Белсенділік – іске қуат
Жұма, 15 ақпан 2013 7:57
13-14 ақпанда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болып, бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды аралап көрді. Жұртшылық өкілдерімен әңгімелесті.
Жұма, 15 ақпан 2013 7:57
13-14 ақпанда «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жұмыс сапарымен Қарағанды облысында болып, бірқатар әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды аралап көрді. Жұртшылық өкілдерімен әңгімелесті.
Жауапты қызметке тағайындалғаннан кейінгі облыс тынысымен танысуға арналған екінші сапардың алғашқы жұмыс күнінде Б.Байбек Теміртаудағы күрделі жөндеуден өтудегі балалар ауруханасына барды. Осынау емдеу мекемесін жаңартып, қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына біршама уақыт болғанымен, әлі аяқталмай келеді. Бұл іске жауапты мердігердің жүктелген міндетін тиісінше орындамауы салдарынан аурухана бүгінде шектеулі жағдайда жұмыс істеуге мәжбүр болып отыр. Орын алған кемшіліктер «Нұр Отан» ХДП қалалық филиалының партиялық бақылау бойынша комиссиясы тарапынан анықталды. Осы жөнінде оның төрайымы Гүлназ Мусина жан-жақты баяндады.
Б.Байбек партияның қалалық мәслихаттағы «Нұр Отанның» депутаттық фракциясына аталған мәселеге ерекше назар аударып, нысандағы жөндеу жұмыстарының жыл соңына дейін қаржыландырылуын қарастыруды тапсырды.
Бұдан кейін Б. Байбек Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында облыстық жастар ұйымдары белсенділерімен, мектеп оқушыларымен кездесті. Жас буынмен емен-жарқын әңгіме қозғалып, мемлекет тарапынан жарқын болашақтарына барлық жағдай жасалып отырғаны, осы қамқорлық қадірін түсініп, бағалай білу жайы сөз етілді. Теміртаудың Елбасы еңбек жолын бастап, шыңдалу мектебінен өткен орта екені атала келіп, жаңа буынның білімі мен тәжірбиесіне үлкен үлгі боларлық үдерістерді дамыту керектігі айтылды.
Теміртаудан соң сапар Абай қаласында жалғасты. Мұнда «Нұр Отан» ХДП Төрағасы бірінші орынбасарының келетінін күні бұрын естіген жұрт соңғы уақытта жөнделген үйлер алдында күтіп тұрған еді. Олармен «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы туралы ой-пікірлер алмасылды. Сол арқылы тұрғындардың өздері тұратын мекен-жайларды, аулаларды көркейтіп, абаттандыруына мүмкіндік кеңдігі еске салынды.
Жиналғандар шаһардың моноқалаларды дамыту бағдарламасына енгізілуіне ризалық білдіріп, бұл ретте атқарылуға тиісті іс-шаралар жөнінде бірқатар сауалдар қойды. Сұрақтарға толымды жауап беріліп, бұл шараның мән-маңызы түсіндірілді. Сөз кезегінде облыс әкімі Бауыржан Әбдішев аталған бағдарлама аясында қаланың келешегі кемелдене түсетіндігін, қазір бос тұрған ескі үйлер орнына жаңа тұрғын жайлар салынатындығын, өндіріс орындары ашылып, жастардың еңбекке қамтылуына одан сайын жол ашылатындығын баяндап берді.
Бұл кездесуден кейін Б. Байбек Абай ауданы әкімінің халық алдындағы есеп беру жиналысына қатысты.
Жұмыс сапарының екінші күнінде Б.Байбек «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының кезектен тыс 17 конференциясына қатысып, филиал төрағалығына аймақ басшылығына жаңадан тағайындалған Бауыржан Әбдішевтің кандидатурасы ұйғарылғанын жеткізді. Делегаттар ұсынысты қолдап, бірауыздан дауыс берді.
Конференцияға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Б.Байбек партия жұмысының таяу арадағы негізгі басымдықтарын, өңірлердегі іс-қызметін күшейту, қоғамның билікке сенімін арттыру, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуын бақылау және жастармен жұмыс жасауды нығайту қажеттігін атап көрсетті. Сонымен бірге, жергілікті мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциялары сайлауалды бағдарламаның орындалуын бақылауға алып, бұл жайтты ұдайы басты назарда ұстауы керектігін қаперге салды. Алдағы уақытта барлық өңірлерде өткізілетін ауыл әкімдерінің сайлауында партияның депутаттары маңызды рөл атқаратындығы аталды.
Бауыржан Қадырғалиұлы сондай-ақ жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, партия мүшелері жауапкершілігін көтеру, партиялық тәртіптілікке таза болуды қалыптастыру, партиялық бақылаудың пәрменділігін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілуі керектігін сөз етті. Даму мен жаңғырудың жаңа жолындағы еліміздің алдына қойылған міндеттерді, Елбасының тапсырмаларын тындырымды, мүлтіксіз орындауда нұротандықтардың бастамашыл, талапшыл, еңбекшіл болуы, қоғамдық өмірдің алдыңғы шебінен табылуы тиіс екендігі қадап айтылды.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.