2015 жылы солтүстік өңірлерде халықтың саны 2 млн 946 мың болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 2 млн 934 мыңға жетті. Яғни 2 жыл ішінде солтүстіктің халқы 12 мыңға адамға азайған. Ал оңтүстікте жағдай керісінше өріс алды. Онда тұрғындардың саны 2015 жылы 6 млн 564 мың адамды құраса, 2017 жылы халықтың саны 6 млн 750 мыңға жеткен. Екі жыл ішіндегі өсім – 186 мың адам. Ұлттық сарапшылардың жүргізген болжамы бойынша елімізде халық саны 2050 жылға қарай 24 млн 500 мың адамға жетуі ықтимал. Халық жоғарыдағы үрдіспен өсе берсе, солтүстік өңірлердің тұрғындары 900 мың адамға азайып, ал оңтүстік өңірлердегі тұрғындардың саны 5 млн 300 мың адамға көбеюі әбден мүмкін. Сондықтан ел тұрғындарының қоныстануды тепе-теңдігін сақтау маңызды мәселелердің бірі екені анық.
Солтүстікке көшкен халықтың қатары көбеюде
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша 3,5 жыл ішінде оңтүстіктен Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарына қоныс аударған халықтың саны 10 мыңнан асқан. «Биыл 4 мың азамат оңтүстіктен солтүстікке көшті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 10 мың адамға дейін жеткізуіміз керек. Үкімет қоныс аударушылардың отбасындағы әрбір азаматқа 88 мың теңгеден субсидия бөледі. Сонымен қатар бір жыл бойы үй жалдау және коммуналды қызмет төлемдері өтеледі», деді жақында Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев.
Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Көші-қон процестерін мониторингілеу басқармасының басшысы Дастан Айтқұловтың айтуынша, белгіленген төрт облысқа оңтүстіктен көшіп келген кісілер аталған көмектен бөлек «Еңбек» бағдарламасының барлық бағыты бойынша игілікке қол жеткізе алады. Яғни олар қысқамерзімді кәсіптік оқуға қатысу арқылы жұмысқа орналаса алады, шағын несие алып жеке кәсіпкерлікпен айналысады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон саясаты мен жұмыспен қамту бағдарламасын қатар жүргізеді. Мысалы, осы бағдарлама басталғалы оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысына 3639 адам келіп қоныс тепсе, Қостанай облысына 2016 жылы 19 отбасы (82 адам), 2017 жылы 30 отбасы (126 адам), 2018 жылы 197 отбасы (927 адам) көшіп барған. «2016-2018 жылдары көшіп келген 1135 адамның 419-ы жұмысқа орналастырылды. 30 адам жекеменшік шаруашылығын ашты.
Ал биыл жеті айда қоныс аударып келгендердің саны – 96 отбасы (443 адам). Олардың 137-сі жұмыспен қамтылса, 4-і жеке кәсіпкерлік ашты. Тағы 4 кісі «Бизнес бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік дағдыларына оқытылды», дейді Қостанай облысы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы Көші-қон бөлімінің бас маманы Бақыт Әбілхайырқызы.
Түркістан облысы Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылының тұрғыны, 6 баланың анасы Гүлчехра Сырманова Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданына қарасты Покровка ауылына 2016 жылы отбасымен көшіп барған. «Бізді аудан әкімдері өздері қарсы алып, көмектерін аямады. Үйімізге апта сайын бас сұғып, жағдайымызды сұрап отырды. Егетін картопқа дейін жеткізіп, қыста отын-сумен қамдады. Бізбен бірге көшіп келгендердің бәрінің тұрмыстық жағдайы жақсы. Бәрінің қорасы толған мал, астында көлік. Климатқа да үйреніп кеттік. Қазір өзім сүт қабылдау пунктінде зертханашы болып жұмыс істеймін. Келем деушілер көбейіп жатыр. Біздің ауылдың өзінен 10-нан аса отбасы көшіп келді. Кері көшіп кеткендер болған жоқ», дейді бүгінде жеке кәсібін ашуға кіріскен Гүлчехра Сырманова.
Мамлют ауданы әкімінің орынбасары Алмагүл Рамазанованың айтуынша, оңтүстіктен көшіп келген кісілердің арқасында Ленин, Бостандық сияқты ауылдардың мектептері сақталып қалған. «2017 жылы Қордайдан көшіп келген 17 отбасы жабылуға өкім шығып қойған Лениндегі аралас мектепті сақтап қалды. Қазір онда «Серпін» бағдарламасымен келген 3 мұғалім жұмыс істейді. 2016-2018 жылдар аралығында ауданымызға 73 отбасы көшіп келді. Биыл 47 отбасын көшіріп әкелуіміз керек. Жыл басынан бері 17 отбасы келді. Тағы 7 отбасы көшіп келуге дайындалып жатыр. Соның ішінде 9 отбасы мал шаруашылығы бойынша кәсіп ашпақ. Бір жігіт «Бизнес бастау» жобасы аясында грант алып, қаз өсіруді қолға алды. Ленинге көшіп келген 7 баласы бар көп балалы ана аяғы ауыр болғанына қарамастан «Бизнес бастау» бойынша курсқа қатысып, грант алғалы жатыр. Мамлют ауданында екі-ақ қазақ ауылы бар. Үй өте аз болғандықтан биылдан бастап жаңа баспаналар салынды. Мысалы, Покровкада жаңа алты үйге жөндеу жұмысы жүрсе, Бостандықта екі үй салу жоспарланған», дейді аудан әкімінің орынбасары. Бұл мәселені де сөз еткен бірінші вице-министр Е.Жылқыбаев: «Бағдарлама аясындағы қанатқақты жоба тұрғысында 3 млрд теңге Солтүстік Қазақстан облысына бөлінді. Осы орайда оңтүстік облыстардан қоныс аударатындар үшін 48 жалға берілетін тұрғын үй салу ескерілген», деген болатын.
Негізінде осы төрт облысқа жыл сайын арнайы квота бөлінеді. «Ең алғаш 2016 жылы 463 отбасыға квота белгіленген болатын. Сол жылы 196 отбасы көшіп барып квота алып, жоспардың 42,3%-ы орындалды. 2017 жылы квота 381 отбасыға белгіленіп, 408 отбасы көшірілді. Яғни, жоспар 107%-ға артығымен орындалды. Былтыр 7119 адамға квота бөлініп, 4872 адам оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударды. Ал биыл квота 7711 адамға белгіленген болатын. Алты айда көшіп-қонушылардың саны 2522-ге жетті», дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті Көші-қон процестерін мониторингілеу басқармасының басшысы Дастан Айтқұлов.
Қандастарымыз да қолдаудан қағыс қалмайды
Бұл бағдарламаның игілігін шетелден келген қандастарымыз да көріп жатыр. Тіпті олар үшін Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан бөлек Ақмола облысы да қарастырылған.
«Бағдарлама аясында оңтүстіктен солтүстікке көшіп-қонушыларға қандай жағдай жасалса, шетелден көшіп келген ағайындарға да сол мүмкіндік толығымен қарастырылған. Осы бойынша 2016-2018 жылдары солтүстікке қоныс тепкен оралмандардың саны – 8094. Ал биыл алты айда атажұртына қоныс аударған этностық қазақтың саны 6539-ға жетті. Оның 696-сы белгіленген бес облысқа қоныстанды. Негізінде биылға 2103 квота бөлінген болатын. Бұл туралы ақпарат оларға келуден бұрын өз елінде тұрып виза аларда және келген соң оралман мәртебесін берген кезде айтылуы тиіс. Бұдан бөлек Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Отандастар» қорындағы ақпарат орталығы арқылы да хабардар бола алады», дейді басқарма басшысы Дастан Айтқұлов.
Ақмола облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Бейсенбай Найкиннің айтуынша, былтырдан бері облыс аумағына көшіп келген қандастардың 75%-ы жұмысқа орналастырылыпты. «Облысымызға 2016 жылы 123 отбасы (489 адам), 2017 жылы 80 отбасы (295 адам), 2018 жылы 90 отбасы (305 адам) көшіп келді. Биыл жеті айда 82 отбасы (258 адам) келіп қоныстанды», дейді
Б.Найкин.
Әрине, өскен-өнген ортаны қиып, жат, беймәлім жерге қоныс аудару оңай емес. Бірақ жаңа қонысқа бет түзегендер еңбек еткен елге береке бітетінін біледі. Бұл да еңбек пен ерліктің берік байламы іспетті елге ел қосатын елеулі шешім. Сондықтан ел іргесін бүтіндеп, орта толтыратын ағайын қатары арта берсін!
Майгүл СҰЛТАН,
«Egemen Qazaqstan»