Қоғам • 08 Тамыз, 2019

Тіл алауыздығы

1289 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалпы «алауыздық» деген жақсы нәрсе емес. Атам қазақ «алтау ала болса ауыздағы кетеді» деп бекер айтпаған. Қазіргі таңда әлемдік социологтар «Тіл алауыздығы» дейтін терминді қолда­нып жүр. Осы тақырып бойынша ұзақ жыл еңбектенген АҚШ-тың Браун уни­верситетінің профессоры Алака Хол­ланның пайымдауынша, тілдік алауыздық – отарлаушы тіл мен отарланушы тілдің арақатынасы салдарынан пайда болатын рухани һәм саяси теңсіздік екен.

Тіл алауыздығы

Осы теңсіздіктің, яғни алауыздықтың қоғамда көрініс табу салдары әрқилы. Бұл құбылыс ең алдымен унитарлық ортаның тіл бірлігінің бұзылуына әкеледі. Бұл үрдіс ұлғая келе этностық тұтастыққа сызат түсіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1999 жылы жарық көрген «Тарих толқынында» атты кітабында, «этникалық тұтастықтың түп негізі тіл, ондай тілсіз ұлттық тұтастықтың да болуы мүмкін емес» деп тайға таңба басқандай анық айтқан. Демек тіл тұтастығы – тәуелсіздік кепілі. Осы түйінге қарсы ұғым: тіл алауыздығы – мемлекет соры.

Айталық, ЮНЕСКО-ның беделді сарап­шы­ларының бірі болған, көрнекті ғалым Дебипрасанна Паттанаяктың тұжы­ры­мы­на қарағанда, тілдік алауыздық отарланған этностарға тән құбылыс. Ең қиыны, отарлау­шылар тілінде білім алған, сол тілде көзін ашып, рухын ұштаған қауым өзінің ежелгі тегінен жериді де, олардың рухани мұрасына құлықсыздық танытумен қатар, билік пен байлықты өз қандасымен бөліскісі келмейтін әлеуметтік іштарлық дертіне шалдығады. Сөйтіп, ежелгі бұқара мен өз тамырынан айырылған жаңа өркениетке бауыр басушы жандайшап элитаның арасы ажырайды. Нәтижесінде, уақыт өткен сайын бірін-бірі жатырқаушы қоғамдық жік қалыптасады.

Жоғарыдағы сарапшы пайымына мысалды алыстан іздеп те қажеті жоқ. Бірнеше жылдың алдында қазақстандық журналист Ланга Черешкайте өзінің мақаласында: «...кім не айтса, соны айтсын, орыс тілінсіз – күндерің қараң. Ол – ғылым тілі» десе («Экспресс К» газеті №224, 2.12.2011), «Свобода слова» газетінің бас редакторы Евгений Рахымжанов өзінің «Одақ және тіл» атты мақаласында: «Менің жеке пікірім – Қазақстанда орыс тілі мемлекеттік тіл болу керек. Өйткені, орыс тілі – менің ана тілім. Тек тұрмыстық деңгейге ғана қолдануға жарайтын қазақ тіліне өту дегеніміз, бәрімізді екінші сорттық азаматқа айналдырумен тең» депті. Ал бұған не айтасыз?!

Бүгінгі таңда еліміздегі тілдік бірлік, яғни қазақ тілінің мәртебесі лайықты тұғырда деп айта алмаймыз. Төрт-бес жыл бұрын елордада өткен ресми жиында бұрынғы Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, министрліктердің 80-90 пайызы қағаз жүзінде ғана іс-қағаздарын қазақ тіліне көшіргенін, мәселен, Ауыл шаруашылығы министрлігі – 23 пайыз, Индустрия және сауда министрлігі – 26 па­йыз, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – 14,10 пайыз, Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі – 18 пайыз, Ақпараттандыру және байланыс агенттігі – 2 пайыз іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізеді деген деректі айтты. Қазір де атқарушы билік осы шамадан кемімесе, артқан жоқ деген ойдамыз.

Міне, биыл «Тіл туралы» заңның қабылданғанына да отыз жылдың жүзі болыпты. «Сорлы халық қашан өз тілін біржолата ұмытқанша ел болудан үмітін үзбей жүре береді» деп ерте дәуір ойшылы Шарль Луи Монтескье айтқандай, тілім түбі бір тірілер деген үмітпен сүйегімізді сүйретіп әлі келеміз. Басқаны қайдам, өз қазағымыз кезінде КСРО басшысы Н.С.Хрущевтің: «Біз бәріміз неғұрлым орысша сөйлесек, соғұрлым коммунизмді тезірек орнатамыз» деген сандырағына әлі де иланатын сияқты.

«Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деп ұлы Ахаң айтқандай, қазақ тілі қазақ үшін – рухани компендиумы мен ауызекі энциклопедиясы, мәдени, ғылыми және ағарту ошағы емес пе?! Өйткені ана тілімізге халқымыздың көзқарасы, кісілігі мен парасаты, саяси мұраттары мен қоғамдық көкейкесті арман-тілегі, әлеуметтік және тарихи жадысы сіңген. Осыны түсіну, түйсіну үшін бізге зор ақылдың қажеті шамалы.

Әлемдегі постколониализм теоретигі Нгуги ва Цианг ұсынғандай, біз шынайы тәуелсіз болғымыз келсе, отарлаушы ел­дің тілі­нен бас тартуымыз керек екен. Әйт­песе, батыр Бауыржан Момышұлы «Ер­жет­кендер сөйлейді орысшалап, Кім отыр, сөз құрылысын қынап-сынап, «Мамасы» мен «папасы» шүршіт болып, Күйдірді-ау, шүршітшілеп бала жылап», деп күйінгеніндей, бәріміз де күңіреніп өмірден өтеміз.