Аймақтар • 05 Тамыз, 2019

«Шымбұлақ» пен «Роза Хутордың» достығы

206 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қалай десек те, соңғы жылдары Қазақстан мен Ресей арасындағы туристік ағымда белсенділік байқалады. Барыс-келістің артуына түрлі фактор ықпал етіп отырғандығы белгілі. Оның үстіне ежелден көрші, тату екі ел де ішкі туризмді дамытуға мүдделі. Осы ретте атқарылып жатқан шаралар легі өз нәтижесін бере бастаған сынды. Мәселен, өткен жылы «Шымбұлақ» пен «Роза Хутор» тау курорттары арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.

«Шымбұлақ» пен «Роза Хутордың» достығы

Осылайша Ресейдегі ең ірі «Роза Хутор» тау курорты таяу күн­дері Қазақстаннан келген мыңыншы туристі құрметтеп қар­сы алды. Осы маусымда Со­чи­ге мыңыншы болып барған алматы­­лық Қайрат Қыды­рә­лиевке со­чи­­ліктер қонақ­жайлық сый көр­сеткен.

Орайы келіп тұрғанда, «Роза Хутор» әлемдік дәрежедегі жыл бойы жұмыс істейтін тау курорты екендігін, 2014 жылы Сочиде өткен XXII Олимпиялық және XI Паралимпиадалық қысқы ойындарының ірі нысаны бол­ға­нын айта кету керек.

Сол сияқты Алматының тау туризміндегі тәжі іспетті «Шым­бұ­лақ» тау курортына да 2011 жылы Қысқы Азия ойындарына дайын­дық барысында курортқа екі рет жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Жолдың ұзындығы 20 ша­қырымнан астамға дейін ұзар­тылды. Адам көп баратын жерлерде сырғанайтын аумақ 10-20 есе кеңейтілді. Сондай-ақ «Азиада-2011» да­йын­дық барысында «Медеу» спорт кешенінен «Шымбұлақ» тау шаңғысы базасына дейін, ұзындығы 4,5 шақырымдық заманауи арқанжол салынды. Курорт аумағында 7 заманауи көтергіш жұмыс істейді.

«Роза Хуторға» бірінші рет келген мыңыншы қазақстандық «Макротехиндастриз» сервистік компаниясында жұмыс істейді. Өз құрметіне жасалған мұндай мереке оның есінде тамаша демалыстың бірі болып қала­ты­ны анық.

Қайрат Қыдырәлиев «Роза Хуторға» «Шымбұлақта» бірге де­малатын достарының ұсы­ны­сы­мен келген екен. «Олардың ақыл-кеңесіне құлақ асқаныма өкінбеймін. Жеті күн бойы Кав­каз тауларының сұлулығын тамашаладым және Қара теңіз жа­ға­лауындағы жағажай демалы­сы­мен рақаттандым. Әрине атақ­ты Сочи-2014 олимпиадалық нысандарымен танысу да өте қызықты болды. Бұл жер көруге тұрарлық, сервисі де жоғары деңгейде!»,  дейді жерлесіміз.

Сонымен Қазақстан мен Ре­сей арасындағы туристік ағым соңғы жылдары белсенді түр­де артып келеді. Бұған белгілі «Шымбұлақ» пен «Роза Хутор» тау курорттары арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум әжептеуір ықпал етіп отыр.

2018 жылғы қазанда қол қо­йыл­­ған құжат курорттардың әкімшіліктері туризм мен мәдени-сауықтыру демалыс саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, конференциялар, семинарлар мен басқа да іс-шараларды өткізу үшін барлық қолжетімді механизмдерді пайдаланатын болады. Бұл ретте өзара ақпараттық, білім беру, әдістемелік және консультациялық қолдау көрсету жоспарланып отыр. Мұндай қызметтің маңызды тармағы – статистикалық, анықтамалық және басқа да деректер алмасу. Бұл курорттарға көршілес елдердің тау шаңғысын, тау, спорттық туризмін жақсы түсі­ну­ге көмектеседі, ал келешекте қазақстандық белсенді дема­лушылар арасында «Роза Хутор­дың», ресейліктер арасында «Шым­бұлақтың» танымалдығын арт­тырады.

«Жүйелі әуе қатынасын ұйым­­­­дас­тырудың арқасында Қа­з­ақстан туристері «Роза Ху­тор­ға» жиі келе бастады. Бұл жерге оларды бел­сенді және алуан түр­лі демалу мүмкіндігі тарта­ды: тауға жаяу шығу бағ­дар­лары, родельбан тәрізді тартымды ойын-сауық, аспалы көпір, биік таудағы әткеншек, велосипед серуендері, Қара теңіздегі фирмалық жағажай. Бізде балалардың ойын-сауығы да жақсы ұйымдастырылғаны мәлім, мейрамханалардың ауқымды таңдауы, мазмұнды концерттік бағдарлама да бар. Былтыр біз Қазақстаннан келген мыңнан аса демалушыны қарсы алдық, қазір әлі шілде айы, ал біз мыңыншы туристі құттықтап отырмыз!»,  деді «Роза Хутор» курорты бас директорының орынбасары Сергей Хворостяный.

Осы ынтымақтастықтың арқа­­сында биыл «Роза Хуторда» «Шым­­бұлақ» күндері өтті. Ку­рорт­­­тың бас алаңында киіз үй ті­гілді, қонақтар қазақ тағам­да­ры­ның дәмін татып, қазақ ұлттық өнерімен танысты. Олардың көбі Қазақстанға бару мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Оған қоса, екі курорттың достығы шең­­бе­рінде «Роза Хуторға» қысқы сыр­ғанаққа апталық ски-пасс сатып алып, ал сосын осындай кезеңде «Шымбұлақта» тегін сырғанауға болады. Мұндай үлгі кері тәртіпте де әрекет етеді: егер қазақстандық курортта апталық ски-пасс сатып алынса, ресейлік курорттың ски-пасы тегін.

«Мұндай бірлескен марке­тинг­тік бағдарламалар мен акция­­лар курорттарымыздың наси­­хатталуына мүмкіндік жасай­­тын­дығына сенімдіміз. Күзде біз «Шымбұлақта» «Роза Хутор күндерін» өткізуді жос­парлап отырмыз және бұл бағ­дар­ламаның қонақтарымызды қуантатынына, тамаша естеліктер сый­лайтынына сенімдімін», дей­ді өз кезегінде «Шымбұлақ» тау курортының бас директоры Ержан Еркінбаев.

 

АЛМАТЫ