе жоғары көрсеткіш екен. Ал дайын өнім крахмал зауыты мен картоп сірнесін жасауға жөнелтілген.
– Кезінде осы Нарынқол өңірінде картоп егетін алқаптың көлемі 8 мың гектардан асатын еді. Қазір соның төрттен бірі ғана қалды. Ниет болғанымен, мүмкіндік шектеулі болды. Біздің ұжым 2017 жылы 200 гектар алқапқа картоп егіп, одан 5 мың тонна өнім алды. Техника мен тұқым жайы жақсарса, көлем артып, өнім де көбейеді ғой. Біз мемлекет тарапынан қолдауды енді сезініп жатырмыз. Алматы облысында былтырдан бері картоп шаруашылығын жандандыруға 132 млн теңге қаражат жұмсалды. Нәтижесінде аудандағы картоп егумен айналысатын шаруа қожалықтарына техникамен көмек көрсететін 2 сервистік орталық құрылды, – дейді Райымбек ауданындағы «Өрнек» шаруа қожалығының басшысы Талғат Түсіпқожаев.
Жалпы, картоп өндірісін дамытудан түсетін пайда қомақты екен. Тек көзін табу керек. Дерек бойынша, әр қазақстандық бір жыл ішінде шамамен 130 кило «екінші нан» өнімін тұтынады екен. Демек картоптың көтерме саудадағы биылғы бағасын 90 теңгеден деп алғанның өзінде әр адам есепті жыл бойына 11 700 теңге қаражатты тек осы өнімге жұмсайды деген сөз. Ал бұл соманы азық-түлік себетін тұтынатын адам санына көбейткенде, отандық картоп шаруашылығының табысы шаш етектен болып шығады. Бірақ шын мәнінде солай ма? Жасырмай айтсақ, еліміздегі картоп өніміне деген сұраныс басқа да азық-түлік тауарлары сияқты сыртқы нарыққа толықтай тәуелді. Яғни, отандық агроөнеркәсіп кешені қазақстандықтардың сұранысын қамтуға қауқарсыз. Өнімділіктің төмен болуы мен дайын өнімнің өзіндік құнының тым қымбатқа шығуы өз топырағымызда өнген картоптың ішкі нарықтағы бағасын қымбаттатуға мәжбүр етеді. Оның үстіне, жергілікті өнімді импорт тұншықтырып отыр. Дерек бойынша, тұтыну себетіндегі күн сайынғы сұранысқа ие көкөністің көп бөлігі сырттан тасымалданады. Бұл тізім бойынша қызанақтан кейінгі орында картоп тұр. Мәселен, соңғы 5 жыл көлемінде Қазақстан нарығына жалпы құны 70 млн АҚШ доллары болатын қызанақ және 16 млн доллар тұратын картоп өнімі кірген. Ал қырыққабат импорты үшінші орында, оның бағасы 14 млн доллар шамасында екен. Бір қызығы, отандық түбірлі жеміс өнімінің экспорты жыл сайын ұлғайып келеді.
Айтпақшы, мамандардың сараптауы бойынша, қазақ даласында өскен картоп, пияз өнімі солтүстіктегі көрші елде жоғары сұранысқа ие болуда. Әсіресе Ресей мен Еуропа елдері арасындағы сауда санкциялары кезінде қазақстандық көкөніс пен жеміс-жидекті қотарып сатып алу үрдісі басталған. Бұл Ресейдің ішкі нарығындағы тұтыну сұранысын қамтамасыз ете алмауынан болып отырған көрінеді. Ресей кеден қызметінің мәліметінше, 2017-2018 жыл аралығында Қазақстаннан импортталған қызанақ көлемі 19 есеге, қияр өнімі 10 есеге, қырыққабат 5 есеге және сәбіз, қызылша сияқты жемістер үлесі де 3 жарым есеге бірден өскен. Мұның ішінде картоп тасымалы 2 есеге дейін көбейіпті. Мамандар қазақстандық өнімге биылғы сұраныс тіптен көбеюі мүмкін дейді. Ресейдің қара топырақты, орманды алқаптарында болған өрттің салдары көрші елдің ауыл шаруашылығы үшін өте ауыр соққы болмақ. Демек, қазақ шаруасының өнімі сыртқы сұранысты өтеуге кетіп, ішкі нарықта тапшылық пен бағаның құбылуы орын алуы әбден ықтимал...
Алматы облысы