Экология • 07 Тамыз, 2019

Данияр Әлиев: Экология – өндірісті өңірде өте өзекті

2493 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев «Қоршаған ортаның қазіргі мүшкіл хәлі – көпшіліктің көкейіндегі мәселе. Сондықтан елімізге бірыңғай экологиялық саясат қажет. Қоршаған ортаны қорғау жүйесіне серпін беретін жаңа Экологиялық кодекс қабылдау керек» деп атап өткен болатын. Жуырда елімізде жаңадан Экология, геология және табиғат ресурстары министрлігі құрылғаны белгілі. Осы орайда өңірдің экологиялық ахуалы жөнінде Павлодар облыстық Экология департаментінің басшысы Данияр ӘЛИЕВПЕН әңгімелескен едік.

Данияр Әлиев: Экология – өндірісті өңірде өте өзекті

– Данияр Балтабайұлы, Президент елімізді экологиялық тұрғыдан оңал­ту­ға басымдық беріп отыр. Бұл ретте өндірісті өңірдің экологиялық қауіп­сіз­дігі қалай сақталады?

–  Әрине, Мемлекет басшысының пәрменімен қоршаған ортаны қорғау бойынша құзыретті органның құрылуын қуана құптаймыз. Бұл өндірістік үрдіс­терді жаңарту мен өңірлердегі эколо­гия­лық жағдайды жақсарту бойынша жаңашыл жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Өйткені экологиялық қауіпсіздік – мемлекеттің орнықты даму жолындағы басым міндеттерінің бірі, табиғи жүйелерді сақтау мен қоршаған ортаны қорғаудың негізі.

Ал өңірде экологиялық қауіпсіздік мәселесі өте өзекті. Қоршаған ортаға шығарылатын зиян­ды заттар көлемінің 66 пайызы жылу энергетикасы, 17 пайызы – түсті металлургия, 5,6 пайызы – қара металлургия, 3,7 пайызы – мұнай өңдеу, 1,7 пайызы пайдалы қазбаларды өндіру үлесіне тиесілі. Биыл бірінші тоқсанда атмосфераға 344,8 мың тонна зиянды зат шығарылған. Жалпы, департаментке қарасты инспекциялық қызмет экологиялық мәселелер бойынша 14 тексеру жүргізді. Оның ішінде 4 жоспарлы, 10 жоспарсыз тексеру болды. Нәтижесінде, кәсіпорындарға 2 млн 278,9 мың теңгеге 42 айыппұл салынды. Бұл күндері еліміздің Ауа райын бақылау ұлттық орталық операторы өңірлердің, қалалардың атмосфера тазалығына бақылау жүргізуде. Бақылау нәтижесінде Жезқазған, Қаратау, Қарағанды ең лас қалалар саналса, Павлодар қаласы – 33, Ақсу – 31, Екібастұз 36-орында тұр.

– Жылу энергетикасы және металлургия кәсіпорындары Кеңес өкіметі кезінде жобаланып, салынғаны белгілі. Қазір ескірген зауыттардың пайдасынан зияны көп болар?

– Иә, кәсіпорындардың қолданыстағы тазарту құрылғылары түгел ескірген. Құрылғылар тек қатты бөлшектер – шаң, күл, күйе сияқтыларды ұстап қала алады, ал күкірт, азот, көміртек тотық­та­ры сияқты газ құрамды бөлшектері атмос­фералық ауаға еш тазартусыз тіке­лей тарайды. Облыс орталығындағы «Қазақстан алюминийі» АҚ ауаға шы­ға­­рылындары құрамында газ тәріз­ді қосынды жылына 43240,6 тонна болса, ал «Қазхром «ТҰК» АҚ Ақсу фер­ро­қо­рыт­па зауытында жылына 60229,4 тонна көлемді құрайды.

Алып кәсіпорындар экономикалық тиімсіздікке, оның ішінде сыртқы нарықта өндірілген өнім құнының күрт ауытқуын біле тұра, газ тазарту жүйелерін орнату жөніндегі іс-шараларды инвестициялауды жөн көрмейді. Еліміздің «Техникалық реттеу туралы» Заңына сәйкес нақты өндірістік нысан бойынша қоршаған ортаға эмиссияларға қойылатын талап­тар Үкімет бекітетін техникалық рег­ламенттерде көрсетіледі. Осыған бай­­ланысты, өңірлік Экология депар­та­менті Энергетика министрлігіне заң­наманы оңтайландыру арқылы газ тә­різдес заттардың тасталымдарына қойылатын талаптарды қатаңдату бойынша ұсыныстар енгізді. 2019 жыл­дың қаңтарынан бастап Энергетика минис­трлігінің сараптау тобы жаңа Экологиялық кодекс әзірлеуде, оның ішінде атмосфералық зиянды шыға­рын­ды­лардың құрамы мен оның нормалары қайта қарастырылмақ.

– Қоршаған ортаға зиянды зат­тар­дың мөлшерден тыс шыға­рыл­уының себе­бін айта аласыз ба?

– Екібастұздағы ГРЭС-1 стансасы, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация­сы» АҚ кәсіпорындарында электр энергиясын өндіру бойынша өндірістік көрсеткіштердің артуы және Краснооктябрь кен орнының боксит сапасының нашарлауы себеп болуы мүмкін. Стансаның 3 жыл ішінде электр энергиясын өндіру көрсеткіштері 9 млрд кВт-тан 19 млрд кВт-қа артты, яғни 211 пайызға артық энергия өндірілді. Сондықтан өндірістік көрсеткіштердің өсуі атмосфераға түсетін зиянды шыға­рын­дылар көлемінің 102,4 мың тоннадан 206,7 мың тоннаға дейін өсуіне әкелді. Екінші, «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ стансасында да 3 жыл ішінде электр энергиясын өндіру көрсеткіштерінің 13 млрд кВт-тан 15 млрд кВт-қа немесе 15,4 пайызға артуы байқалады. Өнімділіктің өсуі ауаға зиянды шығарындыларды 143 мың тоннадан 158 мың тоннаға дейін көбейтті. Сол сияқты, «Қазақстан Алюминийі» АҚ-ында Торғай боксит кен орнында кен қорының сарқылуына және Краснооктябрь кен орнының (Қостанай облысы) сапасы төмен кенін қайта өңдеуге көшуіне байланысты шикізат-кеннің және шығарылатын өнім-глинозем бірлігіне отынның меншікті шығыны ұлғайды. Бұл тасталымдардың 56,753 мың тоннадан 90,74 мың тоннаға дейін артуына әкелді.

– Қоршаған ортаға шығарылатын қалдықтарға лимитті енді облыстық мәслихат белгілей ме?

– Жуырда экологиялық жиында қоршаған ортаға шығарылатын қал­дық­тар­ға лимиттерді белгілеу құзыретін об­лыс­тық мәслихаттарға тапсыру жө­нін­дегі ұсыныс айтылды. Бірақ бұл мә­селені шешуге Экономикалық ын­тымақтастық және даму ұйымы ел­деріндегідей қоршаған ортаға шыға­ры­ла­тын эмиссияға деген заманауи стандарттарды енгізу қажет.

– Ірі кәсіпорындар табиғатты қорғау шараларына қандай үлес қо­су­да?

– Өңірдегі кәсіпорындар биыл бұл мақсатқа 13,7 млрд теңге бөлді. Жалпы, павлодарлық кәсіпорындар 2016-2018 жылдар аралығында табиғатты қорғау қажеттілігіне 35 млрд теңге жұмсады. Бір ғана «Қазақстан алюминийі» АҚ 3 жыл ішінде 1,4 млрд теңгеге табиғат қорғау іс-шараларын іске асыруда. Екібастұздық станса 3 жыл ішінде табиғат қорғау іс-шараларына 684 млн теңге бөлді. Электр сүзгілерін күрделі жөндеуден өткізді. Ал «Еуроазиаттық энергетикалық корпорациясы» АҚ соңғы 3 жыл ішінде 8,9 млрд теңгеге табиғат қорғау іс-шараларын іске асырды. Энергоблоктардың қазандық агрегаттарын жаңғыртудан өткізді. Мәселен, стансадағы №5 энергоблоктың қазандық агрегатында жаңа электр сүзгісін орнату күл шығаруды 5 мың тоннаға қысқартуға мүмкіндік берді. Қоршаған ортаны ластаушы заттардың автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылуда. Жаңа электр сүзгілер орнатылып, тозаң, зиянды күлді ұстап қалу жүйелері қайта құрылады. Инспекциялық қызмет барысында жүргізілген тексерістер барысында айыппұлдар салынады. Барлық тексерістер заманға сай лабораториялық құрал-жабдықтардың көмегімен жүргі­зі­леді. Айталық, биыл наурыз айында Thermo NITON спектрометрінің көмегімен облыс орталығындағы «KSP Steel» ЖШС кәсіпорнында көлемі 62 мың тонна болат балқыту қожы­ның нормадан тыс орналастырылуы анықталды. Экологиялық зардап кө­ле­мі 33 млн 719 мың теңгені құрап, толық­тай мемлекет кірісіне өндірілді. Мамыр айының соңында «Каскад» газталдағышымен «Алюминий зауыты» АҚ гидрометаллургиялық цехының түтін газдарын өлшеу нәтижелері бойынша бұған дейін кәсіпорынмен сот инстанцияларында дауласқан күкіртсутек анықталды. Бұл зат бойынша зардап көлемі 39 млн теңгені құрады. Құрал-жабдықтық өлшеулер арқылы №2 кальцинация пештеріндегі тасталымдардағы азот тотықтары бойынша шекті тасталымдар нормативтерінің көбеюі анықталды, зардап шығыны 2 млн теңге. Департамент «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК АҚ-на экологиялық зардап көлемін анықтауға қажетті аэрокосмостық тү­сірі­лімдерді жасау арқылы шаңдану ауда­нын анықтауға сұраныс жіберді. Сонымен бірге «Қазхром ТҰҚ» АҚ филиалы АФЗ, «Мұнай-химия зауыты» ЖШС, «Евроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ кәсіпорындарында профилактикалық бақылау жүзеге асырылуда. Яғни, зертханалық талдау қорытындыларының толықтығын қамтамасыз ету үшін тексерістерге Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-аналитикалық бақылау мамандары қатысады.

– Облыс орталығының тұрғын­да­ры таңғы уақытта сілті мен күкірт­су­тек исінің пайда болуын жиі айтады.

– Бұл мәселе бойынша қалаға қа­рас­ты Зеленстрой кентінің тұр­ғын­дары арызданды. Олар мұның себебін «Алюминий зауыты» АҚ-нан көріп, Химия қалашығы мен Трамвай паркінің аумағында иісі хлорқұрамдас заттарға ұқсайтын ауаның ерекше ластануын айтады. Бірақ атмосфералық ауа бақылауларының мемлекеттік мониторинг нәтижесі бойынша ауада хлор құрамдас заттар анықталған жоқ. Бір ғана №4 бекетте көміртегі оксиді, қал­қы­малы заттар, күкіртсутек көлемі­нің көбейгені анықталды. Ақсу және Екі­бас­тұз қалаларында көміртегі оксиді бойынша аздаған асырулар анықталды. Арыздың басым бөлігі жел ағыны қала­ға бағытталғанда немесе өндірістік тұмша байқалатын желсіз күндердегі жағымсыз метеорологиялық жағдайда түседі.

– Мониторингтің қолданыстағы жү­йесі сонда ластануды болжауға мүм­кіндік бермей ме?

– Бұл үшін кәсіпорындарда ІТ-техно­логияларды қолдана отырып, ат­мосфералық ауа ластануы дең­ге­йін жобалайтын бағдарлама жасау қажет. Үкіметтің 2017 жылғы №827 қау­лысымен бекітілген «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­сында қауіптілігі бойынша І санат­та­ғы кәсіпорындарда экологиялық бақылау жүйесін автоматтандыру қарастырылған. Яғни, ірі кәсіпорындар атмосфералық ауа сапасын бақылау бойынша мониторинг стансаларын санитарлық қорғау шекараларында жоспарлап, орналастырады. Сондай-ақ алдағы уақытта кәсіпорындарда тиімді шаң-газ тазарту қондырғыларын енгізу керек. Аталған модельдеу жобалау тәжірибесі Ресейдің трансшекаралық аумақтарында бар, қазір зерттеу үстіндеміз.

– «Алюминий зауыты» АҚ сани­тар­лық қорғау аймағының шекара­сын­да Зеленстрой кентіне таяу аумақ­тағы станса жұмысы қалай жүр­гі­з­ілу­де?

– Мониторингтің оптикалық стансасы тес­тілеу режімінде орна­лас­ты­рыл­ған. Бірақ автоматты стансадағы мониторингтік зерттеулердің нәти­же­лері «Қазгидромет» РМК Бірыңғай мемлекеттік жүйесінде көр­сетілмейді. Тиісінше Павлодар қаласы бойын­­ша атмосфералық ауаның сапасын баға­лау үшін пайдаланылмайды. Осы­ған бай­ланысты Экология депар­та­­менті Энер­гетика министрлігіне бағ­дарламалық құжат­тарды түзету арқылы бұл жүйенің жұмы­сын­ оңтай­лан­дыру бойынша ұсыныстар ен­гізді. Зиянды эмиссияларды өлшеуді және оның қоршаған ортаның сапасына әсерін бақы­лаудың қазіргі заманғы әдісіне көшу эко­ло­гиялық бақылаудың тиімділігін және оның нәтижелерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

– Жалпы, экология мәселесінде тұрғын­дар қаншалықты белсенді?

– Департамент тұрғындардың арыз-шағымдарын қарастыруға үнемі көңіл бөледі. Арыз-ша­ғымдардың негізгі бөлігі өндірістік кәсіпорындардан қалдықтарды мезгілінде және қауіпсіз шы­ғару, тазартылмаған ағын суларды ағызуға тыйым салу бойынша тек­се­ріс жүргізуге бағытталған. Биыл 82 өтініш қарас­тырылды, оның 11-і сенім телефоны арқылы, 15-сі жеке тұлғалардан, 56-сы заңды тұлғалардан келіп түскен. Өтініштердің барлы­ғы мұқият зерттеліп, нақты шешімдер қабыл­данды. Осыған орай, департамент қала тұ­ғын­дарының белсенділерімен байланыс үзбей, оперативті әрекет жасау үшін мобильді топ құрып, әрекет ету нұсқаулығы жасалған.

– «Ауаның ластануымен күрес күні» де белсенділікке қозғау салатынын байқадық.

– Облыстағы «Азаматтық альянс» ассоциа­циясы» ЗТБ-мен бірлесе экология мәселелері бойынша тұрғындардың пікірін біліп, оны ашуға мүмкіндік беретін «Ашық есік күндері» өткізіледі. Жыл сайын 5 маусымда Әлемдік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған «Ашық есік күні» өтеді. Бұл 1972 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 27-сессиясында жарияланған. Биылғы тақырыбын БҰҰ «Ауаның ластануымен күрес» деп жариялады. Бұл күн әр адамға қоршаған ортаны қорғауға деген ынтасын туды­ру­ға арналды. «Ашық есік күні» шарасында тұрғындар көгалдандыру мен жасылдандыру, ағаштардың кесілуі, белгілі жөндеу жұмыстарынан кейін жолдардың қалыпқа келмеуі жөніндегі мәселелерді көтерді. Өйткені біздің өңір – өнеркәсіптік өңір болғандықтан әуе бассейнін қорғау және экологиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз ету мәселелері өте өзекті.

 

Әңгімелескен Фарида БЫҚАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

 Павлодар облысы