Қоғам • 07 Тамыз, 2019

Жастарға арналған жобаларда бақ сынаңыз

451 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Bolashaq» қауымдастығы қолға алған қос бастама таныстырылды. Алаңға жиналған спикерлер «Нетворкинг және жас­тар ұйымдарының тәжірибе алмасуы» жобасы мен «Jastar Otanga» инновациялық идеялар байқауы туралы баяндама жасады.

Жастарға арналған жобаларда бақ сынаңыз

Алғашқылардың бірі болып сөз алған Ақпарат және қо­ғам­дық даму министрлігі Жас­тар және отбасы істері ко­ми­­те­тінің төрағасы Мадияр Қожах­мет аталған екі жоба да Ел­ба­сы­ның бастамасымен жа­рия­лан­ған Жастар жылы аясында ұйым­дас­тырылып отырғанын жеткізді.

«Осы сәтті пайдаланып атау­лы жылға орай қандай іс-шара­лар атқарылғанын айта кет­кім келеді. Бәріңіз білетіндей, Жас­тар жылындағы ауқымды жұ­мыс­тарды жүргізуге бағыттал­ған арнайы Жол картасы әзір­леніп, бекітілген болатын. Онда жастар мәселесі 5 негізгі бағыт­қа бөлініп, соның негізінде іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Ең маңыздысы, тұрғын үй. Қазіргі таңда еліміздегі үш ірі қалада 3 мың жасқа жыл сайын 3 мың пәтер беру мә­се­лесі қарастырылуда. Бұдан бөлек жұмысшы жастарды дайындық курстарынан өткізген соң, оларға өзінің шағын кәсібін дөңге­летіп әкетуі үшін 500 мың теңге­лік грант немесе 3 млн теңге несие беріледі», деді ол. Оның айтуынша, жастардың азамат­тық белсенділігін арттыру мақ­сатында Азаматтық бастамалар­ды қолдау орта­лы­ғымен бірге 50-ден аса үкіметтік емес ұйымдарға арналған грант­тар жарияланған. «Сол бөлін­ген гранттар негізінде бір­қатар бас­тама қолға алын­ды. Солардың бір парасы – Нет­вор­кинг және жастар ұйым­дарының тәжірибе алмасуы жобасы мен «Jastar Otanga» ин­но­вациялық идея­лар байқауы», деді комитет басшысы.

«Bolashaq» қауымдас­тығы­ның атқарушы директоры Лаура Демесін өз кезегінде аталған жобалар тікелей Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Оның мәлімдеуінше, Нетворкинг және жастар ұйымдарының тәжірибе алмасу жобасы Қазақстанда алғаш рет орындалмақ.

«Бұл жоба жастармен жұ­мыс істейтін үкіметтік емес ұйым­­дардың жастар ресурстық ор­талық­тарымен (ЖРО), мүдделі мем­лекеттік органдармен жұ­мысты жақсартуы мақсатын­да іс-шараларды ұйымдас­тыру, мемлекеттік органдар­мен және әлеуметтік тапсырыс­тар­мен жұмыс туралы тиімді ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін аймақтардағы жастар­дың ҮЕҰ-ларын қолдау мен да­мытуды көздейді. Сондай-ақ тәжірибе алмасу және жас­тар ұйымдарының озық тәжіри­белерін зерделеу, жастар ұйым­дарының өкілдері үшін тренингтер, шеберлік шыңдау, семинарлар, диалог алаңдары, Қа­зақстан мен АҚШ жастары арасында қарым-қатынас ор­нату бойынша іс-шаралар өткі­зуге бағытталған», деді Л.Де­месін.

Оның айтуынша, жобаға барлық өңірден мыңнан аса адам қатысады. Ұйымдастырушылар жастардың бір-бірімен байла­ныс орнатуы оңай болуы үшін ай­мақтардағы өткізу алаңдарын 5 қалаға белгілеген. Олардың ішін­де оңтүстік жастары Шымкентте, батыстағылар Оралда, шы­ғыс­тықтар Алма­тыда, сол­түс­тіктегілер Пав­лодарда, ал орталықтан қатысу­шылар елордада бас қоспақ.

«Жобаға қатысу үшін bolashak.kz сайтына кіріп, өті­нім­ді толтыру керек. Шара 19-21 тамыз аралығында өтеді. Ал жо­баның нәтижесінде ҮЕҰ мен ЖРО-­ның қазақстандық тәжі­ри­бесі ретінде арнайы жинақ шығады», деді қауымдастықтың атқарушы директоры.

Екінші бастама – «Jastar Otanga» инновациялық идеялар байқауы 2017 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

«Байқау халықтың іскерлік белсенділігін дамытуға және жұмысқа орналасуға, жас­тардың іскерлік ойлауына, сондай-ақ өзін өзі жүзеге асы­руына жағ­дай жасауды мақсат етеді. Бізде жас­тардың кәсіп игеруіне, биз­нес бастауы­на көп көңіл бөлі­неді. Осы­ған орай қолға алын­ған жобаға  Қазақстанның бар­­лық аймағынан 18-29 жас ара­лы­ғындағы жастар қатыса алады. Байқауға өтінімдер
1 шіл­­де мен 20 қыркүйек аралы­ғын­да қабылданады, соңғы сынға өт­кен қатысушылар тізімі bolashak.kz сайтында 27 қыр­күйекте жа­рияланады. Байқау­дың қоры­тынды кезеңі 2019 жыл­дың 23-24 қазаны күндері Ал­маты қа­ласында өтеді», деді Л.Демесін.

Айта кетелік, қатысушы ең бірінші сайтқа салынған ережемен толық танысып, онлайн өтінімді толтыруы қажет.