16 Қаңтар, 2013

Сенім мен серпін

340 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Сенім мен серпін

Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:37

Біз ғаламат ғасырда өмір сүріп отырмыз. Бұл ғасыр – қазақ ғасыры, бұл ғасыр – Қазақстан ғасыры. Өйт­кені, сонау атамзаманнан бері ел болып көсегесі көгерген мемлекет құру бабаларымыздың асыл арманы еді. Кең сахараны үдере көшіп жүріп, өзінің шекарасын жасақтады. Ұлан-ғайыр далада өзінің көшпелі мәде­ниетін қалыптастырды.

 

Сәрсенбі, 16 қаңтар 2013 7:37

Біз ғаламат ғасырда өмір сүріп отырмыз. Бұл ғасыр – қазақ ғасыры, бұл ғасыр – Қазақстан ғасыры. Өйт­кені, сонау атамзаманнан бері ел болып көсегесі көгерген мемлекет құру бабаларымыздың асыл арманы еді. Кең сахараны үдере көшіп жүріп, өзінің шекарасын жасақтады. Ұлан-ғайыр далада өзінің көшпелі мәде­ниетін қалыптастырды.

Ғасырлар тоғысты, заман өзгерді, қоғам жаңарды. Осындай алмағайып кезеңдерде де қазақтың басынан не өтпеді? 1896 жылғы патша санағы бойынша Ресейдің шеткері аймағын­дағы бұратана деп аталатын халық­тардың үлес салмағы қандай еді? Сол дерекке назар аударайық. Қазақ­тар 3 миллион 900 мың адам еді. Ал көрші өзбектер 2 миллион 900 мың адамды құрайтын. Бүгінгі статистика мынандай: қазақтар 10 миллион 500 мыңнан асса, өзбектер 27 миллион. Бұл аласапыран уақыттағы қазақтың қырылған тағдыры. Ашаршылық қа­зақ үшін қолдан жасалынды. Голоще­киндік саясат 3,5 миллион қазақты қырды. Бір миллион қазақ тарыдай шашырап ауып кетті.

ВКП(б)-нің XVIII съезінде Украи­на­дағы 4,5 миллион опат болған ха­лықтан кейін ең көп қырылған қазақ халқы екені ресми мойындалды.

Қазақтың қанды қасіреті осындай!

Десек те ғасырлар тоғысында қа­зақ­тың бағы жанды.

Тәуелсіздік жылдары Елбасы да, халық та ұлы сыннан өтті. Ғасырлық жолдан өтті. Әлем картасында то­лыққанды қазақ мемлекеті орнықты. Енді қазақ елі – шекарасы заңмен бе­кітілген Қытай, Ресей, Өзбек, Қырғыз мемлекеттері парламенттерінде ратификациядан өткен, заңдық құқығы мойындалған мемлекет.

Қазақстан әлемдік саяси додадан өзінің орнын алды. Қазақтың етектегі басы төрге шықты. «Еліміз қайта ел болды, халқымыз қайта халық болды», «Кедей халықты бай қылды, аз халықты көп қылды». Міне, сонау сегізінші ғасырда Күлтегін, Тоныкөк қалдырған тас жазу ХХІ ғасырда қайта жаңғырды. Қазақ қазақ бол­ғалы, қазақ мемлекет құруға ұмтыл­ғалы қазақтың аты мұндай шыққан емес, қазақтың жұлдызы мұндай жанған емес!

Енді қазаққа не керек! Енді қазақ өркениетті 50 елдің емес, отыз елдің қатарына қосылуы керек. Бұл мүмкін бе? Оған шүбә жоқ!

Біз Қазақстанның 21 жылдық қа­лыптасу, даму, кемелдену кезеңін бас­тан өткердік. Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан На­зарбаевтың халыққа жолдауларының кезең-кезеңдерін көзбен көріп, құлақ­пен естіп, оның орындалу барысын бірге қадағаладық. Кезінде 2030 бағ­дар­ламасын жариялағанда, оған дейін «кім бар, кім жоқ» деп сарыуайымға салынушылар да, жаңа заман болса да ескі әуеннен жаңылмайтын заржақ оппозиция да бар-ды. Бірақ, бәріне заман, бәріне уақыт төреші. Сонымен, «Қазақстан − 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саясаты» атты Қазақстан Республикасы Президенті, Елбасы Нұрсұлтан На­зарбаевтың халыққа Жолдауының тіні не? Бұған былай деп қорытынды жасауға болады.

– Қуатты да табысты – тәуелсіз Қазақстан құрылды.

– Билік тармақтарының теңгер­меушілігі сақталған заманауи мем­лекеттік басқару жүйесі қалыптасты.

– Демократияландыру мен ырық­тандырудың жоғары стандарты қа­лып­таса бастады.

– Әлемдік эталон азаматтық тату­лық пен ұлтаралық келісімге қол жеткізілді.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы кіші ООН дәрежесіндегі бағаға ие болды.

– Соңғы 15 жыл ішінде Қазақстан серпінді дамушы бес елдің қатарына қосылды.

– Экономикалық рейтингі жөнінен Қазақстан 51-ші орынды иемденді.

Бұл Назарбаев белгілеген өрке­ниетті елу елдің қатарына қосылу мақсаты орындалғанының көрінісі емес деп кім айта алады?

Қазақстан әлемдік саясаттың ордасына айналды. ОБСЕ-ге жетекшілік еттік, теңдесі жоқ Астана деклара­ция­сы қабылданды, СВДА қалыпты жұмыс істейді, Ислам ынтымақ­тас­тық ұйымына, ОДКБ-ға жетекшілік жасадық.

Қазақстан ядролық қаруды таратпау идеясын көтерді. АҚШ, Ресей, Қытай сынды мемлекеттер Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік беріп, страте­гиялық әріптестікке қол қойды.

21 жылда қол жеткен табыстарды түйіндей айтсақ, осы кезеңде кәсіби мемлекет құрылды, адамның өмір сүру деңгейі өсті, орташа айлық 9,3 есе, зейнетақы 10 есе ұлғайды. Ха­лықтың ақшалай кірісі 16 есе өсті. Білім мен ғылым саласы қарышты дамыды. 1997 жылдан бері 942 мектеп, 758 аурухана салынды. Соңғы 12 жылда жоғары білімге берілетін грант 182 пайызға өсті. Енді не істеу керек? Соңын саралайтын, алдын бол­­­жайтын Нұрсұлтан Назарбаев жа­ңа Қазақстанның жаңарған 2050 жыл­ға дейінгі даму стратегиясын ұсынды.

Бұл Елбасының қазақтың қамын ойлаған көреген саясаты. Ұлттың көз тіккен бағыты. «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді халық даналы­ғы. ХХІ ғасыр қазақ ғасыры болатынына берік сеніммен жолдау арнаған Назарбаев сөзі жүрекке жақын, көзге ыстық, сенімге берік!

Мұндай даму стратегиясы бізге не береді? Бізді қандай қиындықтар мен белестер күтіп тұр. Өйткені, жаһан­дық қатерлер толастар емес. Әлем халқы күрт өсуде. Күні кеше әлем хал­қы 6 миллиард адамды құраса, енді 7 миллиардтан асты. Ал 2050 жылға қарай ол 9 миллиард адамға жетеді деп күтіледі. Жер осыншама адамды асырай ала ма? Қазба бай­лықтар жете ме? Міне, осындай сұ­рақ­тар Қазақстанның даму жолымен астастырыла қаралды. Сон­дықтан да Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл Жолдауы өзінің адамзат құн­ды­лықтарымен ғана емес, ұлттық өсіп-өркендеу жо­лымыздың жасампаз ба­ғыт­тарының айқындалуымен құнды.

Қазақстан халқының орта жасы 35-ті құрағанымен, демограф ғалым­дардың сараптамаларына сәйкес «ен­ді 40-жылдан кейін 60-тан асқан адам­дардың саны 15-ке толмаған­дар­дан асып түседі». Оған әлемдегі аш­тықтың белең алуын қосыңыз. Мұ­ның бәрі әлемдегі заңсыз көші-қон процестерін үдете түсетіні бел­гілі. Егіні жайқалып, малы марқайып, қаз­ба байлықтары игеріліп, ұлты жа­сам­паздық танытып отырған қазақ елі, қазақ мемлекетіне оңтайлы өмір сүру кепілі ретінде қарап, атбасын қалай да осы жаққа бұрғысы келе­тін­дердің саны көбеймесе, азаймақ емес. Менің қолымда бар деректерге қа­рағанда, Қазақстандағы мигрант­тар­дың саны 450 мыңға жуық. Осыдан төрт жыл бұрын олар 1 миллион­ға жуық адамды құраған болатын. Бұл Қазақстан­ның алтын валюталық қоры шетелге тоғытылып жатыр деген сөз.

Қазақстанда жұмыс бар. Бірақ оны атқаратын қазақ жоқ. Біз өз құ­рылысшымызды, өз етікшімізді даярламай, өз өнімімізді өзіміз жинамай бұл процесс тоқтамақ емес. Сондық­тан да Елбасы  ұлттық индустриялизация мен жаңа технологияларды же­тілдіруді мемлекеттік саясат деңге­йіне қойып отыр. «Біз таяу болашақта кері үдеріспен елдің шегінен тыс жерлерден бізге келетін еңбек иммиграциясымен бетпе-бет келуіміз әб­ден мүмкін екенін түсінуге тиіспіз».

Біз өз тарапымыздан осындай ке­лең­сіз жағдаяттардың орын алмауы үшін ұлттық саналылықпен қатар «мем­лекеттік ой-сананы» қалыптас­ты­руымыз қажет. Бұл әр Қазақстан азаматы өз деңгейінде ұлтына адал қызмет етуі керек деген сөз. Елбасы ұсынған мемлекеттің жаңа саясаты ұлтты бірік­тіруші ғана емес, ұлтты жұмылды­ру­шы стратегиялық мақ­сат­қа жұмыс іс­тейтін болады. Сонымен, алдағы көрін­ген көкжиектер қандай?

Ол бәсекеге қабілетті экономика, пайда әкелетін инвестиция, яғни шашу емес, жинауға негізделген эконо­микалық прагматизм.

Ол – жаңа кадр саясаты. Енді бір әкімнің, бір министрдің соңынан сең­дей соғылысып көшіп жүретін кадр­лар көшкіні тоқтатылады.

– Ол – қалыпты бюджет саясаты, бөлінген бюджеттің оңтайлы жұмса­луын қадағалау;

– Ол – үдемелі инновациялық индустрия;

– Ол импорттауға лайық өнім және жаңа технологиялар паркі;

– Ол ауыл кластерін жетілдіру және дамыту.

Заман өзгерді, қоғам қалай өзгер­мек? Бұл Жолдауда ерекше орын алған маңызы зор талап: «Мемлекет өзінің рөлін өзгертуі тиіс», – деді Нұр­сұлтан Назарбаев. Бұл мәселеге аса байыппен, сараптап қарауға тура келді. Өйткені, біздің Ата Заңы­мыз­да Қазақстан зайырлы, әлеуметтік мемлекет екендігі тайға таңба бас­қандай етіп жазылған. Сол қалай да­мымақ?! Байыптап, сараптап қара­сақ, Қазақ­станды жекешелендірудің екінші ке­зеңі тосып тұр екен. Мұның оңай тимесі белгілі. Мұны Нұр­сұл­тан Назарбаев жасырмайды. «Мемлекет пен нарық арасындағы жауап­кершілікті қайта бөлісу» оңай емес. Мемлекет­тік байлықта халықтың өз үлесі бар. «Халықтық ІРО» соның айғағы. Бұл болашақта «ҚазТранс­Ойл» сияқты барлық ұлттық ком­панияларға халық­тың өзі ие болады деген сөз. Бірақ «үркіп, қорқып қал­ған халық» баяғы пиктердің кебін киеміз деп жалтақтай бергені жасырын емес. Халыққа мұ­ның жай-жап­сарын түсіндіретін сындарлы ақпа­рат қажет. «ҚазТранс­Ойл­дың» ак­ция­­лары 28 миллиард теңге­ден асып жығылуы бұл сұраныстың болашақ­та жалпыхалықтық сипат алатыны­ның белгісі деп білемін.

2050 бағдарламасы әлеуметтік сая­саттың жаңа сипатын ашты.

– Кедейшілікке жол бермеу;

– Мемлекет болашақта әлеуметтік қолдауды тек бұған мұқтаж топтарға ғана көрсетеді;

– Әлеуметтік және зейнетақылық қамтамасыз етілу жүйесі жетілді­рі­леді;

– Ана мен бала қорғала береді;

– Жұмыссыздарды оқыту мен қайта даярлау саясаты өрістейді;

– Өңірлік даму барысында әлеу­меттік теңгерімсіздік мәселелеріне жете назар аударылады.

– Көші-қон мәселелері кешенді түрде шешіледі;

– Еңбек төлемі саясаты жаңғыр­тылады;

– Ұлт болашағы –ұлт денсаулығы екендігін түйсіну және осыған орай «медицинаның сапасының бірыңғай стандарттарын» қалыптастыру жүзе­ге асырылады;

– «Жаһандық технологиялық төң­ке­рістің» айналымына қатысу көздел­ген;

– Мемлекеттік жастар саясаты жетілдіріледі;

– Мемлекеттілікті одан әрі ны­ғай­ту және Қазақстандық демокра­тия­ны дамыту;

– Жергілікті өзін-өзі басқаруды толыққанды жүзеге асыру;

– Қазақстандық патриотизм – көп­ұлтты және көп конфессиялы қоғам­ды одан әрі қамтамасыз ету;

– Қазақ тілін кеңінен қолдану жө­ніндегі кешенді шараларды жүзеге асы­ру;

– Қазақтың бірлігі – елдіктің кілті екенін санаға құю;

– Ұлттық интеллигенцияның рө­лін күшейту;

– Мәңгілік ел болу.

Ұлы бабаларымыздан қалған Орхон-Енисей жазбаларында, Күлтегін қалдырған мынадай асыл аманат бар: «Бегі халқын, халқы бегін сыйлайтын ел мәңгі жасайды».

Мәңгілік ел идеясы ұлтты бірік­тіруші идеология! Н.Назарбаев мәң­гілік елдің уығын қадап, шаңырағын көтерді. Ендігі сөз ұлттың өзінде, ин­теллигенцияның сөзінде!

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,

М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер

институтының директоры,

филология ғылымдарының докторы,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

АЛМАТЫ.

Соңғы жаңалықтар

Зейнетақыны алу тәртібі өзгеруі мүмкін

Экономика • 31 Желтоқсан, 2025