Аймақтар • 02 Тамыз, 2019

Бюджет қаражаты мақсатты қолданылуы керек

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңадан салынатын құрылыс нысандарының жобалық құны 2 млрд теңгеден асқан жағдайда қазынашылық сүйемелдеу қолданы­лады. Қаржы министрлігі қолға алған бұл бастама көлеңкелі экономи­каның алдын алуға, бюджет қаражатын оңтайлы пайдалануға бағытталған. 

Бюджет қаражаты мақсатты қолданылуы керек

Жоба шарты бойынша барлық операциялар қазы­на­шылықтың аумақтық бөлім­шелерінде ашылған жеке шот арқылы жүзеге асады. Бас мер­­дігер мен бірінші желі­дегі қосал­қы мердігер ғана шот аша алады. Шоттағы ақша жоба аяқталғанға дейін сақталады. Құрылыс нысаны пайдалануға берілген­нен кейін қаражатты екінші дең­­гейлі банктегі шотына аударуға болады. Бюд­жет қара­жаты есебінен қаржы­лан­дырылатын құрылыс жобаларын іске асыру кезінде бар­лық ақшалай төлемдерді ба­қы­­лау­ға мүмкіндік бере­тін бұл жоба өткен жылы Атырау облысында да ен­гізілді. Облыстық қазына­шы­лық департаменті бас­шы­сының орынбасары Ин­дира Нухинаның айтуынша, Исатай, Жылыой аудан­дарындағы тұрғын үйлер, Атырау қаласындағы Береке, Балауса, Самал шағын аудан­дарындағы мектептер мен Жаңаталап ауылындағы мектеп-интернат, Береке шағын ауданындағы қосалқы станса құрылыстары осы жоба аясында жұмыс істеп жатыр.

Жаңа жобаның тиімділі­гімен қатар кемшін тұстары да күнделікті жұмыс барысында белгілі болып отыр. Кә­сіп­­кер­лер алдын ала төлем жасау, электронды шот-фак­­туралар негізінде тө­лем аудару кезінде қиын­дық­­тар туындағанын айтып ша­ғымданған. «Қазына­шы­лық органдарында осы мәсе­леге жауапты арнайы қызмет­кер тағайындалды, – дейді Ин­­­дира Нухина. – Ол жоба бас­тал­ғаннан аяқталғанға дейін сү­йе­мелдеп, мәселеге құзыреті шегінде түсініктеме береді».

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты Жол­дауында бюджет шы­ғыс­­тарының тиімділігін арт­тыруға баса мән берген болатын. Құрылыс саласындағы мем­лекеттік сатып алуларға енгі­зілген бұл өзгерістің де бас­ты мақсаты – осы. Тек халық­ара­л­ық тәжірибедегі үрдісті өзі­міз­ге бейімдеу кезінде әлі де жетіл­­діретін тұстар барын на­зар­ға алуымыз керек.

Атырау