Ізгілікке ұмтылыс жолында
Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:49
Алматы қаласында өтіп жатқан Иранның ядролық бағдарламасын талқылау бойынша 3+3 тұрпатындағы кездесуде Иран Ислам Республикасы мен Еуропалық Одақ уәкілеттіктерінің ресми өкілдері Иранның ядролық мәселесіне байланысты төртінші мәрте болып отырған жан-жақты келіссөздер туралы БАҚ өкілдеріне шағын мәлімдеме жасады.
Сәрсенбі, 27 ақпан 2013 7:49
Алматы қаласында өтіп жатқан Иранның ядролық бағдарламасын талқылау бойынша 3+3 тұрпатындағы кездесуде Иран Ислам Республикасы мен Еуропалық Одақ уәкілеттіктерінің ресми өкілдері Иранның ядролық мәселесіне байланысты төртінші мәрте болып отырған жан-жақты келіссөздер туралы БАҚ өкілдеріне шағын мәлімдеме жасады.
Мостафа АФЗАЛЗАДЕ, «FARS news agency» ақпарат орталығының саяси шолушысы:
– Батыс елдері Иран Ислам Республикасына деген ұстанымы мен пікірін өзгертпей отырғаны белгілі. Иран өзіндік саяси бағыт ұстанған ел ретінде сыртқы әсерлердің еркіне илікпейді.
Бұған дейінгі келіссөздер барысында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты өткізілген жан-жақты келіссөздер мен кездесулер айтарлықтай нәтиже бермеген еді. Тек Иранға қатысты қабылданған кейбір құжаттар мен санкциялардан өзге бұл мәселеде күні бүгінге дейін тұшымды мәміле болған емес.
– Иранда жуырда болатын президенттік сайлау, егер осы кездесудің оған деген әсерін шамалайтын болсақ, бүгінгі және бұған дейінгі Иранның ұстанымы, ол – басқару тетігінің емес, тұтастай мемлекеттің ұстанымы және бейбіт бағдары, сондықтан да, елдегі сайлаулар мен әлемдегі саяси күрделі оқиғалардың Иранның ядролық бағдарламасына ешқандай да әсері болмақ емес.
Осы тақырыпты тұрақты зерттеуші ретінде айтарым, 2009 жылдан бері Батыс елдері, оның ішінде АҚШ «Иран мәселесін» тұрақты да тиянақты қозғап келе жатқаны баршамыздың назарымызда. Алайда, ресми Теһран ешбір шарттарға мойынсұнбауда. Меніңше, бүгін қазақ жерінде болып жатқан кездесуде алты бірдей державаның жасайтын ұсыныстары мен жүргізетін келіссөздері де пәлендей өзгеріс әкеле қояды деп айта алмаймын. Батыс елдері мен ресми АҚШ өздерінің Иранға байланысты пікірі мен ұстанымын өзгертпей, бұл мәселе шешімін табады деп еш ойламаймын.
Майкл Манн, Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілдігінің баспасөз хатшысы:
– Иранның ядролық бағдарламасына халықаралық күмәннің бар екендігін алға тарта отырып, Иран осы мәселеде ашық жағдайда өзінің бейбіт бағытын танытуы тиіс. Бүгінгі Қазақстан жерінде жасалып отырған және бұған дейінгі ұсыныстар мейлінше баршамызға түсінікті деп есептеймін. Бұл жерде тек Иран тарабы аталмыш ұсыныстарға маңыз беріп, өздерінің ұстанымдарын жан-жақты тиімді мәнерге көшіреді деп үміттенеміз.
Өздеріңізге белгілі, былтыр осы тақырыпты терең қаузайтын үш кездесу болып, онда мәселенің күрделі тұстары сөз болған еді. Өткен жылдың маусым айынан бері осымен төртінші кездесу өткізіліп отыр және халықаралық ұйымдар мен алып державалар тарапынан көптеген ұсыныстар жасалып, талаптар қойылып жатыр. Сол кездесулер нәтижесінде белгілі бір дәрежеде нақты қадамдардың жасалып отырғанына куәміз. Дегенмен де, Иран өзінің ядролық бағдарламасына халықаралық қауымдастықтар келтіріп отырған алаңдаушылықтарды түсіністікпен қабылдап, әлемдік қауымдастық алдында барлық күмәнді сейілтеді деп сенеміз. Бұл бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе ретінде күн тәртібінде тұрғандығын жеткізер едім.
Мен Иранның қазіргі таңда Халықаралық қауіпсіздік кеңесінің қарарын бұзып отырғандығын жеткізер едім. Ядролық бағдарлама турасындағы әлемдік бейбіт түсінікті алға тарта отырып, біз бүгін қазақ жеріндегі осы кездесуде барлық түйткілді мәселелерге нүкте қоямыз деп сенемін.
«Иран мәселесі» жөнінде ілгерілеушіліктердің бар екендігін айтпай кетуге болмайды. Былтырғы Мәскеу келіссөздерінен кейін бұл тақырып жабық күйінде қалды деуге келмейді. Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Кэтрин Эштон мен Иранның Ұлттық қауіпсіздігі жоғары кеңесінің хатшысы Саид Джалили телефон арқылы сөйлесіп, кейінірек Ыстамбұлда да кездесті. Одан кейін де халықаралық деңгейдегі кездесулер өткізілді. Сондықтан да бұл жерде мәселенің нақты шешіміне қарай ілгерілеу бар екендігінде сөз жоқ.
Ресми өкілдердің мәліметін дайындаған
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».