Осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туиттердегі парақшасында өзінің тапсырмасы бойынша ҰҚК Киберқалқан бағдарламасы аясында сертификат қауіпсіздігін тестілеуден өткізгенін және Қазақстанның ақпарат кеңістігі қауіпсіздігі
және сертификатты сырттан қауіп төнген жағдайда ғана қолдану мүмкіндігі дәлелденгенін жазды. Президент сонымен қатар бұл сынақтың интернет қолданушыларға қолайсыздық туғызбағанын көрсете отырып, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы: «Киберқалқан бағдарламасы бойынша қауіпсіздік сертификатын тестілеудің жедел аяқталуы сырттан қауіп төнгенде техникалық жабдықталу деңгейінің жоғары екенін көрсетті. Мұндай жағдайлар бұрын болған. Ең бастысы, Қазақстанның интернет қолданушыларына қолайсыздық болмайды. Қауіптенуге еш негіз жоқ», деп атап өтті.
Ал Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі бұл сынақтың кибер және ақпараттық кеңістікте киберқауіптің алдын алу жүйесін тексеріп көруге мүмкіндік бергенін мәлімдеді.
Ресми деректерге қарағанда, Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы тек өткен айда ғана мемлекеттік органдар мен жеке компанияларға қатысты 8 млн мәрте вирустық белсенділікті және 130 мың кибершабуылды анықтаған. Одан бөлек, бірқатар мемлекеттік органдарға кибертыңшылық жасау фактілері ашылған. Сонымен қатар сертификат енгізудің түйткілді мәселелері зерделеніп, байланыс операторларының жұмысына ықпал ететін тұстары тексерілген. Бұл жоспарлы жұмыс «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» Заңға сәйкес және киберқауіпсіздік пен ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылған.
Сайып келгенде, сертификат болашақта ұлттық қауіпсіздікке кибер және ақпараттық шабуыл қатері төнген жағдайда ел азаматтарына алдын ала ескертіле отырып, қолданылатын болады. Сонымен тестілеу жұмыстары 7 тамыздан бастап тоқтатылды.
Бұған дейін, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары арасында осы қауіпсіздік сертификатын орнатуға байланысты түсініспеушіліктер туындаған болатын. Қоғамда оны орнату қажеттілігі, жүргізілуі мүмкін «аңдулар» туралы пікірталастар өршіп кетті.
Сондықтан бұл мәселеге Бас прокуратура араласып, жеке өмірге қолсұғылмаушылыққа, жеке басы мен отбасы құпиясына, хат алмасуға, телефон арқылы сөйлесуге, хабарларға конституциялық құқықтардың сақталатынына мемлекет кепілдік беретініне назар аударды. Сондай-ақ аталған талаптарды бұзу қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін мәлімдеді. Атап айтқанда, электронды ақпараттық ресурстарға, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру немесе телекоммуникациялар желісі бойынша берілетін ақпаратты заңсыз ұстап қалу үшін қылмыстық жауапкершілік бар және бес жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген (Қылмыстық кодекстің 147-бабының 3-бөлігі). ҚК 148-бабында хат жазысу, телефонмен сөйлесу, пошта, телеграф хабарлары немесе өзге де хабарлар құпиясын заңсыз бұзғаны үшін жауапкершілік белгіленген.
Енді қауіпсіздік сертификатын сынақтан сәтті өткізген ҰҚК осы уақытқа дейін аталған сертификатты дербес құрылғыларына – ұялы телефон, компьютер және т.б. қондырып үлгерген қазақстандықтарға оны өшірудің де жолдарын көрсететін нұсқаулықтар таратты.