Аймақтар • 05 Тамыз, 2019

Алматыда «TEMIRADAM» кубогы шеңберінде триатлоннан халықаралық жарыстар аяқталды

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Сайран көлінде 2019 жылғы 3-4 тамызда «TEMIRADAM» кубогының VIII кезеңінің жарыстары аяқталды. Қазақстан Триатлон федерациясы ұйымдастырған бұл спорт додасы Қазақстанның барлық өңірлерінде кезең-кезеңмен өткізіледі. Жарыстың мәрелік бөлігі күзде Каспий жағасында Ақтауда өтеді. Кубок ойындарына IRONMAN әлемдік чемпионаттағыдай, 18 жастан 60+ жасқа дейінгі әуесқой триатлеттер ғана қатысады.

Алматыда «TEMIRADAM» кубогы шеңберінде триатлоннан халықаралық жарыстар аяқталды

Алматыға Грузиядан, Қазақстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Украинадан, Өзбекстаннан, Оңтүстік Кореядан 182 жеке спортшы және 10 команда (үш адамнан) келді. Спортшылар «олимпиадалық дистанцияда» жарысты (1500 м жүзу + 40 км вело + 10 км жүгіру).

Сайран көлі триатлеттерді ыстық және қапырық ауа райымен қарсы алды. Десек де, жарыс жоғары жылдамдықтармен өтті. Ерлер арасында барлық кезеңдерде ең тәжірибелі триатлет әрі жаттықтырушы Ironman Павел Артюшенко (Алматы) тұрақты көшбасшы болды. Оның соңынан атақты спортшылар Максим Мазур, Максим Мжельский (екеуі де оңтүстік астанадан) және мәскеулік Арсений Елисеев те қалыспай жетті. Алайда, Артюшенко жылдамдығын бұдан да арттырып, нәтижесінде жеңімпаз атанып,  ол 2 сағат 09 минут және 55 секунд ішінде жарысты бірінші аяқтады. Өзінің жас мөлшері санатында жеңістен басқа, Павел абсолютті жеке есепте де жеңімпаз атады.

Әйелдер стартындағы жеңісте тағы да тәжірибе үстем болды. Атақты алматылық триатлет Екатерина Шатная жарысты бірінші аяқтады. 2004 Олимпиадалық ойындардың қатысушысына, «алмаз ханымға» (Гавайяда IRONMAN әлем чемпионатынан өткен әйелдерді осылайша атайды) өзінің барлық қарсыластарын басып озу оңай болды. Екатеринаның нәтижесін көптеген ерлердің жетістіктерімен салыстыруға болды: 2 сағат 27 минут 08 секунд.

Эстафеталық командалар арасында 2 сағат 08 минут 02 секунд нәтижесімен AlmatyBroTeam (Алматы) ең үздік болып атанды.

Қалған жас мөлшері санаттарында жеңіске мыналар жетті:

Ерлер

M18-24 Диас Кунтуаров (Нұр-Сұлтан): 02:34:35; M25-29 Максим Мжельский (Алматы): 02:17:45; M30-34 Арсений Елисеев (Мәскеу, Ресей): 02:09:55; M35-39 Михаил Кувшинников (Алматы): 02:15:50; M45-49 Владислав Копбосунов (Алматы): 02:31:45; M50-54 Талгат Жумагалиев(Алматы): 02:38:41; M55-59 Дандыбай Алимбаев (Шымкент): 02:57:51.

Әйелдер

F25-29 Алена Уварова (Коркино, Ресей): 02:47:05; F30-34 Анастасия Чёрная (Запорожье, Украина): 02:40:12; F35-39 Дина Шаймерденова (Алматы): 02:37:43; F45-49 Kim Kyungsook (Оңтүстік Корея): 03:01:58; F55-59 Алия Айтказина(Алматы): 03:36:20.

АЛМАТЫ