Аймақтар • 02 Тамыз, 2019

Ұлттық ұлан алапат өрттің алдын алды

460 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл күндері ауа-райының ыстықтығы елді әртүрлі әбігерге салып тұр. Күні кеше Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы елді-мекенінің таулы-қыраттарында алапат өрт шығып, аймақ аумағы түгелдей көк түтінге орап жатқаны туралы Ұлттық ұланның 28237 әскери бөліміне хабар түседі. Хабарды ала салысымен бөлімнің құтқарушылары дереу сапқа тұрғызылып өрт орын алған орынға дереу жеткізіледі.

Ұлттық ұлан алапат өрттің алдын алды

Жеке құрам апат аймағына жеткен кезде даланы шарпыған тілсіз жау 46 гектар жерді жайпап үлгерген. Құтқарушылар отряды бөлімнің штаб бастығы подполковник Ерқанат Шеркеновтің жетекшілігімен жеке құрам  өрт сөндіру құралдарымен алапат өртті ауыздықтауға кірісіп кетті. Күні бойы тынымсыз тер төгіп тілсіз жаумен айқасқан, өздерін «бауыржаншылар» санайтын ұландық құтқарушылар ақырында 30 гектардан астам аумақты қамтыған өртті сөндіріп үлгеріп, ошағын жойды. Оның ішінде Қарғалы елді-мекенінің аумағында орналасқан «Қаз селден қорғау» қызметі үйінің және Жас балалар спорттық мектебінің грек-рим күресінен спорттық секциясына қатысушы балалар лагерінің аумағындағы өрт ошағы жойылып, лагерьде демалып жатқан балалардың ысқа тұншығып,  отқа күйіп қалуына жол бермеді.

Өз кезегінде «Қаз селден қорғау» қызметінің қызметкерлері мен Жас балалар спорттық мектебінің жаттықтырушылары мен демалушы балалар ұландық құтқарушыларға алғыстарын жаудырды.

 

АЛМАТЫ