Нұротандықтарға ерекше жауапкершілік жүктеледі
Жұма, 8 ақпан 2013 7:31
«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапарын Қызылжар өңірінен бастап, бірқатар мекемелерде болды.
Жұма, 8 ақпан 2013 7:31

«Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек осы қызметке тағайындалғаннан кейінгі алғашқы жұмыс сапарын Қызылжар өңірінен бастап, бірқатар мекемелерде болды.
Б.Байбек алғашқы күні аймақ басшысы Самат Ескендіровпен бірге Петропавл қаласындағы №1 қалалық ауруханаға соғып, осында емделіп жатқан науқастардың хал-жағдайымен танысты. Жайлы палаталардың озық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталғанын көрді. Емдеу мекемесінің бас дәрігері Ғалия Мәметова 150 орынға лайықталған ауруханада терапия, неврология және ересектерге арналған жұқпалы аурулар бөлімшелері орналасқанын, емделушілерге қалыпты ем-дом көрсетілетінін, дәрі-дәрмек жеткілікті екенін жеткізді. Мұнда инсульт, остеохандроз дертіне душар болғандар да ауруынан айығады. Медициналық қондырғыларды жаңарту мақсатымен биыл жергілікті қазынадан 400 миллион теңге қарастырылған. Жоғары білімді дәрігерлердің орташа айлық жалақысы 160 мың теңгеден айналса, мейірбикелердің қолына 71 мың теңге тиеді.
Ақ халатты абзал жандар «Нұр Отан» ХДП Төрағасының бірінші орынбасарына егде адамдардың физиотерапиялық ем-дом алатын арнайы құрал-жабдыққа зәрулігін айтып, қолұшын беруді өтінді. Б.Байбек өз кезегінде мәселені жергілікті мәслихаттағы фракциямен ақылдаса отырып, бюджеттен қаржы бөлу мүмкіндіктерін қарастыратынын айтты.
Екіжақты ашық әңгіме «Қазақстан-2050» Стратегиясы талаптарынан туындайтын басым бағыттар төңірегінде өрбіп, жүзеге асыру жолдары кеңінен сөз етілді.
Осы күні Б.Байбек «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы ғимаратында өз өтініштерін айта келген бір топ солтүстікқазақстандық азаматтарды қабылдап, мал шаруашылығын субсидиялау, халық миграциясы, көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, инновациялық жобаларды қаржыландыру жайлы ой-пікірлерін тыңдады.
Ресейден көшіп келіп, Бәйтерек ауылына қоныстанған Жанат Отыншиев «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, жеке кәсіпкерлікпен айналысатынын, енді ағаш цехын ашуға жер телімдерін ресімдеу қиындық туғызып отырғанын, ауылдағы электр энергиясы қуаттылығының жетімсіздігін, ол үшін аралық станса салу қажеттігін алға тартты. «Блок» ЖШС-ның директоры Иван Шефер өндірісті одан әрі кеңейту мақсатымен шағын және орта бизнесті қолдау бағдарламасы шеңберінде несие алу ниетінде жүр екен. Айналым қаражатына көмек берілсе, 10 жаңа жұмыс орнын ашып, өндіріс көлемін 50 пайызға арттыруға уәде етті. Нұротандықтармен, жастар активімен жүздесулер де емен-жарқын өтіп, ой-пікірлер алмасылды.
Б.Байбек келесі күні облыстық филиалдың кезектен тыс ХVІ конференциясына қатысып, Мемлекет басшысы, «Нұр Отан» ХДП Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жергілікті филиал төрағалығына аймақ басшылығына жаңадан тағайындалған Самат Ескендіровтің кандидатурасын ұйғарғанын жеткізді. Делегаттар бұл ұсынысты бірауыздан қолдап, дауыс берді. Жиналғандар алдында сөйлеген сөзінде Б. Байбек филиалдың жаңа жетекшісіне табыс тіледі. Партияның алда атқарылатын жұмыс жүйесін баяндап берді.
Жұмыс сапарының екінші күні Б. Байбек Қызылжар ауданына қарасты Асанов стансасына атбасын тіреді. Мұнда «Әби Жер» ЖШС-інде жүзеге асырылып жатқан озық жобалармен танысып, тұрғындармен, ардагерлер, жастар өкілдерімен кездесті. Ауылдықтардың Президенттің саясатын қолдайтындары айқын сезіліп тұрды. Десе де, тұрғындар партия Төрағасы бірінші орынбасарының назарын кейбір мәселелерге аударды. Мысалы, ардагер ұстаз Күлпәш Қапарова ауыз су жайы қатты қинап тұрғанын қынжыла әңгімеледі. Тасып жеткізілетіндіктен, сапасы көңіл көншіте бермейтін көрінеді. «Ақ бұлақ» бағдарламасын тездетуді өтінді. Бұдан басқа, тұрғындар саны 2 мыңға жетпейтін елді мекендерде амбулаториялық пункттерді қалдыру, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жұмыс істейтін жас мамандардың біржолғы жәрдемақысын көтеру, тағы басқа мәселелер көтерілді. Сауалдарға облыс әкімі Самат Ескендіров ықтиятты жауап беріп, проблемалармен жақсы таныс екенін, барынша оң шешуге ықпал жасайтынын айтты.
Бауыржан Қыдырғалиұлы өз сөзінде ауыл әкімдерінің рөлі мен жауапкершілігін арттыру, дербестігін күшейту, бизнес пен билік орындарының әлеуметтік әріптестігі, қордаланған проблемаларды бірлесіп шешу, бюджет қаржысын орынды жұмсау, жемқорлықпен күрес, партиялық бақылаудың пәрменділігін арттыру мәселелеріне ерекше екпін түсірді. Өз сөзін Елбасы тапсырмаларын бұлжытпай орындаудың алдыңғы шебінде нұротандықтар жүруі тиіс, деп қорытындылады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.