22 Қаңтар, 2013

Обама феномені

773 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

Обама феномені

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:08

Кеше 21 қаңтарда АҚШ Президентінің инаугурациясы өткізілді. Екінші мерзімге сайланған Барак Обама АҚШ тарихында 1789 жылдан бері 57-ші рет ант берген президент болып отыр. Сөйтіп, Американың 44-ші президенті қайтадан іске кірісті. Осыған орай біз төменде Барак Обаманың өмір жолы туралы баяндайтын мақала жариялап отырмыз.

 

Сейсенбі, 22 қаңтар 2013 7:08

Кеше 21 қаңтарда АҚШ Президентінің инаугурациясы өткізілді. Екінші мерзімге сайланған Барак Обама АҚШ тарихында 1789 жылдан бері 57-ші рет ант берген президент болып отыр. Сөйтіп, Американың 44-ші президенті қайтадан іске кірісті. Осыған орай біз төменде Барак Обаманың өмір жолы туралы баяндайтын мақала жариялап отырмыз.

Қара баланың қарапайым баспалдақтары

Барак Хусеин Обама – адамзат тарихында атағы алысқа кететін тұлғалардың бірі. Ең алдымен, ол өзінің қарапайым ортадан шыққан, бір кез­де қоғамдағы төменгі саты саналған топтың өкі­лі бола тұра дүние жүзіндегі адамның басы айналардай ең биік мансапқа қол жеткізе алуымен, сонымен бірге, әлемдік нәсілшілдік теориясының дәр­менсіздігін кезекті рет әшкерелеп, оны күл-тал­қан еткен қара нәсілді азамат ретінде тарихта қала­ры сөзсіз.
Расизм теориясы адамзат нәсілдерінің бірдей еместігін, олардың дене мүшелері мен ақыл-ойында айырмашылықтар болатынын және олар түрлі нәсілдердің тарихы мен мәдениетіне тікелей ықпал ететінін дәлелдеп бақты. Соны ұстанған ғалымсымақтар ақ нәсілділердің ақыл-ойы, интеллекті, мінез-құлқы басқалардан артық болатынын ғылыми-теориялық тұрғыдан негіздеуге тырысты. Адамзат өркениетін ақ нәсілділер қалаған, сондықтан олардың артықшылығы көп деген идея­ларды осы ғалымсымақтар таратқан. Нәсілдік кемсітушіліктердің де негізі осы арадан туындады. Еуропада ХVІ-ХVІІ ғасырлардан басталған қара өңділерді толық құқылы адам қатарына санамай, тек құлдыққа жегудің идеологиялық негізі де осы теория болды. Алғашқы африкалық Америка құрлығына 1619 жылы әкелінген болса, содан бергі 250 жылда олардың адами құқы әбден тапталып, адам ретінде теңгерілмей келді. Құл иеленушілік тек 1863 жылы Авраам Линкольн президент болған кезде ғана жойылды. Бірақ африкалықтардың адами құқы бірден теңгерілген жоқ, оларды ақ нәсілділерден бөлек оқытты, ақтардың дәмхана, мейрамханаларына кіргізбеді, қоғамдық көліктер мен орындарда да оларға көппен бірдей орын берілмеді. Сайлауға түсу түгілі дауыс беру құқықтарын да түрлі сылтаулармен шектеп келді. Қара нәсілді адамдарды қудалауды мақсат етіп, ХІХ ғасырдың ортасында шыққан Ку-Клукс-Клан секілді ультра-оңшыл, фашистік ұйымдардың да зардабы аз болған жоқ. Біресе көбейіп, біресе құлдырап, үш кезеңмен әрекет еткен бұл қозғалыс тек ХХ ғасырдың соңында ғана жойылды. Қара нәсілді азаматтардың өз құқықтарын қорғау туралы талаптарына, өздеріне теңдік сұрау туралы өтініштеріне қарсы жасаған олардың жүздеген террорлық акциялары мыңдаған адамдардың өмірін қиды. Әсіресе, елдің оңтүстік штаттарында олар толық иелік еткен. Полиция оларға қарсы түк те істей алмаған. Тек 1960 жылдан бері ғана, АҚШ-тағы нәсілдік кемсіту заңмен қудаланатын болған кезден бастап олардың әрекеттері біршама тыйылды. Соның өзінде 70-ші жылдардың басынан қайтадан бас көтеріп, 90-шы жылдардың басына дейін әрекет етті. Бұл жылдары ұйым қара нәсілділерді ғана емес, сарыларға (әсіресе, қытайлықтарға), еврейлерге, коммунистерге де қарсы террорлық актілер жасаған.
Ал енді күні кеше ғана көзі жойылған осындай ұйым қайта бас көтеруі мүмкін бе? Әрине, мүмкін. Бірақ Барак Обаманың президент болып екі рет сайлануы осындай қозғалыстардың идеологиясына енді қайтып оңалмастай, ойсырата соққы бергені сөзсіз.
Жоғарыда Барак Обаманың өмірі қатардағы қарапайым тірліктен басталғанын айттық. Өзіне дейінгі Америка президенттері мейлінше бақуатты отбасыларында өмірге келіп, елдегі ең үздік мектептерде білім алып, ең жоғары интеллектуалдық ортада тәрбиеленгендер болса, Барак 10 жасқа дейін Индонезиядағы өгей әкесінің тәрбиесінде өскен, қарапайым ғана мемлекеттік мектепте оқыған. Өзінің туған әкесі кениялық Хусеин Обама АҚШ-тың Гавай университетінің эконометрика курсында оқыған. Ол да өз ортасының алды, белсенді студент болып, шетелдік студенттер ассоциациясын да құрған екен. Есімінен көрініп тұрғандай, діні мұсылман. Осында оқып жүргенде ол болашақ президенттің анасы, 18 жасар Стэнли Энн Данхэммен көңіл қосып, 1961 жылғы 4 тамызда Барак дүниеге келеді. Оның есімінің төркінін еврейлерден шығарушылар көп. Бұл сөздің ивритше мағынасы «жасын» деген сөз екені де рас. Еврейлерде мұндай есімдердің біршама кездесіп тұратыны да теріс емес. Бірақ біреулер оның негізгі төркіні арабтың Мүбәрак («қадірлі») деген сөзінен алынған деседі. Осы сөздің жаны бар. Өйткені, мұсылман дінді әкесі Хусеин баласына еврейдің атын қоймас еді ғой. Ал Мүбәрак, одан шыққан Барак есімі жалпы мұсылман әлемінде өте көп тараған. Біздің Барақ сұлтанымыздың есімі де осы ретпен қойылған сияқты. ХV ғасырдың басында Алтын Ордада да Барақ есімді хан болған.
Стэнли Энн Данхэмді де еврей жұртының өкілі деушілер көп, бірақ ол Канзастағы (АҚШ штаты) әскери базада иуда емес, христиан дінін ұстанушы отбасында өмірге келген. Зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, оның отбасы негізінен ағылшын, шотланд, ирланд және неміс қандарының араласуынан құралса керек.
Хусеин мен Стэнли екі жақтың да ата-ана­ла­ры­ның қарсылығына қарамай, 1961 жылдың басында некеге тұрады. Бірақ бұл неке ұзаққа бармай, 1964 жылы жас жұбайлар ажырасып кетеді. Кішкентай Барак біршама уақыт нағашы әжесі Мадлен Ли Пэйннің тәрбиесінде болады. Қай халықта да әженің бауырында өскен бала бауырмал, туыс­шыл келеді. Барак Обама да өзінің осындай қа­сие­тін көрсетті. 2008 жылғы алғашқы сайлауда ол шараның барынша маңыздылығына қарамай президенттік кампаниясын үзіп тастап, нашар жатқан әжесінің көңілін сұрауға барған. Сөйтіп, сол жылғы 2 қарашада дүниеден өткен әжесімен, қазақша айтқанда, бақұлдасып қалған.
Барак Обаманың әкесі мен шешесіне ұзақ өмір сүруді тағдыр жазбапты. Әкесі Хусеин 46 жасында 1982 жылы жол апатынан, анасы Стэнли 1995 жылы 53 жасында жазылмас дерттен қаза болған. Айта кетерлігі, екеуі де ажырасқан соң жаңа отбасын құрып, одан сәбилер көрген.
Стэнли Америкада оқитын тағы бір мұсылман жігіт, индонезиялық Лоло Суторомен көңіл қосып, 1967 жылы 6 жасар Баракты алып жаңа күйеуімен бірге Джакартаға (Индонезияның астанасы) қоныс аударады. Барак мұнда 10 жасына дейін білім алады және сонда қатар құрбыларымен бірге мешітке де барып жүргенін көрген адамдар бар. Бір қызығы, көптеген деректер осы 10 жасында ол өзінің туған әкесі Хусеинмен де тұңғыш және соңғы рет кездесті деп жазады. Бірақ Барактың кейін бестселлер болған «Әкемнен жұққан армандар» деген кітабы бар. Бұл – Барактың әкесін жақсы біліп, онымен тығыз болмаса да жиі көрісіп тұрғанын көрсететін жайт. Әйтпесе, әкесінің армандарын бір кеште ғана «жұқтыруы» мүмкін емес қой. Демек, Барактың рухани әлемінің қалыптасуына мұсылман дінді әкенің әсері аз болмаған.
Өгей әкенің бауыры қаншалықты жылы болғанын кім білсін, бірақ, әйтеуір Барак 10 жасында қайтадан Америкаға оралып, әжесінің қолына келеді. Осында ол қаладағы жеке меншік жақсы мектептердің бірін үздік бітірген 1979 жылға дейін оқиды. Бірге оқыған кейбір жолдастары мектепте Барактың түсі қара екендігінің кесірінен кей-кейде көпе-көрнеу кемсітушілікке ұшырағанын көріп қалатындарын айтады,  бірақ «асылды соға берсең жетіледі, жасықты соға берсең кетіледі» дегендей, одан жалынды жас жасымаған.

Кесек пішілген саяси тұлға

Мектептен кейін Барак Лос-Анджелестегі Батыс колледжіне түседі. Үздік оқығандығының арқасында бұл жерден Колумбия университетіне ауысып, халықаралық қатынастар кәсібіне маманданады. 1983 жылы бакалавр дәрежесін алып, Нью-Йорктің ғылыми-зерттеу орталығына жұмысқа тұрады. Осында жүргенде ол пәкстандық студент Сохал Сиддикимен достасады. Осы кісінің айтуына қарағанда, Барак жылы жүректі, қайырымды азамат болған. Ол қайтсе де біреуге қолұшын беруге дайын тұрады екен. Өзі бес долларлық арзанқол шалбар киіп жүріп, жұртқа көмек қолын созғысы келіп тұратын оның мейірбан мінезін кейбір достары мазақ қылып, күлкіге де айналдырған кездері болыпты.
Осында жүргенде ол өзінің кісіге жақын­дығының арқасында жақсы әсер ететін игі дос­тар тауып, жақсы ортамен қауышады. Сонымен бірге, көп оқып және оқығандарын достарына айтып беріп, тілін, ойын жақсы дамытып отырған. Кейіннен ол достарының көмегімен Халықаралық Бизнес корпорациясының қаржылық ақпарат бөліміне редактор болып ауысады. Мұнда да бір жылдай қызмет істеп, халықпен жұмыс істеуге ысыла түседі.
1985 жылы Барак Обама өзінің екінші отаны аталған Чикагоға ауысып, қоғамдық қыз­мет­ке тұрады. Мұндағы міндеті – шіркеудің қайы­рым­дылық жұмыстарын ұйымдастыру болады. Тұрмысы кемшін аудандардағы халыққа қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруда ол «үздік әлеуметтік ұйымдастырушы» ретінде көзге түседі. Айта кетерлігі, Барак өзін анасының протес­тантизм дінін ұстанатындығын үнемі жариялап жүреді.
1988 жылы Барак атақты Гарвард университетіне түсіп, оны 1991 жылы магистр дәрежесімен аяқ­тайды. Оның алғырлығы, алымдылығы мұнда кеңі­нен ашылып, университеттің газетіне афро-амери­калықтардың арасынан шыққан бірінші редактор да болады. Барактың уытты әзілдері, ашық-жарқын мінезі мұнда араласқан жандардың бәріне де жақсы әсер еткен.
1991 жылы Чикагоға оралған Барак мұнда заңгерлік жұмыстармен айналысады. Соның ішінде, түрлі кемсітушіліктерге ұшыраған адамдардың құқын сотта қорғауда оның танымал қорғаушы ретінде атағы шығады. Осы қызметтері арқылы көзге түсіп, көпке танылған оны 1993 жылы Чикаго университеті қызметке шақырып, конституциялық құқық пәнінен лекция оқытады. Осында  жүргенде ол өзінің болашақ жары Мишельмен танысып, 1992 жылы оған үйленеді.
Мишель 1964 жылы Чикагода ауқатты отбасында туған жас еді. Жақсы мектепте оқып, артынан Принстон университетін үздік бітірген ол жасынан қара нәсілді азаматтардың әлеуметтік құқын қорғаумен айналысады. «Өзі болған қыз төркінін танымас» деген ақымақ қыздарға айтылатын мақалды Мишельге айта алмайсың, өйткені, ол саналы жас ретінде өмір жолын ә дегеннен-ақ өзі секілді жандардың құқын қорғауға арнаған. «Принстонда білім алған қара нәсілділер және олардың қоғамы» деген тақырыпта диссертация да қорғаған. Бұл да Гарвардтың заңгерлік мектебін 1988 жылы үздік бітіріп, докторлық атақ алып шыққан. Барак екеуінің кіндігінен Малиа және Саша деген қыздар өсіп келеді. Білетіндер президент Барак Обаманың ең өтімді кеңесшісі Мишель екенін айтады.
Барак Обама Чикаго университетінде белсенді қоғамдық қызмет атқара жүріп, 1996 жылы Иллинойс штатының сенатына демократиялық партияның атынан депутаттыққа сайланады. Бұл біздегі облыстық мәслихаттың депутаттығына сайланған есепті. Иллинойс – халқының саны бойынша Америкада бесінші орын алатын штат. Оның орталығы Спрингфилд шаһары болға­ны­мен, Чикаго оның ең үлкен қаласы. Осы штат­тың сенатындағы айтыс-тартыстарға, өткір пікір­сайыстарға белсене қатыса жүріп Барак 1997-2004 жылдарда қатарынан үш рет сайланып, сегіз жыл бойы өзінің саяси іске жүйріктігін, білігі мен шешендігін шыңдайды. Сонымен бірге, айтқан сөздерімен де, жазған мақалаларымен де көзге түсіп, халыққа жақындылығымен таныла берген.
2000 жылы ол АҚШ Конгресінің төменгі палатасына депутаттыққа түспек болады. Бірақ сайлауалды күрес кезінде сол кездегі қара нәсілді конгресмен Бобби Раштен праймеризде жеңіліп қалады.
АҚШ Конгресінің төменгі палатасы немесе Өкілдер палатасы біздің Парламенттің Мәжілісі секілді мемлекеттің ең жоғары заң шығарушы органы. Ал Конгрестің өзі де біздің Парламент секілді екі палатадан тұрады. Соның ішінде Өкілдер палатасы 435 депутаттық орыннан, ал Сенат 100 орыннан тұрады. Сенатқа әрбір штат үшін екі орыннан квота беріледі.
Зерттеушілер Б.Обаманың Иллинойс штаты сенатындағы белсенді әрекеттерінің бірі ретінде оның Дж.Буш әкімшілігінің Иракқа басып кіру туралы шешіміне белсенді түрде қарсылық білдіріп, қатты сынағанын ауызға алады. Табиғатынан бейбітшілікқұмар Баракқа Дж.Буштың бұл әрекеті әділетсіз басқыншылық болып көрінген екен.
2004 жылы Б.Обама Иллинойс штатынан екі сенатордың бірі болып қарсыласын айқын басымдықпен (сайлаушылардың 70 % дауысы ) жеңіп, сайланады. Бұл уақытта ол демократиялық партияның бүкіл АҚШ-тағы танымал лидерлерінің біріне айналған еді. Әсіресе, партияның жалпыұлттық съезінде «АҚШ-та барынша ашық қоғам орнатамыз» деген ежелгі ұранды еске салып және оны өз өмірінің мысалымен ұштастыра отырып айтқан оның өткір сөздері елдің құлағын елең еткізген. ТВ арқылы бүкіл елге естілген осы сөздер барынша ұтымды әрі шынайы шығып, талай жұрттың есінде қалады.
Конгреске қара нәсілділер арасынан сайланған бесінші сенатор болған Барак Обама өзінің ашықтығымен, демократияшылдығымен және ұшқыр ойымен халық пен БАҚ-тың құрметіне тез-ақ бөленеді. Сонымен бірге, ол өз өмір жолының ешбір деталін де жасырмай, ашық айтып отырған. Тіпті, балалық шағында марихуана тартып, есірткіге теріс қарамағанын да жасырмаған. Шындықты бағалайтын Америка қауымы бұған да түсіністікпен қарап, 2006 жылы-ақ АҚШ-тың келесі президенті болуы мүмкін деген болжамдар естіле бастаған. Осы, 2006 жылы ол отбасын алып Кениядағы әке қабірінің басына да барып, зиярат еткен. «Өлі разы болмай, тірі байымас» дейтін қазақ, «өлінің қабірін біл, тірінің қадірін біл» дейтін татар, т.с.с. барлық мұсылман халықтары жақын жанның қабірінің басына барып, зиярат етуді үлкен міндет деп есептейді ғой. Сондықтан да батыстық басылымдар бұған бәлендей мән бермесе де Баракты танитын шығыс әлемінің іші жылып қалған-тын. Осы қадамдардың бәрі оның ешкімнің қас-қабағына қарамай, дербес іс жасап, еркін ойлай білетін кесек пішілген саяси тұлғасын айқындай түскен қырларының бірі еді.

Олимптің орны бір басқа

Кіші Дж.Буштың президенттік уақыты аяқталуға жақындаған сайын демократиялық партиядан үміткер ретінде Барактың өтетіні де айқындала түсті. Алайда, 2007 жылдың басында екі үміткердің бірі болуға тиісті оған партияластардың 15 пайызы ғана қолдау білдіретінін айтқан, ал оның қарсыласы Хиллари Клинтонды қолдаушылар 43 пайыз, болған. Бірақ сол жылдың маусымындағы сауалдамада айырмашылық үш-ақ пайызға түскен.
2008 жылдың 10 ақпанында Иллинойс штатының орталығы Спрингфилд қаласында өткен митингте Барак Обама өзінің президент болуға үмітті екенін алғаш рет жариялап, сайлау алды күреске түсетінін мәлімдейді. Өркениеттің өріне шықтық деп отырса да жалпы әлем қауымдастығы бұған таңданыс білдірмей қалған жоқ. Кеше ғана орыны есіктің босағасында болған нәсілдің өкілі енді төрдің төбесін көздеп отырса, таңданбай көр. Қанша толерантты, демократияшыл болса да АҚШ қоғамының үлкен бөлігі де бұған үрке қарады. Тіпті, қара нәсілділердің өзі «бұл ақтардың кезекті қитұрқысы (жобасы)» деп алғашқыда елп ете қойған жоқ. Бірақ Барак Обаманы көзбен көріп, құлақпен естіп, тереңірек таныған сайын АҚШ халқының көзқарасы өзгере берді. Нағыз ұлы елдің ұлы мінезін көрсеткен Америка қоғамына осындайда ырза боласың.
Президент болғандағы басты міндеті ретінде Б.Обама Америка әскерлерін Ирактан шығаратынын да жариялады. Осы кезден бастап Обаманың кандидатурасын Америка миллиардері, белгілі меценат әрі продюсер Дэвид Геффен қолдады. Ол бұрын Билл Клинтонның да жақтасы болған еді, бірақ осы жолы оның әйелі Хиллариді емес, Баракты қолдап шықты. Өзінің голливудтық атақты достарымен бірге ол Б.Обаманы қолдау қорына үлкен қаражат жиып берген. Бұдан басқа 200 доллар және одан кіші соманы қосушылардан түскен қаражаттың өзі 2007 жылы 16,4 млн. болса, 2008 жылдың басында 36,8 млн. долларға жетіп, рекорд жасапты. Бұл өте маңызды, өйткені, шағын қаражат салып жатқанның бәрі сайлаушылар ғой. Ақыры, Б.Обама өзінің президенттік кампаниясының шығынына бюджеттен қаражат алудан бас тартқан жалғыз кандидат ретінде тіркелді.
Барак Обаманы ресейлік көптеген саясаткерлер, сарапшылар АҚШ-КСРО заманынан бері жалғасып келе жатқан дәстүрлі бәсекелестік, бақастық салдарымен жақтырмайды. Оларға  жалпы америкалық дүниенің бәрі түрпідей тиюімен қатар, шовинистік, турасын айтқанда, нәсілшілдік пиғылмен Барак Обама түсінің қара болғаны да көзге шыққан сүйелдей тиіп отыр (Өздерінде мұндайды өлсе де жібермес еді). Сондықтан да осы пиғылдағы Ресей саясатшылары жазған сараптамаларында Баракты қолдаған Дэвид Геффеннің басына нешетүрлі жамандықтарды аямай үйген. Бұған дейін Билл Клинтонды қолдаған осы миллиардерді ешкім ауызға да алмаған болса, енді оның «жаман атағын» аспанға шығарыпты.
Сөз жоқ, Америкада (тіпті, барлық басқа елдерде де солай ғой) бай магнаттардың қаржылық қолдауынсыз ешкім де президент бола алмайды. Ол бұлжымайтын аксиома екені де шындық.
Қалай десек те, 2008 жылы Барак Обама АҚШ тарихында тұңғыш афроамерикалық болып президенттік мансапқа қол жеткізді. Осы жетістігін ол сұңғыла саясаткер ретінде Американың демократия жолындағы ұлы жетістігі деп айтудан да жағы талған емес. Және бұл пікірдің ешқандай артықтығы да жоқ. Өйткені, Барак Обаманың тұрмыстың ең төменгі сатысынан өскен саясаткер екендігін көрсеттік. Бәрі де қалыптасып, бәрінің де сыбағасы бөлініп, бұлжымастай етіліп орын-орындарына қойылған, ешнәрсе өзгертуге болмайды деген Америкада осындай адамның президент болуы – демократияның жемісі екені сөзсіз. Сонымен бірге, ол Барак Обама феноменінің күрделілігін де айқындай түседі.
Әрине, Барак Обама алғашқы сайлауда аттай шауып өткен жоқ. 538 таңдаушының 338-і Баракты қолдаса да АҚШ-тың негізінен ақ нәсілділер тұратын Алабама, Луизиана, Оклахома және Техас штаттарында ол өте төмен дауыс алды. Экзит-пулдың анықтауына қарағанда, әрбір оныншы ақ нәсілді ғана оған дауысын берді. Бұлар АҚШ-тың құл иеленушіліктен көп уақыт бойы ажырағысы келмеген оңтүстік штаттары еді. Қалай десек те, мұндағы көп тұрғындардың санасында өздерін өзі артық санаушылықтың әлі де қалып қойғаны байқалып тұрды.
Обаманың жеңісі АҚШ халқының үлкен бөлігін ғана емес, әлемнің көптеген елдерін жеңістің эйфориясына бөледі. Әсіресе, өз сыбағасына өз қолдары бірде жетіп, бірде жетпей жүрген елдердің қуанышы шексіз еді. Халық арасындағы «обамамания» деген бұл құбылыстың шарпуы кеше ғана біреудің қас-қабағына қарап өмір сүріп келген Қазақ еліне де тигені даусыз. Ал Африка, Таяу Шығыс елдеріндегі қуаныштың орны тіпті бөлек еді. Соның ішінде өз ұрпағы әлемдегі ең үлкен мансаптың басына шыққан Кенияның қуанышы тіпті шексіз болды.
Халықтың қуанышы да тегін кетпеді, Барак Обама президент болған жылдарда орынсыз қантөгіс орын алған жоқ. АҚШ-тың Кубаға қатысты санкциясы біршама жұмсарды. Израиль өкіметі қаншалықты шағыстырып бақса да Обама: «Мен сырттан соққан шулы кедергілерді («шумовые помехи») тұншықтырып, тек Американың мүддесі тұрғысынан ғана әрекет етемін» деп, ешқашан Иранды бомбаламайтынын ашық айтты. Егер әкелі-балалы Буштар сияқты біреу болса Израильдің қысымына шыдай алмай, ендігі Ислам мәдениетінің тағы бір орталығы – ежелгі парсы қалалары да тас-талқан болар еді. Сонымен бірге, Б.Обама өзінің Ирак жөніндегі уәдесін ұмытпай, ол елден АҚШ-тың әскерін түгел шығарды. 2010 жылы Ресей Федерациясымен стратегиялық қару-жарақты қысқарту жөнінде келісімге қол қойды.
Барак Обама президенттік қызметті атқару барысында өзін кездейсоқ келе қалған адам емес, барлық жағынан дайындығы мықты сая­саткер ретінде де көрсете білді. Әрине, оның қызметін тегіс сараптап шығуға бір мақаланың көлемі жетпейді. Жалғыз-ақ ел экономикасын тығырыққа тіреген қаржылық дағдарыс, табиғи апаттардың өзін де ол рейтингін көтере түсуге ептілікпен пайдалана білгенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан да ол екінші мерзімге аттай шауып өтті. Барлығы 538 таңдаушының 332-сі Обаманы жақтап дауыс берді. Яғни, таңдаушылардың 62 пайызға жуығы оның жағында болды. Бұл – АҚШ сайлауында сирек кездесетін құбылыс. Онда қарсыластардың айырмашылығы 2-3 пайыздан асуы сирек  оқиға.
Әрине, Барак Обама президенттікке сайланған кезден кейін қарапайым адамдар түсіне бермейтін жетістіктер де болды. Мәселен, 2009 жылдың аяғында-ақ оған Бейбітшілік үшін берілетін Нобель сыйлығы тапсырылды. Бұл сыйлық оған «халықаралық дипломатияны және адамдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы төтенше күш-жігері үшін» деген тұжырыммен берілді.
Ұзақ жылдар бойы бейбітшілік жолында тер төгіп жүрген қайраткер және осы істе танылған тұлға да емес, қалай алды деп таңқалғандар көп болды. Біреулер бұл Б.Обаманы халыққа таныту үшін жасалған акция деген ойлар да айтты. Дегенмен, бұл іс Б.Обаманы бейбітшіліксүйгіш істер жасауға ынталандырды. Соның ішінде 2010 жылдың сәуір айында Ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммит ұйымдастырғаны ұтымды шықты.
«Жақсыдан – шарапат» демекші, 47 мемлекеттің басшылары қатысқан сол саммитте Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және жою туралы бастамасы қызу қолданып, бүкіл әлемнің құлағына жетті. Барак Обама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты жаһандық маңызы бар тұлға ретінде танып, оған айрықша құрмет көрсетіп отырды. Соның арқасында баяндама жасауға қол жеткізген 5-6 адамның бірі болып Қазақстан көшбасшысына да сөз берілді. Президент Н.Назарбаевтың сол саммитте айтқан сөздері әлемнің көптеген беделді басылымдарының беттерінде жарияланды.  Екіжақты кездесуде де Барак Обама Қазақстанның бүкіл әлемдегі және аймақтағы қауіпсіздікті сақтау туралы ұсыныстарына үлкен баға берді. Ал Қазақстанның сол жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуін «тарихи оқиға» деп бағалайтынын ашық айтты.
Барак Обаманың бастамасымен шақырылған жаһандық саммит екі жыл сайын тұрақты түрде өтіп тұратын болды. 2012 жылғы наурызда ол Сеул қаласында өтті. Ал 2014 жылғы саммит Нидерландыда өтетін болып белгіленді.
Сеулдегі саммитте Қазақстан, АҚШ және Ресей Федерациясының президенттері бұрынғы Семей сынақ полигонындағы ынтымақтастық туралы мәлімдеме жасады. 40 мың шаршы шақырым аумақты алып келген аждаһаның азабынан бұл жердің 2004 жылдан бері үш мың шаршы шақырымдайы ғана қалпына келтірілген. Мәлімдемеде үш мемлекеттің осы аумақты толық қалпына келтіргенше бұдан әрі де ынтымақтасып жұмыс істейтіндігі айтылды. Б.Обама мәлімдемеге қатысты өзінің сөзінде үш мемлекеттің ядролық қарудың зардабын жою жолындағы ынтымақтастығы әлемге «игілікті үлгі» болатындығын айтты. Мәлімдеме жасау барысында екі алып мемлекет лидерлерінің ортасында тұрған Қазақстан Президентінің суреті дүние жүзін аралап кетті. Қазақстанды онша танымайтын бітеу кеуде жан болса да екі алыпты бас шұлғытып, ортасында тұрған мемлекет басшысына құрметпен қарағаны даусыз. Сеулде Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі жаһандық қозғалыстың көшбасшысы болып танылды. Осының бәрі Қазақстанның әлемге жақсы қырынан таныла түсуіне өлшеусіз ықпал етуде. Еліміздің Еуропаның қақ ортасында, осы құрлықтағы беделді мемлекеттердің бірі Бельгиямен таласқа түсіп, ЕХРО-2017 көрмесін өткізу құқын 70 пайызға жуық дауыспен жеңіп алуы да кездейсоқтық емес. Оның осы Барак Обама сияқты әлемдік тұлғаларды мойындата алудың арқасында қол жеткен табыс екені сөзсіз.
Міне, қысқаша айтқанда, Барак Обаманың қазірге дейінгі қадамдары осындай. Прези­дент­тігінің екінші мерзімінде оның саяси таланты ұштала түсетіндігі тағы талассыз. Обама феноменінің қалай жалғасатынын уақыт көрсетеді.

Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».