Аймақтар • 08 Тамыз, 2019

Қостанайда «Сана серпіні» және «Жазба айтыс» онлайн-байқауларының жеңімпаздары марапатталды

304 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Облыстық ішкі саясат басқармасы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында айтылған ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатымен  34 жобаны іске асырды.

Қостанайда «Сана серпіні» және «Жазба айтыс» онлайн-байқауларының жеңімпаздары марапатталды

Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Рухани жаңғыру» жобалау кеңсесінде осы айтылған  жобалар аясында өткен байқауларда  үздік шыққандарды марапаттау рәсімі өтті. Аталған «Сана серпіні» және «Жазба айтыс» онлайн-байқауына өркениеттің үздік көрінісі – «Вконтакте» әлеуметтік желісі,  уатсап пайдаланылды. «Сана серпіні» үш кезеңнен тұрды. Алдымен әлеуметтік желілерге «ат әбзелдерін тап» деген тапсырмамен жіберілген сурет бойынша білгенін ат әбзелдері туралы қысқа да нұсқа  жазу керек болды. Одан кейін «Тобыл-Торғай өңірінің тарихи орындары» кезеңіне де жұртшылық  де қызу атысты. Үшінші «Көркейе бер, Қостанай» кезеңінде желі пайдаланушылары Қостанай қаласы туралы шағын эссе жазды. Қатысушылардың жазғанын 25 мың адам қарап, 150 пікір қалдырған. Ал айтысқа тек қостанайлықтар ғана емес, Ақмола, Қарағанды, Қызылорда облыстарынан да ақындар айтысты. Олардың барлығы уатсаптан алынып, облыстық газетте жарияланып тұрды.

Қазылар алқасының шешімімен «Сана серпіні» байқауында бірінші орынды жеңіп  алған Мейірбек Ысмағұлов ноутбукке ие болды. Екінші орынды алған Рыскүл Тасқынбаева смартфонды еншіледі. Ал үшінші орынға қол жеткізген Ботагөз Хамитке планшет тапсырылды.

«Жазба айтыста» бірінші орын   белгілі ақын Абылай  Мауданға берілді және 250 мыңның сертификаты қоса тапсырылды. Екінші орын арқалықтық ақын Батырлан Сағынтаев алып,   150 мың теңгенің сертификатына ие болды. Үшінші орынға тігілген 100 мың теңгені айтыскер ақын Тоба Өтепбаев пен  ақын, журналист Асылан Қанғожин бөліп алды.

Қостанай