Мәңгілік Ел болудың жаңа межесі
Сейсенбі, 15 қаңтар 2013 7:55
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – келешегіміздің кемел де кемеңгер жоспары. Бұл бүкіл қазақстандықтардың жүрегінен жол тапқан жаңашыл, тұжырымды Жолдау болды. Президенттің жыл сайынғы жолдауларының арасында бір-бірімен тығыз байланыс бар. Бұл байланыстардың барлығы да еліміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясына, Қазақстанның жаңа саяси бағытына келіп тоғысқандай. Елбасы Жолдауда атап өткендей, «біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз».
Сейсенбі, 15 қаңтар 2013 7:55
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – келешегіміздің кемел де кемеңгер жоспары. Бұл бүкіл қазақстандықтардың жүрегінен жол тапқан жаңашыл, тұжырымды Жолдау болды. Президенттің жыл сайынғы жолдауларының арасында бір-бірімен тығыз байланыс бар. Бұл байланыстардың барлығы да еліміздің 2050 жылға дейінгі даму Стратегиясына, Қазақстанның жаңа саяси бағытына келіп тоғысқандай. Елбасы Жолдауда атап өткендей, «біз бүгін – өзіндік бет-бейнесі бар, өзіндік ерекшеліктері мен өзіндік ұстанымы бар табысты мемлекетпіз».
Бұл Жолдауда «Қазақстан – 2030» Стратегиясының негізгі қорытындылары шығарылды. 2050 жылға дейінгі кезеңді қамтыған Жолдаудың әрбір бағытында айтылған тапсырмаларды орындау – әрбір Қазақстан азаматының міндеті. Еліміз қазір тұрақты даму жолына бағыт алды, ел экономикасы көтеріліп, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Ұлттығымыздың ұлы шаңырағы Астананың қарыштап дамуы, өркендеуі Қазақстанның мәртебесін асқақтатып отыр, елорда – ел өркендеуінің негізі, саяси тұрақтылықтың, экономикалық өрістеудің орталығы. ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу мен ЕҚЫҰ Саммитін ұйымдастыру да – ел алдындағы үлкен іс, Астананың мол мүмкіндігінің тағы бір көрінісі. Елордамыз – Астананың күн санап көркейіп, өсіп, сәулеттенуі – бәріміздің мерейіміз. Шынында Астанадай асқақ еліміздің жүрегі болмаса, дәл мұндай әлемдік маңызды міндеттер жүктелмеген болар еді. Бұл құрмет – Қазақстанға құрмет, Елбасымыздың әлем алдындағы асқақ абырой-беделі.
«Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай мықты мемлекеттің, дамыған экономиканың және жалпыға ортақ еңбектің негізінде берекелі қоғам құру» екендігін жариялаған Президентіміз халық көкейіндегі мәселелерді тап басып, алдағы міндеттерді көрегендікпен айқындап, келешегіміздің кемел көкжиегін көрсетті. Осы реттен келгенде, Елбасы Жолдауындағы негізгі бағыттар әрқайсымызға үлкен міндеттер жүктейді.
Тәуелсіздік – бүкіл ата-бабаларымыздың асқақтаған армандары, сол үшін қазақ даласында болған бірнеше қуғын-сүргіндер, сексен алтының желтоқсанындағы біздің жастарымыздың алаңға шығып көрсеткен ерлігі – оның оңайлықпен келмегендігінің үлкен дәлелі. Тәуелсіздіктің арқасында ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып, керегесі кең елге айналдық. Елімнің қай қиырында еңбек етсем де менің негізгі мақсатым – «болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегі», «тәуелсіз Қазақ елінің перзенттері», еліміздің ертеңі – болашақ ұрпақты білімді де саналы етіп тәрбиелеу.
1988-1989 жылдары Германияның екі бірдей жоғары оқу орнында – Клаусталь техникалық университеті мен Ахен қаласындағы Рейн-Вестфаль жоғары техникалық мектебінде іс-тәжірибеден өттім. 1994-1995 жылдары Целли қаласында Төменгі Саксон неміс басқару академиясында білім алдым. Ол кезде қазақ деген ұлтты басқа ел танымайтын еді. Қазір бәрі басқаша – ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздігіміз бүгінде толыққанды, нық орнығып, қазіргі таңда қазақ елін бүкіл әлем таныды. Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бет-бейнесі, экономикасы мен халқының әл-ауқатының артуы елімізде жүргізіліп отырған салиқалы саясаттың нақты нәтижесі екендігі сөзсіз.
Еліміздің экономикасы өркендеп, жылдан-жылға қуаты артып келеді. Жас мемлекетіміздің буындары бекіп, қабырғалары қатайып, өз алдына дербес, тұғырлы ел болуына қазақ халқының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Еліміздің алдында жаңа, өршіл мақсаттар тұр. Олардың ең бастысы – әлемдегі барынша дамыған мемлекеттердің қатарына кіру.
Шетелдің, әсіресе, Американың, Қытайдың, Германияның, басқа да елдердің жоғары оқу орындарының жұмыстарымен таныса жүріп, өмірлік тәжірибелерімнен Қазақстанда да шетелдік үлгідегі университет қалашығы салынса деген арманым туғанын жасырмаймын. Ол ой маған Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ректор болып жүрген кезде келіп, сол ойымды іске асыру үшін Өскеменнен арнайы жүз отыз гектар жер бөлініп, Үкіметке хат жазылып, осы мәселені енді бастап жүрген кезде Маңғыстаудағы жоғары оқу орнына ректор болып ауыстым. Көкейдегі арман-ойымды іске асырудың сәті түсіп, Ақтаудың жаңа шағын ауданынан елу төрт гектар жерден студенттер қалашығын бастадық. Университеттің биік бас ғимараты Ақтау қаласының сәулетіне сәулет қосты. Университет кампусының барлық оқу зертханалық базасы, жатақханасы да шетелдегі өзім көрген, оқыған университеттердің үлгісінде жасалып, игілігімізге қызмет етуде. Университет қалашығының салынуы тікелей Елбасының тапсырмасымен жүргізілуде. Оқу орнының бас ғимараты, 500 орындық жаңа үлгідегі жатақхана, жүзу бассейні бар студенттік спорт кешені пайдалануға берілсе, енді жастар сарайы, кітапхана, оқу ғимараты, техносаябақ, инжиниринг орталығы, ғалымдар үйінің құрылысы кезекте тұр.
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті жоғары білім беруді заман талабына сай жетілдіріп, халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізуге батыл қадам жасап, сырт бейнесімен де, оқу-тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру жағынан да республикамыздағы жоғары оқу орындарының алдыңғы сапында келе жатыр. Оқу ордамыздың миссиясы – бүгінгі әлемдегі өзгерістерге икемделуге қабілеті жоғары білікті мамандар, ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлап, еліміздің ғылыми-техникалық, әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына белсенді ықпал ету болып табылады.
ACQUIN аккредитациялау орталығының сарапшылары үстіміздегі оқу жылы басталар шақта университеттің «Мұнай-газ ісі» және «Машина жасау» мамандықтарын халықаралық аккредитациядан өткізу үшін арнайы келіп, аталмыш мамандықтардың зертханаларын аралап, оқу жүйесімен егжей-тегжейлі танысты. Сонымен бірге, олар екі мамандықтың студенттерімен кездесулер өткізіп, сұхбаттар жүргізді. Нәтижесінде өңірімізге сай мамандар қажеттілігіне сәйкес дайындалатын «Мұнай-газ ісі» және «Машина жасау» мамандықтары халықаралық аккредитациядан еш сүрінбей өтті.
Біздің оқу ордамыз республикада оқу-зертханалық база бойынша алғашқы орындардан көрініп келе жатыр.
Мамандар даярлау сапасын арттыру және әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу бағытында мақсатты қызметтер жоспарланды. Соның ішінде алыс-жақын шетелдерден студенттерге арнайы дәріс оқуға профессорлар шақыру – оқу ордасындағы инновациялық қызметтің бірі. Алыс-жақын шетелдердегі жоғары оқу орындарымен келісім-шарт негізінде халықаралық ынтымақтастық жасау жыл сайын еселене даму үстінде.
Білім берудің инновациялық үлгілері білім берудің ұлттық жүйелерін интеграциялық жақындату идеясы негізінде әлемдік стандарттарға бейімдеу жүйесін білдіреді. Ол қазіргі білім берудің заманауи сапалық деңгейін қалыптастыруға, білім беру жүйелерін халықаралық үйлестіру мен ұлттық бағдарламаларды модернизациялауға мүмкіндік береді. «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», деген Елбасының сөзінен туындаған осы талаптар үдесінен шығу мақсатында Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар университетінің ұжымы да аянбай еңбек етуде. Білім, ғылым саласындағы барлық жұмыс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жыл сайынғы халыққа Жолдауында нақтыланған тапсырмалардың аясында атқарылып келе жатқанын атап айтамын. Әлемнің бәсекеге қабілетті отыз елінің қатарына қосылу жөніндегі стратегиялық мақсат ұлттық идеяға айналары сөзсіз. Соңғы 15 жылда білім алуға жұмсалатын қаржының 9,5 есе өскені де көңіл қуантарлық. Білім берудің мектепке дейінгіден бастап жоғары білімге дейінгі барлық деңгейлерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы – жаңа буынның жедел әрі сапалы білім алуларына жасалған жағдай. Еліміздің жаһандық саясаттағы рөлі де айқын. Қазақстанның ядролық қаруды таратпаудағы көшбасшылығы басқа мемлекеттер үшін үлгіге айналды. Қазақстанның тұтастығын сақтай отырып, дамыту міндетін белгілеуі, ішкі саяси тұрақтылық пен ұлттық бірлікті нығайтуы, еліміздің бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үнқатысудың халықаралық орталығына айналуы, «Қазақстан-2030» Стратегиясының белгіленген мезгілінен бұрын іске асуы – Елбасының көрегендігінің айқын дәлелі. Қолжетімді және сапалы білім беруді дамыту бағыты біздің университетте де жалғасын табуда.
Каспий маңында орналасқан бес мемлекеттің шекарасында тұрғандықтан, университет алдында тұрған міндеттердің бірі – әлемдік білім беру кеңістігі арқылы халықаралық байланыстарға кірігу, сөйтіп, білім сапасы жоғары оқу орны мен оның түлектерінің бәсекеге қабілеттілігінің маңызды факторына айналуы. Қазір университеттің алдында бірінші кезектегі міндет – халықаралық байланыстар жүйесіне әлемдік білім кеңістігі арқылы кірігу болып табылады, онда білім сапасы жоғары оқу орны мен оны бітірушілердің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы болмақ. Университетімізге өткен жылы қырықтан аса шетелдік профессор келіп, дәрістер оқыды. Шетелдік ғалымдар біздің жастарымыздың өте талантты екенін атап айтып жатады. Сонда олар кіммен салыстырады?! Олар өздеріндегі жастармен салыстырады. Халықаралық деңгейде біздің жастарымыздың танымдық өрісі ешкімнен кем емес.
Өзінің Жолдауында елде барлығы үшін қолжетімді спорт нысандары, спорт құрал-жабдықтары жетіспейтіндігіне қынжылыс білдірген Елбасы Үкімет және жергілікті органдар алдына дене шынықтыруды, бұқаралық спортты дамыту және типтік жобадағы денешынықтыру-сауықтыру нысандары, соның ішінде, аула нысандары құрылысы бойынша шаралар қабылдауды міндеттеді. Бұл орайда университет кампусынан жүзу бассейні бар жастарға арналған спорт кешенін студенттердің игілігіне ұсынуымыз да – Елбасының саясатын қолдауымыздың жарқын бір дәлелі. Университетімізде спортты дамыту бойынша кешенді іс-шаралар жоспарланып, жүзеге асуда. Күні кешегі Лондон олимпиадасында мерейімізді асқақтатқандардың ішіндегі күміс жүлдегер Әділбек Ниязымбетов – біздің Ш.Есенов атындағы КМТжИУ студенті.
Біз Каспий теңізі айналасындағы мемлекеттік университеттердің ассоциациясы құрамындамыз. Ассоциацияның негізгі мақсаты – Каспий теңізі мәселелерін шешу және ғылыми-зерттеу орталықтарының ынтымақтастығы болып табылады. Қазіргі таңда бұл ассоциацияға 51 университет мүше болып отыр. 2013 жылы Каспий маңы елдері мемлекеттік университеттер ассоциациясының XVI бас ассамблеясы және VI Универсиадасы (спорттық ойындар) Ақтау қаласында Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базасында өтпек. 1000-ға жуық студент қатысатын универсиадаға қызу дайындық жұмыстары да басталып кетті.
Ұлы мұрат пен елдік мүддені көздеген маңызды Жолдаудың қазақстандықтарды алыс болашаққа бастайтыны ақиқат. Біз болашаққа нық сеніммен қараймыз, біз жаңаша дамудамыз. Және бұл үшін бізде ең бастысы бейбітшілік пен тұрақтылық бар, Қазақстанның жарқын болашағына қызмет ететін жастарымыз бар. «Мен ХХІ ғасыр Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына сенемін. Бұл бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады. Қазақстан халқы ұлы тарихтың иесі атануға лайық… Мәңгілік Ел болу жолындағы ұлы істеріміз жаңа дәуірлерге жол ашсын!» деген Президентіміздің оптимистік рухтағы сөздері бәрімізге үлкен серпін берді.
Мәңгілік Ел болудың жаңа межесін белгілеген бұл құжат келешегіміздің кемелдігіне көз жеткізгендей.
Әбдімүтәліп ӘБЖАППАРОВ,
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік
технологиялар және инжиниринг
университетінің ректоры, профессор.
АҚТАУ.